Үнсіздіктегі терең толғаныс
Болатхан Сырғабаев шығармашылығы туралы
Алыстаған сайын кербез тартып, биіктеп, биіктеген сайын түрленіп, тұлғаланып, қарағайы сап түзеп, қыраттары мен қырқалары қомданып, ажары арта түсетін кең өлкеге тек алыстан көз тастасаң ғана оның табиғи сұлулығы толық ашылады. Сол секілді, кейбір адамдардың өмірі де жаныңда жүріп еленбей, уақыт өткен сайын салмағы мен сәулесі жарқырай бастайды. Осы мақалада біз сонау алыс түкпірдегі Нарынқолда туып-өсіп, атақ пен даңққа ұмтылмай, өнерді өзінің тынысы мен болмысына айналдыра білген суретші Болатхан Исәділұлы Сырғабаев туралы сөз қозғамақпыз. Қарапайым еңбек иесі болғанымен, ішкі әлемі мен дүниетанымы тұрғысынан ол рухани аристократ еді.
Болатхан Сырғабаев 1951 жылдың 23 сәуірінде Алматы облысы Райымбек ауданына қарасты Нарынқол ауылында дүниеге келді. Ол бала күнінен-ақ Тянь-Шаньның биігі мен Хан Тәңірінің мәңгі мұзына көз тігіп өсті. Болатханның анасы Жәмиға ісмерлігімен елге танылған, шебер болған. Үйдің бүтін киім-кешегі сол кісінің қолынан өтетін: көйлек те, кәстөм де, тіпті көрпе мен жастықты да өзі пішіп, өзі тігетін. Түрлі-түсті маталардың жарасымы, өрнек пен сызықтың үйлесімі бала Болатханның көзіне ерте сіңді. Болашақ суретшінің таланты, анасының сұлулыққа деген талғамы мен бояу және өрнекке деген нәзік сезімі арқылы дарыса керек.
Ал әкесі Ұлы Отан соғысының ардагері Исәділ – Нарынқолдағы аудандық білім бөлімінде бас есепші қызметін атқарған. Үлгілі отбасы, тәртіп пен жауапкершілік Болатханның мінезін қалыптастырған әлеуметтік мектеп болды. 10 бала тәрбиеленген үлкен отбасыда Болатхан алтыншы бала еді.

Суретшінің балалық шағы Қазақстан тарихындағы аса күрделі әрі қарқынды өзгерістер кезеңімен тұспа-тұс келгенін де ескерген жөн. 1950 жылдардың басы – тың игеру басталып, ауыл шаруашылығы жаңа қарқынмен дамыған уақыт. Кеңес өкіметі үшін бұл жылдар елді қайта тұрғызу мен экономиканы нығайту дәуірі болса, ауыл үшін еңбек пен ұйымшылдықтың алтын кезеңі еді. Мал шаруашылығы негізгі тірек болып, арнайы колхоздар құрылып, гектарлап жер жыртылып, егіндік пен шабындық кеңейген шақ.
Осы қоғамдық өзгерістердің ықпалымен 1951 жылы әкесі Исәділдің қызмет орны ауысып, отбасы Жамбыл колхозына (ауылына) қоныстанады. Мұнда ол колхоздың бас бухгалтер қызметін атқарады. Болатхан 1-5 сынып аралығында осы ауылдағы орта мектепте оқып, өнерге деген алғашқы қадамдарын жасады. Мектеп табалдырығын аттаған күннен бастап-ақ сурет салуға деген бейімділігі айқын көрінді. Қоғамдық іске белсене араласа бастаған Болатхан, «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деген атаумен мектептегі тұрақты қабырға газетін дайындап, шағын ақпараттық-мәдени кеңістіктің авторына айналды.
Болатхан алтыншы сыныпта оқып жүрген кезінде отбасы қайтадан қоныс аударып, Кеген ауылына көшіп келеді. Бұл жер, оның әкесі, Исәділдің туған топырағы, әулеті тамыр тартқан атақоныс болатын. Болатханның бойындағы өнер ұшқыны да дәл осы кезеңде айқынырақ көріне бастайды. Кегендегі сыныптастарының ішінде ең жақын достары Қуанышбек пен Өкен болды. Олар оның өнерге деген икемін ерте аңғарып, әрдайым демеп, жігерлендіріп отырды. Сыныптасы Қуанышбек Жаңабаев бұл туралы өз естелігінде: «Жаратылысынан туа біткен тектілігі, еңбекқорлығы, әр нәрсені білуге деген ынта-жігері, сабаққа деген алғырлығы мен қағылездігі, сурет өнері мен музыка саласындағы сезімталдығы мен біліктілігі жағынан, жалғыз біздің сыныптың балалары емес, қатарлас басқа 3-сыныптардың ішінде де Болатқа тең келер ешкім болған жоқ. Ол шын мәнінде дарын иесі еді. Сол кездің өзінде оның аздаған суырыпсалма ақындығы болатын (әттең, дамытпады). Неше түрлі күлдіргі әңгімелердің майын тамызып айтатын, анекдоттар да көп білетін және оның көбісін өз ойынан шығаратын», – деп еске алады.
Жоғары сыныптарда оқып жүргенде Болатхан достарымен бірге аудан мекемелерінің, әсіресе рабкооптың әртүрлі мейрамдарға арналған (1 мамыр – Еңбекшілердің ынтымақ күні, 7 қараша – Ұлы Октябрь Социалистік Революциясы күні, Жаңа жыл) ұрандарын транспоранттарға жазып, азын-аулақ ақша немесе шай, кант, темекі, конфет, кызыл шарапты ақы ретінде алып, кішігірім табыс тауып жүрді. Табыстарына бастаңғы жасап, кыздарды киноға шақыратын қызықты шақты бастан кешіргенін оның достары әлі күнге айтып отырады.
1968 жылы Болатхан Кеген орта мектебін аяқтап, сол жылы-ақ өзі оқыған мектепке мұғалім болып орналасады. Келесі, 1969 жылдары КазПИ-ге (қазіргі Абай атындағы Қазақ педагогикалық университеті) сырттай математика факультетіне оқуға түсіп, 3 жылдан кейін оқуын аяқсыз қалдырады, себебі оның жүрегінде бейнелеу өнеріне деген қызығушылық тұнып тұрған-ды. Сол себепті де Болатхан 1972 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының көркемсурет факультетіне оқуға қайта түсті. Бұл тұс – аталмыш факультеттің ең гүлденген шағы еді. Мұнда ол кейіннен қазақ бейнелеу өнерінің мэтрлеріне айналған Ерболат Төлепбай мен Мағауия Аманжолов сынды дарынды жастармен қатар білім алды. Өнер ошағындағы педагогтардың қатарында бұл жылдары Суретшілер Одағын біршама жыл басқарған Байтұрсын Есжанұлы да бар болатын.
Институтта оқып жүрген Болатхан 1975 жылғы жазғы демалыс кезінде Тұйық ауылындағы мектепті көркемдеуге тапсырыс алады. Мектеп қабырғаларына сурет салып жүріп осы мектепте француз тілінен сабақ беретін Сарқыт есімді жас мұғаліммен танысады. Сарқыттың мінезі мен білімдарлығы, өнерге деген құрметі Болатханның жүрегіне жол тауып, бұл таныстық бірте-бірте шынайы сезімге ұласады. Нәтижесінде, 1976 жылы оқуын бітірісімен екі жас шаңырақ көтеріп, отбасылық өмір жолын бастайды.
1976 жылы ол институтты жоғары бағамен тәмамдап, суретшілік жолға түседі. Расында да Алматыда тұрып суретші болмау мүмкін емес еді. Себебі қалада құрылып жатқан суретшілер бірлестіктері мен жаңашыл көрмелердің қарқыны шығармашылыққа ынталы жас мамандарды қатты қызықтырды. Алайда дәл осы жылы әкесі дүниеден өтіп, оның ауылға оралуына тура келді. Себебі артында анасы мен кенже інісі Дүйсен ғана қалған болатын. Осылайша институтты аяқтаған Болатхан 1976 жылы Кеген ауылына оралып, сондағы №2 орыс мектебіне сызу және бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі болып қабылданады. Ал жұбайы Ө.Жаңабаев атындағы мектепке француз тілінің мұғалімі болып орналасады.
Жігерлі жас ұстаз ауылға жаңа серпін әкеліп, плакаттар жасап, мектеп шараларын көркемдік жағынан жаңаша деңгейге көтере бастады. Оның қолынан шыққан суреттер көп ұзамай аудан көлеміне танылып, 1978 жылы Орталық комсомол комитетінің «Мастер-умелец» белгісімен марапатталады.
Уақыт өте келе інісі Дүйсен шаңырақ көтеріп, отбасы кеңейген соң Болатхан тұрмыстық жағдайды жақсарту мақсатында Нарынқолға көшуге шешім қабылдайды. 1980 жылы жас мамандарға арналған мемлекеттік қолдаудың арқасында ол Нарынқолдан отбасына арнап үй алып (27.08.1980), О.Жандосов атындағы орта мектепке бейнелеу өнері және сызу пәнінің мұғалімі болып тағайындалады. Сөйтіп, өмірінің соңына дейін осы мектепте бейнелеу өнері пәнінен сабақ беріп, талай шәкірт тәрбиеледі.
1986-1987 жылдары ол оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқарды. 1991 жылы оған «Екінші дәрежелі», 1994 жылы «Бірінші санаттағы», ал 1996 жылы «Жоғарғы санаттағы» мұғалім атағы берілді. Сол жылы Жамбыл Жабаевтың 150 жылдық мерейтойына арналған аудандық көркемөнерпаздар байқауында дипломант атанды.
2002 жылы Болатхан аудан орталығында өткен оқушылар арасындағы бейнелеу өнері байқауына қазылар алқасының төрағасы ретінде шақырылады. Байқаудан оралып, үйіне келген соң тынығуға жатып, ертеңінде, 2002 жылдың 6 қазанында күтпеген жерден инсульт алып, келместің кемесіне мініп кете барды.
Оның «Мен жетпеген биіктерге балаларым жетсе екен» деген тілегінің орындалғанына бүгін толық көз жеткізуге болады: үлкен қызы Сандуғаш – филолог, Алмас Сырғабаев – бүгінде Алашқа танылған, әке жолын жалғаған суретші әрі дизайнер, Ақмарал – дәрігер, кенже ұлы осы жолдардың авторы мына мен Санжар Сырғабаев бейнелеу өнері мен өнертануды қатар меңгеруге талаптанып келемін. Немерелері де өнерге жақын өсіп, атасының жолын жалғауда.

Музыка
Болатханның қолтаңбасы (почерк) ерекше сұлу болған. Бұны біз суретшінің қолданған дәптерлерінен көре аламыз. Оның әсем жазуына қарап-ақ бойындағы музыкалық дарын сезілетіндей еді. Алты жасынан бастап Болатхан сурет салумен қатар музыкаға да қызығушылық танытқан. Әуенге деген сезімталдықтың арқасында ол сырнай, аккордеон, баян, пианино, соқпалы аспаптар және домбыра секілді бірнеше музыкалық аспаптарды өздігінен меңгеріп шыққан.
Достары да естеліктерінде: «Болаттың үйретуімен халық әндері «Шәпибай-ау», «Сырымбет», «Сұрша қыз», «Назқоңыр», «Исаның желдірмесі», Украинаның «Черемшинасы», т.б. Мүсілім Магомаевтың, Ермек Серкебаевтың, Эдита Пьеханың, Эдуард Хильдың айтатын өлеңдерін жатқа айтушы едік. Болат мектептегі көркемөнерпаздар үйірмесінің мүшесі, баянда сүйемелдеуші ретінде үлкен аудандық концерттерге қатысатын», – дейді.
Жұбайы болса оның музыкаға жақындығы жайлы: «Жұмыстан шаршап келген кездері Болат қолына баян алып, түрлі халық әндерін нақышына келтіре орындайтын», – деп еске алады.
Ұстаздық жылдар
Болатхан Сырғабаев сабақ процесін шынайы шығармашылық кеңістікке айналдыратын. Ол мектепте қолданылатын көрнекіліктердің басым бөлігін өзі жасайтын. Түрлі пәндерге арналған плакаттар, буклеттер, кестелер, ребустар, оқу материалдары – барлығы дерлік оның қолынан шығатын. Сонымен қатар Болатхан мектеп бітіруші түлектерге арнап, әрқайсысының мінезі мен болмысына лайық өлең шумақтарын жазып беретін, олардың бірқатары әлі күнге дейін сақталған. Оның ұстаздық еңбегі мен ұйымдастырушылық қабілеті еленіп, аудандық «Жыл ауданы», «Жыл мектебі-96» байқауларында жеңімпаз атанып та жүрді.
Спортта да белсенділік танытқан ол футбол, волейбол, баскетбол және үстел теннисі секілді бірнеше спорт түрін кәсіби деңгейге жуық шеберлікпен меңгерген-ді. Ойын барысында тактикалық жағдайларды шебер пайдаланып, аудан көлемінде аты белгілі спортшы атанып та үлгерді.
Мектепте қызмет етіп жүріп білім ордасының акт залын, оқу кабинеттерін, тіпті мұғалімдер бөлмесіндегі жиһаздардың сызбасын өзі дайындап, қолымен құрастырып бергенін ұстаздар әлі күнге дейін ризашылықпен еске алады.
Оның таңдап киген кәстөмдерінің түстері ақшыл сұр, ашық реңктерде болатын. Ал қалтасынан ешқашан қарындаш түспейтін – ойына келген бейнені дереу қағазға түсіріп қалуға дайын жүретін әдеті еді. Импровизациялық қабілетінің жоғары болуы себепті, оның көптеген жұмыстары кенепте емес, дәл сол сәтте қолына түскен қағаз, ватман, тіпті дәптер парақтарында дүниеге келетін. Сондықтан да шебердің шығармаларының едәуір бөлігі құжатталмай, каталогталмай, уақыт ағымында жекелеген кісілердің қолында немесе тұрмыстық ортада жоғалып кеткен. Біз іздестірген еңбектер арасында арнайы экспозицияға жетпей қалған, сол кезеңде архивке рәсімделмеген көптеген портреттер бар екенін білдік. Біз әзірге арнайы тапсырыспен салынған екі жұптың – ұстаз әріптестерінің «Ғали мен Гүлшараның» портретін ғана таба алдық. Бұл картинада суретші бет-әлпетке әдейі жасылдау суық реңк енгізеді. Жасыл түсті қолдану арқылы ол тері астындағы қан айналымын, тірі еттің табиғи «суығын» көрсетіп, жарық пен көлеңкенің нәзік рефлекстерін жеткізеді. Аралас техникада орындалған бұл жұмыс бояулардың бірнеше мөлдір қабаттарының арақатынасының арқасында бірте-бірте терең пластикаға айналады. Автор түс үйлесімі мен жұмсақ колорит арқылы бейнелерді ерекшелеп, өзіндік атмосфералы стиль таба алған.

Болатханның портреті
«Оның қылқаламынан ауылдың, ұлттық болмысымыздың керемет көріністері самалдай есетін», – дейді ол туралы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының ұстазы және Болатханның досы, суретші Асылбек Губашев. Бірі қалада, бірі ауылда тұрса да, екі суретшінің шығармашылық байланысы үзілген емес. Губашев бір кездері арнайы Нарынқолға келіп, екеуі бірге этюдтер жазуға тауға шығатын. Себебі Нарынқолдағы Тәңіртаудың зәулім белестері, алқара аспанымен астасқан асқар шыңдары ежелден-ақ суретшілер мен саяхатшыларды өзіне тартқан. «Барлық жолдар Римге апарады» демекші, суретшілердің жолдары Нарынқол мен Кегенге жиі түсетін. Кезінде атақты Салихитдин Айтбаев пен Бахтияр Табиев те осы өңірлерге этюдтерге жиі шыққаны белгілі.
Осындай шығармашылық сапарлардың бірінде Губашев Болатханның портретін салды. Қарапайым қарындашпен салынған бұл бейнеде суретші кейіпкердің тыныш әрі терең дүниесін ашып көрсеткісі келді. Портретте нағыз суретші, ол кітап не газет оқу үстінде. Бұл жұмыс Болатханның жүрегінде жарық та, мұң да қатар жүргенін сездіреді. Суретте әрдайым жылы жүзімен айналасына қуат сыйлайтын, бірақ өз жан дүниесін ешкімге ашып үлгермеген адамның бейнесін көретіндейміз.
Портреттегі адамның отырысы қалыпты ракурста емес. Суретшілер мұндай бұрышты сирек қолданады, себебі бұл ракурста портреттік ұқсастықтан гөрі адамның ішкі психологиялық күйін ашу басты мақсатқа айналады. Үнсіздіктегі терең толғаныс, ішке үңілген күй – Болатханның болмысын дәл ашып тұр. Жүзіндегі сабырлық пен мұңлы жинақылық оның ішкі дүниесі бай адам екенін аңғартады.
Санжар Сырғабаев
суретші-өнертанушы