Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:01

Үнемдеу туралы ұран: Көрпеңе қарап кола іш, Айфоннан аяғыңды тарт!

Несие
Фото: Жас Алаш коллаж

Өткен апта Астанада үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп, шенділер қазынаның түбі көрінгенін айтып, халыққа қол жайды – салық-бюджет реформасы дегенді желеу етіп, қосымша құн салығын көтеруге бел буды.

 Бұл шешім инфляцияның өршуіне себеп болуы мүмкін. Мұны премьер-министр Олжас Бектенов те, оның орынбасары, экономика министрі Серік Жұманғарин де мойындап отыр. 

Ресми статистика да, мамандардың зерттеулері де елде бюджет тапшы екенін көрсетеді. Үкіметтің есебі бойынша, 2024 жылы республикалық бюджеттің шығысы кірісінен 3,6 трлн теңге асып түскен. Атап айтқанда, былтыр ел бюджетіне 19,6 трлн теңге кіріс кірсе, шығын мөлшері 23,1 трлн теңге болды. Оның үстіне кейінгі 3 жыл бойы бюджет тапшылығы үздіксіз артып келеді. Мысалы, 2022 жылы – 2,4, 2023 жылы – 3,1, 2024 жылы – 3,6 трлн теңге болды.

Бұл жағдай биыл да өзгермейді. 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасында 2025 жылы ел қазынасына 21,7 трлн теңге түсетіні, ал шығыс 25,8 трлн теңге болатыны жазылған. Яғни бюджет тапшылығы 4,1 трлн теңгеге жетеді. Демек билік тез арада табысты арттыруы керек немесе бюджетке салмақ салып тұрған кей шығынды қысқартуы қажет.

Неге шығын артып, табыс азайып барады? Жауапты органдар бірнеше себепті алға тартып отыр. 2024 жылы шетелден келетін импорт көлемі азайып, экспортқа шығатын негізгі металдар бағасы төмендеген. Осының әсерінен 602 ірі салық төлеушіден 267 млрд теңге кем жиналған.

Былтыр жергілікті бюджет шығыны 13 трлн теңгеге жетіпті. Мұндай үлкен сомаға көктемгі алапат су тасқыны әсер еткен болуы мүмкін. Бірақ су тасқынына дейін де үкімет бюджеттің тепе-теңдігін сақтай алмай отырған. Кейінгі жылдары елдің жалпы ішкі өнімі де, кірісі де, салық түсімі де төмендеп кеткені байқалады.

Бюджет тапшылығын үнемдеумен жеңе аламыз ба?

Астанадағы жиналыста президент Қасым-Жомарт Тоқаев шенділерге барлық салада жаппай үнемдеуге көшуді тапсырды. «Бюджет қаржысын тек қана аса өзекті мәселелерді шешуге жұмсау керек. Көрпеге қарай көсілетін уақыт келді. Орынсыз шығынды тоқтатып, аяғымызды тартып басу қажет».

Бірақ үнемдеу қалай жүретіні, үкімет бұл тапсырманы қалай орындайтыны белгісіз. Пайдасынан зияны көп жиналыстар мен форумдарды қысқартып, бюджет қаржысын оңды-солды шашуды тоқтата ма, сәнді сарайда отырып, қымбат көлік мінетін лауазымды тұлғалардың «комфортын» кеміте ме, әлде бір адам істейтін жұмыстың соңынан мыңы шұбырып жүрген мемлекеттік қызметкерлерді азайтып, жалақысы мен сыйақысынан қаға ма...

Бірақ «көрпеге қарай көсілу» деген сөздің халыққа емес, үкіметке қарата айтылғанын түсінбей жатқандар көп. Оның себебі, Үкімет отырысының тікелей эфирден көрсетілмегені, Тоқаев сөзінің үзінді-үзінді болып таралуынан деуге болады. Ақпаратқа қолы кешігіп жететін қоғамды қойшы, аздаған үзіндіні талғажау етуге үйренген, ең қызығы, кейбір Ақорда жаққа жақын жүргендер де ұқпай қалыпты, тіпті ет қызулықпен жұртты үнемшілдікке шақырып, ақыл айтқандар болды. Мысалы, мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев көпшілікті Iphone 14, 15, 16 сатып алмай, кока-кола ішіп, чипсы жемей, үнемдеуге шақырды. «Халық несие алмай, барынша үнемдеуге тырысу керек. «Аманат» партиясының жанында іске асып жатқан «қарызсыз қоғам» деген жобасы бар. Сол жерде түсіндіреміз» деп жауап берді ол журналистер сауалына (Айтпақшы, үнемдеуге арналған «Аманаттың» бұл жобасына қанша ақша бөлінді екен?).

