Уранды өзіміз байытпай, АЭС арзанға түспейді
Саябек Қуанышбекұлы, ҚР Ядролық физика институтының директоры, ҚазҰЖҒА академигі
Үлкендегі шудан соң көп ұзамай АЭС салуға байланысты бүкілхалықтық референдум өтетіні хабарланды. Қашан екені әлі нақтыланбаса да, орталық сайлау комиссиясы референдумға дайын екенін мәлімдеген болатын. Ал халықтың АЭС туралы таным-білімі қандай деңгейде? «Атом» деген атынан қорқып, орынды-орынсыз аргументтермен қарсылық танытып жүрген «белсенділер» нысанның құрылысы, мақсат-мүддесінен, техникалық ерекшеліктері мен мүмкіншіліктерінен, зиян тұстарынан қаншалықты хабардар? Әрі ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да қарқынды жүргізіліп жатыр деп айта алмаймыз. Бұлай жалғаса берсе көпшілік «айғайлағандардың» сөзіне сеніп таңдау жасайтын секілді. Бұл орайда, кез келген нәрсені өз маманынан сұрап білген жөн. «Жас Алаш» осы мақсатта ҚР Ядролық физика институтының директоры, ҚазҰЖҒА академигі Саябек Қуанышбекұлына арнайы барып, тілдесіп қайтқан болатын.
– Саябек мырза, қазір Қазақстандағы энергия тапшылығы қандай деңгейде? Жаңа энергия көздерін белсенді түрде іздеу қашаннан басталды? АЭС-тің өзектілігінің артуына не себеп?
– Кезінде кеңестер одағында қалыптасқан жүйе бойынша өндіріс ошақтары мен кәсіпорындар фрагментацияланып, жан-жақа бөлінді. Сол саясаттың әсерін әлі де көріп отырмыз. Мәселен, оңтүстік аймақтардағы Қызылорда, Шымкент, Жамбыл, Алматы Өзбекстанның газына тікелей тәуелді. Электр энергиясында Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Қазақстан тағы бірге. Ал шығыс, солтүстік аймақтар Ресейге бағынышты. Батыс болса Ресейдің басқа бөлігіне қарап отыр. Демек, бізде электр энергиясының жетіспеушілігі әрдайым болған. Ал бүгінде сұраныстың артуына байланысты қажеттілік те өсіп отыр. Әрине, өз жүйеміз де жоқ емес. Сол біз өндіретін энергияның 78 пайызын көмір құрап келді. Баламалы энергия көздеріне келер болсақ, олар салыстырмалы түрде тиімсіз. Бұл орайда электр энергиясының өндірістік түрімен қамтамасыз ете алатын тек атом электр станциялары. Әрі ол жасыл энергия түрі. Себебі АЭС-тен ауаға зиянды газдар бөлінбейді. Салыстырар болсақ, 1 тонна уран жағу арқылы алынатын атом энергиясы 10 миллион тонна көмір жаққанмен тең. Осыдан-ақ біле беріңіз.
АЭС-тегі қауіп тудыруы мүмкін жалғыз нәрсе – радиация. Өйткені отынның қалдықтары 28 мың жылға дейін сәулеленіп жатады. Оның ішінде цезий сынды жарықтанып шығатын элементтер бар. Бірақ ажырата білген жөн, бұл радиация атом бомбасынан шығатын радиациядан мүлде бөлек. Қараңыз, уран табиғатта 0,7 пайыздық күйде кездеседі. Ал атом бомбасын жасау үшін уран-235 байытылып, кем дегенде 95 пайызға дейін жеткізіледі. Сонда ғана атом бомбасы пайда болады. Сол кезде ғана ол өте үлкен күшпен жарылып, айналаны күйретіп жібереді. Ал АЭС отыны үшін 2,5-4 пайыз байытылса да жеткілікті. Одан артығы қолданылмайды. Көпшілік уранның табиғаты бір болған соң радиация мен бомбаны осылай шатастырып жатады. Ол халықтың санасындағы Семей полигонынан қалған фобия. Мысалы, қазандық қайнап-қайнап, техногендік қате орын алып, жарылыс болған күннің өзінде, ол жерден шығатын радиация мен атом бомбасынан шығатын радиацияның жайылуы екі бөлек. Яғни қадап айтатын бір нәрсе, АЭС атом бомбасы секілді жарылады деуге мүлде негіз жоқ. Ол мүмкін емес.
Бұл радиацияның өзі де болашақта болмауы мүмкін. Олай дейтінім, Бельгияда MYPRHAаттыАЭС реакторы бар. Оған астынан протондардың үдеткішін қосып қойған. Сол арқылы жылдам нейтрондар АЭС-тен қалған қалдықтарды өртеп жібереді. Мұндай жағдайда радиация 28 мың жыл емес, әрі кетсе 280-300 жыл жатады. Демек, зиянды қалдықтардың сақталу мерзімін 100 есеге дейін қысқартуға мүмкіндік бар. Қазіргі таңда аталған жоба зерттеліп, дайындалып жатыр. Оған біздің Ядролық физика институты да ғылыми үлесін қосып келеді.
– Сөзіңізде баламалы энергия көздерінің тиімділігі АЭС-тен төмен дедіңіз. Ал ел-жұрт бұл туралы сөз болса бітті экологиялық альтернативалар бар дегенді айта жөнеледі. Жел, күн энергиясы АЭС-тен несімен кенже қалып тұр, тарқатып беріңізші.
– Алдымен жел энергиясынан бастайық. Ол бәріміз білетін үш қалақшаның айналуы арқылы энергия береді. Бұл үш қалақша жеңіл болуы керек әрі морт сынбайтындай композиттік материалдан жасалуы шарт. Қазіргі таңда жел энергетикасы бойынша әлемнің алдына түскен Қытай. Онда желден энергия алатын нысандар көп. Бірақ көріп отырғанымыздай, қалақшаның біреуі сынса, үшеуін бірақ ауыстыруға тура келеді. Ал композиттік материалды алып, қайта өңдеп, қалақша жасау үшін жұмсалатын энергия сол бір құрылғы өндіре алатын энергиядан әлдеқайда көп. Яғни өзін-өзі ақтамайды, тиімсіз. Одан бөлек, қалақша айналған кезде 4 децибел төңірегінде шу шығарады. Ол биосфераға, жан-жануарлар мен өсімдіктерге зиян. Бұлай үздіксіз жалғаса берсе, бір ағаш та қалмайтын болады. Енді мұны экологиялық деп атауға бола ма екен? Жел энергетикасының жалғыз артықшылығы – отын жақпайтындығында ғана.
Тура сол секілді күн сәулесі арқылы энергия алу да оңай әрі тиімді болып көрінуі мүмкін. Жай ғана қойып қоясың, болды дегендей. Бірақ күн батареяларын жасау үшін силициумның, яғни кремнийдің таза монокристалы керек. Мысалы, алтынның ең таза, қымбаты 999 пробалы түрі. Яғни 1000 атомның 999-ы алтын деген сөз. Ал күннен энергия алатын құрылғы жасау үшін 10000 атомының 9999-ы таза кремний болуы тиіс. Бұл өз кезегінде өте-өте күрделі технология. Сонда тек таза кремний алудың құны қанша екенін есептей беріңіз. Әлбетте, қойып қойсаң ол да энергия берері сөзсіз. Алайда бір АЭС беретін энергияны өндіру үшін қанша ауданға, неше батарея керек? Сондай-ақ күн батареялары 5 жылға жараса, АЭС 100 жылға дейін жарайды. Әрі күн құрылғылары ескірген сайын аз энергия беретін болады, яғни уақытқа төзімділігі төмен. Тіпті бетін бір милиметр шаң басса да, ол алынатын энергияның көлемін едәуір азайтады.
Ал біз электр энергиясын там-тұмдап теріп, жан-жақтан жинап отыра алмаймыз. Өйткені халық саны өсіп жатыр. Электр энергиясына қажеттілік күн санап артып келеді. Қарапайым ғана мысал, сіз дыбыстық хабарламаны жазасыз, телефон сақтайды, жібереді, оны екінші біреу қабылдайды, сақтайды, тыңдайды. Осы алты операцияға, бір минуттық сөзіңізге 1 литр су қайнатуға болады. Яғни біз жай ғана дыбыстық хабарлама жіберу үшін ғана күніне қаншама энергияны жұмсап отырмыз. Одан бөлек те күнделікті өмір салтының бәрі дерлік электрді қажет етеді. Міне, сондықтан аз энергия беретін нұсқаларды таңдай алмаймыз. Ал біздің экологтар бекер шулайды. Көбі мән-жайға қанық болмай жатып, неше түрліні айтады. АЭС десе бәрі АЭС-тің маманы болып шыға келеді. Ал қасындағы қарапайым мәселелерге келгенде көзсіз соқыр, құлақсыз мылқау болып қалады. Мәселен, Қазақстанның қай қаласы болмасын, көлік жуу орталықтары өте көп. Сол көлікті қандай сумен жуып жатыр? Ауыз сумен. Осыны неге ешбір эколог көтермейді? Егер Еуропаға барып, көлігіңді бір шелек таза суға жусаң, айыппұл салып немесе 30 күнге қамап қояды. Енді қайталамайтындай боласың. Ал бізде бір көлікті жуудың өзіне қаншама литр ауыз су кетіп жатыр. Су тапшылығы әлемдік проблемаға айналып отырған шақта біз қолдап, болашақ ұрпақтың аузынан жырып отырмыз.
– Ал АЭС жобасы қандай алгоритм негізінде орындалады? Дайын өнімнің өзіндік құны қалай болмақ?
– Ең алдымен орын таңдалады. Өздеріңізге мәлім, алғашында Маңғыстау мен Курчатов мүмкін нұсқалардың тізімінде болды. Алайда Маңғыстауда халық аз, энергияға сұраныс Алматымен салыстырғанда төменірек. Курчатов та дәл солай. Яғни қажеттілік Алматы аумағында жоғары. Осыны ескере отырып, Үлкен ауылы таңдалды. Бір жағынан Үлкен ауылына қатысты бұрынғы зерттеулер бар. Ашығын айтқанда, зерттеу жұмыстары да ақша ғой. Сол себептен қаржыны үнемдеу мақсатында дайын материалдар қолданылып отыр. Орын таңдалды делік, енді сол жерден ғимараттарды салуға бөлек-бөлек 3 локация қаралады. Баса мән берілетін факторлар: топырақ, жол, инфрақұрылым. Ал желдің бағытына аса назар аударылмайды. Осы орайда біз солтүстік жарты шарда тұрғандықтан, күн шығыстан шығып, батыстан батпайды. Сондықтан реактор күн азырақ түсетін оңтүстік-батысқа орналасуы керек. Яғни ғимарат күн түсіп, қыздырылатын жаққа емес, көлеңкелі аумаққа салынуы тиіс. Осының бәрі есептеліп, анықталған соң жобаны кім, қалай қаржыландырады деген сұраққа келіп жетеміз. Жалпы қаржыландыру мен отын энергияның өзіндік құнына әсер ететін аса маңызды факторлар. Отынға қатысты Қазақстанның өз позициясы бар. Шарт бойынша бірінші кезеңде отынды құрылысты жеңіп алған компания өзі әкеледі. Ал келесі кезеңнен бастап Қазақстанда жасалсын деп отырмыз. Ол өзімізге жақсы, біреуден сатып алып отырғаннан гөрі арзан түседі. Осы жерде «неге біріншісінен бастап-ақ өз отынымызды пайдаланбасқа?» деген заңды сұрақ туындауы мүмкін. Себебі нысанды салып отырған компания өз отынын жағып, реактордың жұмыс істейтінін дәлелдеп, кепілдігімен тапсыруы керек. Қазір біреулер келісіп жатыр, біреулер келіспейміз, тек біздікін ал деп жатыр.
Құрылыс аяқталып, отын тапсақ, келесі мәселе радиациялық қалдықтар. Жоспар бойынша біз қалдықтардың бәрін өзіміздің елде көмеміз. Орындары да анықталып қойған болуы керек. Оның да өз шарттары бар. Мәселен, қалдық қазандықтан шыққанда бойында екі түрлі энергия болады. Біріншісі – жылу, екіншісі – радиация. Аталған жылу энергиясы төмендегеннен кейін ғана тасымал жасауға болады. Ол үшін қалдық біразға дейін суда тұрып, энергиясын бәсеңдетіп алуы керек. Былайша айтқанда, ашуын басады. Содан соң ғана өзіндік жаңа технологиямен көміледі. Мұны Қазақстан игеріп алды, қиындық жоқ. Қалдық қаншалықты көлемде болады деген сауалға келсек, АЭС-тен шығатын қалдықтардың өлшем бірлігі тонна. 1 тонна отынның 80 пайызы қалдыққа айналады. Оны жаңа айтқанымдай, сәуле шықпайтын арнайы бетондармен қаптап, орын қазып, көмеді. Қалдықтарды тасымалдауға, ұзақмерзімді сақтауға да қаржы жұмсалатындықтан, бұл да өзіндік құнға әсер етеді. Яғни өзіндік құн көп параметрлік есеп арқылы анықталады. Айта кетерлік тағы бір нәрсе, кез келген АЭС өнімінің өзіндік құнының 8 пайызы құбырлардың бүтіндігін, пісіру сапасын бақылауға жұмсалады.
Және АЭС салған соң ол жерде міндетті түрде өндіріс орындары ашылуы керек. Себебі адамдар түнде ұйықтайды, шамдар сөндіріледі. Бірақ АЭС 24 сағат жұмыс істейді. Сол үшін күндіз-түні энергия алып тұратын өндіріс орындары қажет, бұл – қосымша табыс пен жаңа жұмыс орындары пайда болады деген сөз.
Бас-аяғы осылай, АЭС салуға болады. Бірақ халық Фукусиманы, Чернобыльды айтып, қорқып жатады. Алайда ұмытпау керек, бұл екеуі де бір контурлы реактормен жұмыс істеген. Ал біздің жобалап отырған АЭС екі контурлы. Әрі апат болғандардың бірі де су-су реакторы емес. Су-су реакторлары алғаш рет АҚШ-та 1957 жылы тіркелсе, содан бері оқыс жағдай, залал келтірген оқиғалар мүлде тіркелмеген. Сондықтан АЭС-тен білмей жатып қорқу дұрыс емес. Қазіргі заманда кімде барынша экологиялық, арзан энергия бар, сол қожа. Әлбетте, осы ғасырда ол – АЭС. Ал болашақта, келер ғасырларда термоядролық синтез энергия көздері алға шығатын секілді.
– Қоғам тарапынан «АЭС салынса Балқаш өлі көлге айналып, Аралдың кебін кешеді» деген пікір аз айтылып жатқан жоқ. Осы орайда, АЭС-тің Балқаштың суына қатысы, әсері қандай?
– АЭС салынса, оның Балқашқа еш қатысы болмайды. Адамдар білмей тұрып неше түрліні айтады, онымен қоймай, елді адастырады. Біз салғалы отырған су-су реакторының екі контурында да су болады. Бұл қазандыққа керекті көлемдегі суын құйып қойсаң, ол 100 жыл болсын тұра береді. Ал оның жұмыс принципі былай: бірінші контурдағы ядролар энергияны бойына алып, екінші контурдағы суды қыздырады да, нәтижесінде электр энергиясы алынады. Яғни су екі контур арасындағы тасымалдаушы. Бұрын бұл суды салқындату үшін градирня деген құрылғы қойылатын. Одан бу шығатын. Алайда айтып отырғанымыз бұрынғы заманның технологиясы. Ал қазір екі контурға қосымша тағы бір суытқыш қойып, бір тамшы сусыз-ақ салқындату процесін жүргізе беруге болады. Әрине, ол тоқ жейді. Есесіне, Балқаштың суына мүлде тиіспейді. Мәселен, 60-70 жылдардағы көліктерде салқындатқыш кондиционер болған жоқ қой, олар терезені ашатын. Ал қазір кондиционер бар. Сол секілді орнында тоқтап тұрған ештеңе жоқ, орнында тоқтап тұрған тек қазақстандықтар...
Су қолданылатын екінші жағдай бар. Жоғарыда қалдықта жылу және радиация болады деп айттық. Жылу кетпейінше, қалдықты суда ұстайды дедік. Сәйкесінше, ол су да бір толтырып қойсаң тұра береді. Келесі ретте де пайдаланыла береді. Тек буланған судың үлесін ғана толықтырып отырамыз. Булану да адам қорқып қашатын көп көлемде емес. АЭС-те 2 мың адам жұмыс істесе, бұл солар тұтынатын судан да аз шығын келтіреді.
Әрі Балқашқа қалдық төгеді деген де қауесет. Білмегендер айтып жүрген жаңылыс сөз. Одан бөлек, халық арасында құрылыс жемқорлық әсерінен нашар болады деген үрей де бар екен. Бұған айтарым, құрылысты кім жеңіп алса, сол нысанды толығымен өзі салады. Олар өзінің технологиясын қойғандықтан, беделдері үшін сапалы жұмыс жүргізеді. Себебі компания бір объектіні дұрыс салмаса, барлық тізімнен сызылады.
– Отын мәселесіне келейікші...
– Отын циклі уранды өндіруден басталады. Әлем бойынша алдыңғы қатардамыз деп мақтана береміз. Бірақ уранымызды шикізат түрінде су тегін сатып отырмыз ғой. Жердің астынан алу бөлек, бізге технологиялық жүйенің басын құрау қажет. Ол үшін ең әуелі уран-235 өз жерімізде байытылуы керек. Бұл іспен айналысатын елдер саусақпен санарлық. Мәселен, біздегі зерттеу реакторы 2016 жылдан бастап аз байытылған уранға көшті. Бұрын 40 пайыздық болса, қазір 20 пайыз. Оны байытып, дайындап берген Ресей. Ал бүгінгі таңда көптеген елдер Ресейге тәуелділіктен құтылу үшін басқа да көздер іздестіруде. Бұл мәселе соңғы жолдауда да көтерілді. Президент конверсия және уранды байыту ісін қолға алу туралы айтты. Осыдан соң үкімет жұмысты бастап, уранды өз елімізде байытудың жолы қарастырылып жатқан болар деп үміттенемін. Егер, болашақта расымен уранды өзіміз байытар болсақ, онда толық цикл пайда болады. Дегенмен дәл қазір өндірісті бастап кеткен күннің өзінде АЭС салынғанға дейін ештеңеге үлгермейміз. Себебі бұл көп уақыт алатын күрделі дүние. Ал байытылған уранды отынға айналдыру тағы бөлек шаруа. Қазір біз отынды Үлбі металлургиялық зауытында дайындап отырмыз. Онда қытайлық техника, француздық технология үлгісінде отын жасалады. Десек те ескілеу екенін жоққа шығара алмаймыз. Өйткені жаңа технологиясымен ешкім бөліскісі келмейді. Мейлі, жаманды-жақсы құрастырып, бұл этапты, яғни байытылған ураннан отын жасауды Қазақстанда жүргізуге болады.
