Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 08:40

Урбанистика саласын дамыту мәселелері

үй
Фото: из Almaty tv

Қазір қалалық өмір салтының дамуы мен ондағы халық санының артуына байланысты біраз өзгерістер орын алып жатыр.

 Қалалардың, қалалық өмір салтының, инфрақұрылым мен қоғамның дамуын зерттейтін ғылым саласы да бар. Ол бәрімізге белгілі – урбанистика. Аталмыш сала қаладағы өмірдің ұйымдастырылуын, тұрғындардың қалай өмір сүріп жатқанын зерделейді. Осыдан келе қалалық жоспарлау, аудандар бөлінісі, жолдар мен қоғамдық ұйымдарды, әлеуметтік нысандарды реттеу пайда болады. Мақсат – қаланы тұрғындардың жайлы өмір сүруі үшін қолайлы ете түсу.

Елімізде урбанистика орталығы бар. Әр жергілікті әкімдік те сол үлгімен жұмыс істеуде. Мысалы, тамыздың ортасында Алматы облысында урбанистика саласын дамыту мәселелеріне арналған республикалық семинар-кеңес өтті. Семинарға құрылыс және ТКШ істері комитеті төрағасының орынбасары Қанат Мыңбаев және Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Исатаев төрағалық етті.

Жиынға Алматы облысы сәулет және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Жақсылық Ержанов, аудан және қала әкімдерінің саланы қадағалайтын орынбасарлары, өңірдің сәулет және қала құрылысы бөлімдерінің басшылары қатысты. Кеңес барысында қатысушылар қаланы жоспарлаудың заманауи тәсілдерін, астананың қала құрылысы саласындағы озық тәжірибесін енгізу, жобалау кезінде цифрлық технологияларды қолдану және инфрақұрылымдық шешімдердің сапасын арттыру мәселелерін талқылады. Ерекше назар жайлы әрі қауіпсіз қоғамдық кеңістіктер құруға, аумақтарды абаттандыруға және көлік инфрақұрылымын жетілдіруге аударылды.

Қанат Мыңбаев урбанистика саласын дамытуға жүйелі көзқарастың маңыздылығын атап өтіп, мемлекеттік органдар, жобалық ұйымдар мен сарапшылар қауымдастығы арасындағы тығыз ынтымақтастықтың қажеттілігін айтты. Оның сөзінше, үздік тәжірибелер мен заманауи стандарттарды қолдану елді мекендердің тартымдылығын және функционалдығын арттырып, азаматтардың өмір сүру жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Исатаев өз сөзінде өңірде абаттандыру және қала ортасын жаңғырту бойынша жобалар белсенді түрде іске асырылып жатқанын атап өтіп, басқа облыстар мен астанамен тәжірибе алмасу аумақтарды дамытуға қосымша серпін беретініне сенім білдірді. Кеңес қорытындысы бойынша қала құрылысы саласындағы нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру, кадрлық әлеуетті дамыту және жобалау мен құрылысқа инновациялық шешімдерді енгізу сияқты алдағы жұмыстың негізгі бағыттары айқындалды.

Өңірлік дамудың жаңа бағдарламасы аясында 2030 жылға қарай урбанизация деңгейін 70 пайызға жеткізу жоспарлануда. Мысалы, елордада 2024–2028 жылдарға арналған Астана агломерациясының кешенді жоспары қабылданған. Бұл жоспарға 329 іс-шара кіреді, жалпы құны 1,13 трлн теңгеге тең. Жоспарда әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын нығайту, экологиялық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бар. Ал жалпы елімізде урбанистика мәселелерін қарастыру мен шешуге ұмтылыс артқан. Тіпті өткен шілдеде Қызылордада Қазақстанның алғашқы ұлттық форумы өтіп, онда қоныстандырудың инклюзивтілігі, климатқа бейімделу, қалалық басқарудың сандық жүйесін дамыту сынды бағыттар талқыланды.

Ақжол МЕЙІРБЕК

Алматы облысы

Тегтер: