Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:36

Үрей мен үміттің арасындағы «Ібіліс биі»

Краснохоркаи

2025 жылғы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы венгр жазушысы Ласло Краснахоркаиға бұйырды. Комитет оның «апокалипсистік үрей жағдайында өнердің күшін қайта дәлелдеген көреген әрі сенімді шығармашылығын» жоғары бағалады.

Краснахоркаи – осыған дейін бес роман жазған әрі сол үшін бір­неше әдеби сыйлықты иемденген жазушы. Мысалы, 2015 жылы халықаралық Букер сый­лы­ғын еншіледі. Негізі 71 жастағы венгр жазушысын оқырманы Нобельдің тұрақты үміткерлері қатарына қосқалы қашан. Бұл жазушының бір ғана туындысы үшін емес, жалпы шығарма­шы­лығына берілген марапат. Ал оны әлемге әйгілі еткен ең алғашқы романы – «Ібілістің биі». 1985 жылы жарыққа шыққан туынды Венгрияға ғана емес, күллі әлем әдебиетіне үлкен серпіліс әкелгені рас. Дәл осы романды режиссер Белла Тарр бір түнде оқып, таң ата жазушыдан кино түсіруге рұқсат сұрап хабарласқан дейді-мыс. 1994 жылы режиссер бұл туындыны жеті сағатқа ұлас­қан фильмге айналдырды. «Ібілістің биі» біз де оқып көрдік. 

Роман адамзат үміті үзілген сәтте қосылған ең бір сүреңсіз баяу музыкаға ұқсайды. Бұл күй бір сәтте морт сынып түспейді. Жан атаулыны әбден қажытып, созылып, созылған сайын санаға сіңіп, адамды өз үмітінің тұзағына өзі түсіретін тоқтаусыз қозғалысқа айналып кетеді. Шығармаға арқау болған сюжет Венгрия даласындағы иесіз, жұтап қалған елеусіз ұжымшар маңында өтеді. Социалистік жүйенің іргесі сөгіліп, енді не болып, Құдай қайда айдарын ешкім болжап, біле алмайтын бұл кезең адам атаулыны «үмітсіздіктің» тұңғиығына батырып жібереді. Роман батпаққа батқан, жауын шайған, қабырғалары сөгіліп, терезелері желмен бірге уілдеп тұрған бес-алты үйдің адам көрер сиқы қалмағанын суреттеумен басталады. Осы сүреңсіз күйді жазушы роман соңына дейін созады. Әуел баста жатсынған дәл осы сүреңсіздікке бойың үйреніп, тіпті роман соңында бауыр басқандай боласың. Елсіз мекендегі санаулы шаңырақта өзінің тіршілігінен жаңылмай, азғантай отбасының көңілі пәс, ежелеп әсер аулар қуаныш қалмаған. Футак, Шмидт, Крайнер, Халикс, дәрігер және осы сынды бірер кейіпкердің ит байласа тұрғысыз осы мекенде өмір сүріп жатқаны, әйтеуір, рас сияқты. Оны ешкім жоққа шығармайды. Бірақ шынына келсек, өмір сүріп жатыр дегеннен гөрі бұл кейіпкерлер тынымсыз тіршіліктің ауанында өлместің күнін кешіп қана жүр. Әсілінде, адам жанын тілгілеп, жүрегін жаралайтын қасірет үкілеген үмітінің ақталмауы деп көп айтармыз. Шынында адамды жаралайтын үмітсіздік екен. Бұл елеусіз мекенді тіршілік еткендердің болмысынан не үміттің, не болашаққа деген жоспар мен аңсар арманның азғантай болмасын ұшқынын байқамайсың. Жазушы роман басталған сәттен оқырманын осынау сұрықсыз өмірге аяусыз тастап кеп жібереді. Мұндағы бар тіршілік өсек, күдік, арақ, ішкі ыза мен бір-біріне деген сенімсіздікке кеп тірелген. Олар бір мезетте бірдеңе күтіп отырған сияқтанады, алайда нақты кімді әлде нені күтіп отырғанын ешкім білмейді. Осындай сүреңсіздіктің арасынан бір жағымды жаңалық құтқарып алғандай болады. Тоталитарлық биліктің қысымынан кейін иесін таппай қалған мекеннің тұрғындары осы жаңалықты қуанышқа балап, ерекше елең ете қалады. Осыдан біраз уақыт бұрын өлдіге жорылған ауыл тұрғындары Иримиаш пен оның серігі Петринаның тірі екені, қайта оралатыны ел ішіне лезде тарайды. Иримиашты ауыл тұрғындары бір кездері беделді, елді басқара алатын, болашаққа жол сілтейтін адам ретінде ерекше есте сақтаған-ды. Сондықтан болар, әйтеуір, оның тірі екені туралы сыбыс халықтың бойында сөнуге айналған үміттің шырағын қайта жаққандай болады. Ендігі жолы батпаққа батқан бұл мекеннің тағдырын біреу келіп аршып, жаңа тыныс, жарқын болашақ сыйлайтындай сезім туады.

Алайда романды оқып отырып, дәл осы үкісіз үміттің қалай туып, қалай у болып тарайтынын ұзақ, егжей-тегжейлі ұғасыз. Ауыл тұрғындары бір-бірінен жасырын ақша жинап, қалаға көшу, жаңа шаруашылық бастау туралы ойға батады. Бір қарағанда, Иримиаш елдің сөзін сөйлеп, көмегін аямайтын адам секілді көрінеді. Иримиаш пен Петринаның сөзінің түзулігі мен ниетінің дұрыстығына халық түгілі оқырман да еріксіз илана бастайды. Иримиаш – сөзі мен ісі арқылы халық сеніміне кіруді әбден меңгерген адам. Ешкімді тікелей қыстамайды, бұйрық бермейді, бірақ адамдар өз еркімен оның соңынан ереді. Дегенмен роман сюжетіне ілесіп отырсаң, Иримиаш ен Петринаның да шын бейнесі бірте-бірте ашылады. Екеуі билік құрылымдарымен байланысы бар, адамдарды аңдып, ақпарат жинап жүретін «сатқындар» екеніне көзіңіз жетеді. Ақырында ел иманындай сенген Иримиаштың дәл осы «құтқарушы» рөлі қарапайым спектакль екенін аңғарасың. Иримиаш та, басқасы да қарапайым халықтың үмітін, үміті үшін тәуекел етіп сеніп тапсырған ақшасы мен дүниесін өз пайдасына жаратады. Роман соңында ауыл адамдары жан-жаққа ыдырап, әрқайсысы әр жаққа кетеді. Бірі жаңа жерге қайтадан жаңа үміт, сенімін арқалап аттанып жатса, енді бірі алданғанын тіпті кеш түсінеді. Бірақ ешкімнің тағдыры жарқын болашаққа бет алмағанын іштей түйсініп тұрасың. Романда үміт пен апаттың арасы тым жақын. Кейіпкерлер Иримиашқа ергенде, олар тек ақша үшін емес, мағына үшін жүреді. Күйреу жағдайында адамға ең қажеттісі – бағыт. Ал бағыт ұсынып, өзі сенген шындыққа өзгені иландыра алған кез келген фигура билікті иемдене алады. Бұл тұрғыдан алғанда, шығарма тоталитарлық құрылымдардың психологиясын әшкерелеп, індетіп береді. Бірақ автор нақты тарихи режимді атамайды да, кез келген заманға ортақ, байырғы механизмді ғана еске салады. Яғни үрей мен үмітсіздік ұжымдық иллюзияны туғызады, иллюзия тәртіпке айналады. Ал тәртіптің соңы бақылауға ұласады. Өзін әдеби ортадан ада, әлеуметтің, саясаттың қуыршағы болудан алыс ұстайтын жазушының мұндай тақырыпқа қалам сілтеуі тіпті де тегін емес.

Ібілістің биі

 

Романның сұрқай атмосферасынан бөлек автордың тынысыңды тарылтып жіберетін күрделі сөйлемдері, тілі, сөйлеміне жасырып тастаған астары оқырманды одан сайын қысып тастайды. