Үндістандағы ұшақ апатынан аман қалған жалғыз жолаушының жауабы

Үндістанда болған жантүршігерлік ұшақ апатынан 40 жастағы Вишваш Кумар Рамеш жалғыз аман қалды.
Қазіргі таңда бұл оқиға жайлы үндістандық БАҚ жарыса жазып жатыр.
Ұлыбритания азаматы Вишваш отбасымен қауышу үшін Үндістанға келген. Ол ағасы Аджай Кумар Рамешпен бірге елге оралу үшін Air India әуе компаниясының рейсіне отырған. Алайда олардың сапары қайғылы оқиғамен аяқталды — ұшақ көкке көтерілген соң небәрі 30 секунд өткенде қатты жарылыс болып, лайнер құлдилап барып жерге құлаған.
— Барлығы көзді ашып-жұмғанша болды. Ұшақ қатты сілкініп, артынша жарылыс орын алды. Есімді жиған кезде айналамда тек өлі денелер жатты. Қатты шошып кеттім. Қолымда отырғызу талоны ғана бар екен. Орнымнан атып тұрып, жанұшыра жүгірдім. Айналада ұшақтың бөлшектері шашылып жатты. Сол сәтте біреу қолымнан ұстап, жедел жәрдем көлігіне отырғызды. Содан кейін есімді ауруханада жидым, - дейді Вишваш Кумар Рамеш.

Апат салдарынан ағасы, 45 жастағы Аджай Кумар Рамеш көз жұмды. Ал Вишваш ауыр жарақаттармен ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлердің айтуынша, оның жағдайы ауыр, бірақ тұрақты.

Айта кетейік, апатқа ұшыраған ұшақ Үндістанның батысындағы Ахмадабад қаласынан ұшып шыққан. Бортта 242 адам болған, бастапқыда олардың барлығы қаза тапты деп хабарланған еді. Алайда кейінірек бір адамның — Вишваш Кумар Рамештің — тірі қалғаны анықталды.
Қазір апаттың нақты себебі анықталып жатыр. Ал Вишваштың аман қалуын көпшілік “ғажайып” деп бағалап отыр.
Сондай-ақ, Үндістанағы ұшақ апатында бір отбасы қаза тапты. Олар ерлі-зайыпты дәрігерлер Пратик Джоши мен Коми Вьяс және олардың үш баласы. Отбасының ұшақта түскен соңғы суреті желіде тарап кетті. Олар бұл фотоны туыстарына жолдаған екен.

Пратик Джоши Лондонда алты жыл тұрып, отбасын өзімен бірге алып кетпек болған. Ал оның жұбайы, дәрігер Коми Вьяс сапардан екі күн бұрын жұмысынан шығып, күйеуімен кетуге дайындалған. Алайда ұшақ апаты бір отбасының өмірін жалмады.
Отбасының соңғы селфиі бүтін халықтың қасірет символына айналды.