Үндістанның батысындағы ұшақ апатынан қаза тапқандар саны 279 адамға жетті

Air India әуе компаниясына тиесілі ұшақтың Ахмедабад қаласындағы апат орнына жедел жеткен полиция қызметкерлері 279 адамның мәйітін тапты. Бұл туралы AFP агенттігі құқық қорғау органдарына сілтеме жасап хабарлады. Қаза тапқандардың нақты саны ДНҚ арқылы сәйкестендіру рәсімі аяқталғаннан кейін белгілі болады.
Air India ұшағының апаты Үндістанның батысындағы Ахмедабад қаласында болды. 2025 жылғы 14 маусым күні таңертеңгі уақытта орын алған апаттан кейін іздеу-құтқару топтары 279 адамның мәйітін тапты. Бұған дейін 265 адамның көз жұмғаны хабарланған болатын.
Ұшақ апатының жай-жапсары
Boeing 787-8 Dreamliner ұшағы AI171 рейсімен Ахмедабадтан Лондонға бет алған. Алайда әуеге көтерілгеннен кейін небәрі бір минуттан соң, 190 метр (625 фут) биіктікте ұшақ жерге құлап түскен. Бортта 242 адам болған. Олардың қатарында Үндістан, Ұлыбритания, Португалия және Канада азаматтары болған. Сонымен қатар, ұшақта Гуджарат штатының бұрынғы губернаторы Виджай Рупани да болғаны хабарланды.
Апаттан тек бір адам – Ұлыбритания азаматы, 40 жастағы Вишваш Кумар Рамеш тірі қалған. Ол 11А орнында, апат орын алғанда шығуға арналған есіктің жанында отырған. Қазір ауруханада жатыр.
Ұшақ тұрғын үй орналасқан аймаққа құлаған. Нақтырақ айтқанда, дәрігерлерге арналған жатақхана ғимаратына соғылған. AFP агенттігінің жазуынша, апат салдарынан жерде жүрген кемінде 38 адам қаза тапқан.