UNRWA: Израильдің Газаға шабуылы салдарынан 18 мың бала қаза тапты

Біріккен Ұлттар Ұйымының Фалестина босқындарына көмек көрсету агенттігі – UNRWA өкілдерінің мәліметінше, Израиль армиясы 2023 жылдың 7 қазанынан бері Газа секторында күн сайын бір сынып оқушысына тең бала өмірін қияды.
Бұл туралы агенттіктің Газа бойынша директоры Сэм Роуз мәлімдеді.
18 мыңнан астам бала қаза тапты
Газа билігінің ресми деректеріне сүйенсек, кейінгі тоғыз ай ішінде 18 мыңнан астам бала Израиль шабуылдарының құрбаны болған. Бұл – әскери жанжалдар тарихындағы ең ауыр көрсеткіштердің бірі саналады.
"Біз күн сайын бір балалар сыныбына тең адамды жоғалтып жатырмыз. Бұл – тек сандар ғана емес, бұл – әрбір бала — бір әлем, бір болашақ еді", – деді Сэм Роуз өзінің ресми мәлімдемесінде.
Соғыстың салдары тек қаза тапқандармен шектелмейді. UNRWA және Газа денсаулық сақтау органдарының дерегінше:
- 42 мың бала ата-анасының бірінен немесе екеуінен айырылған;
- 70 мыңға жуық бала аштық пен тамақ тапшылығынан зардап шегіп отыр;
- 4700 адамға ампутациялық ота жасалған, оның 18%-ы – балалар.
Бұған қоса, көптеген бала соғыстан тірі қалған күннің өзінде, үй-күйсіз, психологиялық жарақат және қауіпті эпидемиялар ортасында өмір сүруге мәжбүр.
UNRWA көмегі қысқарған
Гуманитарлық дағдарыс жағдайында жұмыс істеп жатқан UNRWA ұйымының өзі де қиындыққа тап болды. Бірнеше донор елдер ұйымның қаржысын тоқтатты немесе қысқартты. Бұл жағдай агенттіктің көмекті жеткізу мүмкіндігін күрделендіріп отыр.
Сэм Роуз пен БҰҰ өкілдері халықаралық қауымдастықты балаларға жасалып жатқан зорлықты тоқтатуға шақырды. Олар Израиль мен ХАМАС арасындағы қарулы қақтығыстың бірінші кезекте жазықсыз бейбіт тұрғындарға, әсіресе балаларға қауіп төндіріп жатқанын ескертті.