Шамасы депутат халық емес, билік дағдарысқа ұшырағанын естен шығарып алған сияқты. Үнемдеу керек болса, ондай мысал Бейсенбаевтың айналасында да толып жатыр. Мамандар парламенттің екі палатадан тұрғанының өзін артық шығын деп санайды. Депутаттардың сән-салтанаты мен оларға жұмсалатын шығынның өзін қайта қараса артық етпейді. Сондай-ақ «қарызсыз қоғам» құрғысы келіп жүрген «Аманат» партиясының өзіне мәжіліске өткені үшін жыл сайын 7 млрд 206 млн теңге қаржы бөлінеді.

Біздің ел әлемге жаңа технологиясымен болмаса да, той тойлағыштығымен танылған. Түрлі президенттер форумы, діндер саммиті, министрлер конференциясы дегеннің талайын өткіздік. Көпшілікке көрсетер ештеңеміз болмаса да, ЭКСПО-ны да қабылдадық. Бұлардың пайдасы аз, зияны көп екеніне көзіміз әлдеқашан жеткен. Әрине, кейінгі жылдары мұндай жиын-той бұрынғыдай көп емес. Бірақ үйренген әдетті қою оңай ма, былтырдың өзінде электронды форум, цифрлық даму конференциясы сияқты бірнеше халықаралық бас қосудың куәсі болдық.

Үнемдеу режиміне шынымен көшсек, ең алдымен осы той-думанды тоқтататын шығармыз. Президент «көрпеге қарай көсілу керек» дегенді осымен үшінші рет айтып отыр. Алғаш 2022 жылы, Қаңтар оқиғасынан кейін, екінші рет былтырғы жолдауында үкіметті үнемшілдікке шақырды. Биыл тағы қайталап отыр. Бірақ алғашқы екі үндеуден кейін бюджетті оңды-солды шашпай, есеппен өмір сүре бастаған үкіметті көрген жоқпыз.

Билік «бүкіл шығын әлеуметтік салаға» кетіп жатыр деп, шыр-пыр болады. Айтпағы, бар табысымызды халыққа әлеуметтік көмек беруге, зейнетақы төлеуге жұмсап жатырмыз дегісі келеді. Бұл салаға жалпы бюджет шығынының былтыр 38 пайызы жұмсалғаны рас, биыл да 38 пайыз болмақ. Бірақ халықтың қамы – биліктің басты міндеті екенін ұмытпаған жөн. Егер үкімет бұл шығынды ауырсынса, барша жұртты жұмыспен қамтып, мемлекеттен әлеуметтік көмек алмайтындай бақуатты деңгейге жеткізуге күш салғаны жөн. Бірақ бұл қазірше қолдарынан келмейтіні анық. Демек әлеуметтік салаға бөлінетін 8-9 трлн теңгеден үнемдей алмаймыз.

Бюджеттің бүйірін тесетін басты себеп – қаржының тиімді жұмсалмай, желге ұшуы. Әдетте шенділер қит етсе миллиардтар мен триллиондар бөлуге әуес. Кез келген жұмысқа өз құнынан әлдеқайда артық ақша жұмсайды. Әсіресе жол жөндеу, көпір салу сияқты инфрақұрылым нысандарына келгенде бюджет бөлетіндер халықтың қазынасынан аямайды. Мысалы, Атырау облысында Жайық өзенінен өтетін 860 метр көпірді салуға 10 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсалған. Оның үстіне осынша қаржы жұмсалған көпірден 7 жылдан кейін ақау табылған.

Көп жағдайда бюджет қаржысын оңды-солды шашудың соңы сыбайлас жемқорлыққа себеп болып жатады. Мысалы, жақында антикор жол құрылысы барысында 1 200 жемқорлық дерегі анықталып, 11 млрд теңге талан-таражға түскенін хабарлады. Егер бөлінген қаржы бақылауға алынып, жемқорлықтың жолы жабылса, мемлекет үшін нағыз үнемдеу сол болар еді.

221 адамға – бір шенді, 950 мың адамға – бір министр

Бектенов үкіметі ҚҚС-ны 12-ден 20 пайызға көтеріп, қазынаға қосымша 3 трлн теңге түседі деп, есеп соғып отыр. Бірақ мемлекеттік қызметкерлерге жыл сайын бұдан көп ақы төлеп отырғанын ескермейді. Жақында қаржы министрі Мәди Тәкиев Қазақстанда жыл сайын мемлекеттік қызметкерлердің жалақысына бір триллион теңгеден аса қаржы жұмсалатынын айтқан. Бұл таза жалақының есебі. Оған мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор қызметкерлерінің сыйақысы мен марапаттарын қоссақ, ҚҚС-дан түскен сомадан асып түсері анық. Мысалы, 2023 жылы мемлекеттік басқару секторындағы жұмыскерлердің еңбегіне ақы төлеуге 3,1 трлн теңге жұмсалыпты.

Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлер мен мекемелер өте көп. Қазір 32 орталық мемлекеттік орган жұмыс істеп тұр. Атап айтқанда, елімізде 21 министрлік, 6 агенттік, бас прокуратура, жоғарғы есеп палата, ұлттық банк, Сот әкімшілігі және орталық сайлау комиссиясы бар. Сондай-ақ 20 жергілікті атқарушы орган (әкімдік) бар, оның үшеуі – республикалық маңызы бар қала, 17-сі – облыс.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің мәліметіне сенсек, 2024 жылы 1 қаңтардағы есеп бойынша еліміздегі мемлекеттік қызметшілердің саны – 90 583 адам. Былтыр жыл басында Қазақстан халқының жалпы саны 20 033 842 болғанын ескерсек, 221 азаматқа – бір мемлекеттік қызметкер, 953 мың тұрғынға – бір министрден тура келеді.

Штат саны бойынша қаржы министрлігі көш бастап тұр. Тәкиевтің қол астында қазір 14 327 адам еңбек етіп жатыр, ол тағы мыңнан аса адамды жұмысқа ала алады, өйткені жалпы штат саны 15 350 адамға арналған. Екінші орында денсаулық сақтау министрлігі тұр, онда 4 369 адам жұмыс істейді. Үздік үштікті ауыл шаруашылығы министрлігі түйіндеп тұр (3 259 қызметкер).

Ал әкімдіктер арасында Ерболат Досаевтың «жасағы» ең көп. Алматы әкімдігінде 1 165 мемлекеттік қызметкер бар. Астанада – 931, Шымкент қаласында – 690 қызметкер жұмыс істейді. Облыстар арасында Түркістан (3 633), Қостанай (3 187) және Ақмолада (3 068) әкімдік қызметкерлері көп.

Тоқаев 2019 жылғы алғашқы жолдауында 2024 жылға қарай мемлекеттік қызметкерлер санын 25 пайыз қысқартуды тапсырған. Бірақ бұл міндет те орындалған жоқ. 2019 жылы елде 98 700 адам мемлекеттік қызметте жұмыс істеген, қазір олардың саны 90 583 екенін айттық, яғни небәрі 8,8 пайыз қысқарған. Соған қарамастан қаржы министрі Мәди Тәкиев мемлекеттік қызметкерлер жетіспейді, олардың санын көбейту керек деп санайды. Демек жақын арада шенеуніктердің саны азаймайтын сияқты.

Салыстыру үшін айтсақ, 329 млн халқы бар АҚШ-та 15 министрлік қана бар. Ал АҚШ президенті әкімшілігінде небәрі 500 шенеунік жұмыс істейді. Швейцарияда министрлер кабинеті 7 министрліктен тұрады. Жапонияда да шенділер өте аз. Ең қызығы, аталған 3 мемлекет те өмір сүру сапасы бойынша әлемдегі үздік 20 елдің қатарына кіреді. Ал 21 министрлік пен 100 мыңға жуық мемлекеттік қызметкері бар Қазақстан бұл рейтингте 83 елдің ішінде 72-орында тұр.

Бар мәселе осынша қызметкерге жұмсалатын бюджет қаржысында болып тұр. Олардың жалақысы, сыйақысы, түрлі жеңілдіктер, тұрғын үй және қызметтік көлікпен қамту, іссапарлар, шетелге тәжірибеден өтуге жіберу – бәрі мемлекет қазынасына ауыр салмақ.

Тәкиев былтыр айына 1,5 миллион теңге жалақы алатынын айтқан. Әдетте мемлекеттік қызметкерлер бірыңғай шкала бойынша жалақы алады. 2023 жылы министрлер мен вице-министрлердің орташа жалақысы – 1 ​​млн 362,5 мың теңге болды. Ал орталық атқарушы органдар аппаратының басшылары орта есеппен – 1,2 млн, орталық атқарушы орган басшысы мен орынбасарлары – 1,1 млн, орталық атқарушы орган хатшылары – 1 млн, қала әкімдері – 929 мың теңге алған.

Бұл осыдан екі жыл бұрынғы статистика. Жалақы мөлшері қазір бұдан біршама жоғары болуы мүмкін (ашық ақпарат көздерінен таба алмадық). Бірақ бұл жердегі ең маңыздысы жалақы сомасы емес, қызметкерлердің санында болып тұр. Мысалы, 2023 жылы 1,36 млн теңге алатын министр мен вице-министрлер саны 334 адам болған. Ал мемлекеттік қызметкерлер арасында саны ең көбі – бас мамандар. Олар 43,8 мың адам.

Мемлекеттік қызметкерлер санын президент айтқандай 25 пайыз қысқарта алсақ, бюджетке де, бюрократияны азайтуға да тиімді болар еді. Өйткені шешім қабылдайтын шенділер қанша көп болса, белгілі тапсырманы орындау процесі сонша қиын болады. Оның үстіне шамамен 3 трлн теңгеден асатын шығын да қазынаға ауыр салмақ. Бірақ Тәкиев шенеуніктерді қысқартудың қажеті жоқ деп табандап тұр. Қаржы министрі қаржыны қалай үнемдеуді білмейтін сияқты.

Үнемдеу үшін де қазынада қаржы болу керек

Экономист, Ләззат Жанмолда:

Қазақстан экономикасы сыртқа шығаратын жер асты байлығымыздан түскен табысқа тәуелді екені белгілі ғой. 30 жылдан бері соған ғана арқа сүйеп отырмыз. Экономикамызды экспортқа шығатын сауда-саттыққа ғана байлап қойғанымыз қателік болды. Бұл тығырықтан шығатын жалғыз жол – ішкі экономиканы дамыту. Ол үшін халықтың барлығы жұмыспен қамтылып, елдің ішінде өндіріс болу керек. Басқаша айтқанда, елде өндіріс өркендеп, орта және шағын бизнес дамыса, күнделікті қажетті заттардың көбін өзіміз өндірсек, ауылға көңіл бөліп, өз өзімізді ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ете алатын жағдайға жетсек қана қаржы үнемдеп, ел экономикасын дамыта аламыз. Ал одан кейін артылған өнімді экспортқа шығарып, оның өзінде шикізат күйінде емес, өңдеп, дайын өнім күйінде сата алсақ, бүгінгідей бюджет тапшылығы да, басқа қиыншылық та болмас еді.

Қазір Қазақстанның сыртқы қарызы өте көбейіп кетті. Бұған әлемдегі түрлі жағдайлар да әсер етіп отыр. Оның үстінде еліміздегі жемқорлық мәселесі оңалар емес, көп жерде бармақ басты, көз қыстылық кездеседі. Шенділер қажеті аз жобаларға қаражат жұмсап, ал қажет жерге қаржыны дұрыс бөмейді. Бұл экономиканың дамуына кері әсер етеді. Осындай жағдайларға тосқауыл қою қажет. Шетелден қарыз алып немесе жер байлығымызды шикізат күйінде экспортқа шығару арқылы экономиканы дамыта алмаймыз. Яғни үнемдеу үшін де қазынада қаржы болу керек. Сол үшін бар қаржыны қажетті жерге жұмсап, жемқорлықтың алдын алып, сыртқы саудаға ғана сүйенген экономикадан арылуға күш салу қажет. Соның өзі үлкен жеңіс болмақ.

Қуаныш Қаппас