Үндістанның Кашмир аймағында 3 адам туристерге оқ атқан

2025 жылғы 22 сәуірде Үндістанның Кашмир өңіріндегі әйгілі таулы курорт — Пахалгам маңында қарулы адамдар туристер тобына оқ атқан. AFP агенттігінің хабарлауынша, қаза тапқандар саны 24 адамға дейін жетуі мүмкін. Елдің телеарналары кемінде 20 адамның қаза тапқанын мәлімдеді. Нақты мәліметтер анықталуда.
Қанды оқиға Байсаран аймағында болған. Бұл жер теңіз деңгейінен биік, негізгі жолдардан оқшау орналасқан шалғай жайлау. Жергілікті жұрт бұл өңірді «Кашмирлік Швейцария» деп атайды. Болливуд фильмдерінің түсірілімдері жиі өтетін орын. Мұнда тек жаяу немесе атпен ғана жетуге болады.
Куәгерлердің айтуынша, оқиға кезінде жақын маңда болған жергілікті гид Вахид атыс дауысын ести сала көмекке ұмтылған. Ол бірнеше жараланған туристі өз атына мінгізіп қауіпсіз жерге жеткізген.
Indian Express басылымының дерегінше, шабуыл екі не үш адам тарапынан ұйымдастырылған. «Кашмир қарсылығы» атты топ бұл шабуылға жауапкершілікті өз мойнына алып, әлеуметтік желілерде аймақтағы демографиялық өзгерістерге қарсы екендерін мәлімдеген. Олардың айтуынша, бұл өзгерістер «сырттан келгендердің қоныстануынан» туындап отыр. Ұйым болашақта да «Кашмирде заңсыз қоныстанушыларға» қарсы күш қолданатынын ескерткен.
Бұл — 2025 жылы туристерге жасалған алғашқы шабуыл. Бұған дейін осындай жағдай 2024 жылдың мамыр айында болған, ол кезде Пахалгамда екі турист жараланған еді.
Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди шабуылды қатаң айыптап, Ішкі істер министрі Амит Шахқа өңірге шұғыл баруды тапсырды. Қазіргі таңда оқиға орнына армия мен полиция күштері жөнелтіліп, туристер эвакуациялануда. Қарулы топты ұстау операциясы жүргізіліп жатыр.