– Салынғалы отырған АЭС елдегі қажеттіліктің қанша пайызын жабады деп күтілуде?
– Министрлік мәліметінше, 2 блок 2035 жылы энергия берсе, қазіргі қажеттіліктің 10 пайызын ғана жабады. Ар жағындағы қажеттіліктер тағы бар. Соның өзіне у-шу қылып жүрміз. Мысалы, мен биотехнология саласын ұға бермеймін. Бірақ керек жағдайда арнайы әдебиеттерді оқып, ізденемін. Немесе ең төте жолы осы деп, маманнан сұраймын. Түсінбесең сұра, бірақ мен түсінбеймін, сондықтан келіспеймін деуге болмайды. Экологияны ойласақ, түптеп келгенде жылқы мініп, телефонсыз, жарықсыз өмір сүретін едік.
– Үлкенде өткен жария тыңдалымнан байқағанымыз, халық АЭС-тен емес, АЭС-ті Ресей салады дегеннен шошып отыр. Шорт-листтегі басқа үміткерлердің мүмкіндігін қалай бағалайсыз?
– Саяси турбуленттілікке байланысты халықтың Ресейге сенімі аз. Ол жасырын емес. Егер, Қытай десе тағы шулайды. Ал кәрістермен логистика жағы қиын. Өйткені алып қазандықтар мен ауыр техникаларды жеткізу үлкен мәселе. Тасимын дей қалса, Ресей мен Қытай қалайда жолын жабады. Әлбетте, олар бәсекелестеріне жолды ашып беріп, қарап отырмайды. Сонда қай жақтан әкеледі? Иран арқылы ма, Капсий теңізімен бе? Волга-Дон каналы десек тағы Ресей. Бұл түптеп келгенде саяси мәселе. Әрі кәрістердің бағасы басқаларымен салыстырғанда 5 есеге дейін қымбат болады. Франция тіптен көп қаражат сұрайды. Француздардың және бір кемшілігі – олар жобаларын үнемі кешіктіріп аяқтайды. Құрылысты өз мерзімімен тапсырған мысалдары аздау. Ресейге келсек, олардың тәжірибесі мол. Қазір әлем бойынша ең көп салып жатқан осы – Росатом. Саясатты алып тастап, таза технологиясын қарасақ, сапалы, жақсы. Бірақ қоғамның көзқарасын көріп отырмыз. Негізінен, жан-жаққа жалтақтамай, өзімізге-өзіміз АЭС салатын әл-ауқат ендігі қалыптасу керек еді. Бірақ әлі отырмыз.
- Ал құрылысты қай жақ жүргізетінін кім шешеді?
- ҚР үкіметі шешеді.
– АЭС өндіріске шықса, онда қандай мамандар жұмыс істейді? Кадр мәселесіне келгенде ақсап қалмаймыз ба?
– Бүгінгі есеп бойынша 2000 кадр қажеттілігі бар. Осының 300-і әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен жасалған келісім аясында дайындалатын болады. Бірақ негізгі база біздің Ядролық физика институтында. Ал қалған кадрлар біздің ғылыми-зерттеу институтындағы 3 оқу орталығында дайындалады. Атап айтар болсақ, 2017 жылдан бері ядролық қауіпсіздік орталығы, 2000 жылдан бері радиациялық қауіпсіздік орталығы және бақылау әдістері (методы неразрушающего контроля) орталығы жұмыс істейді. 1200 маманды осы орталықтар негізінде оқытамыз. Жалпы, осы күнге дейін ЯФИ қабырғасында 4 мың маман дайындалды. Соның негізінде қалған мамандарды да әзірлейміз. Әрі АЭС күні ертең салынайын деп жатқан жоқ. Уақыт жеткілікті. Кадр тапшылығы болмайды.
- Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан –
Баян Мұратбекқызы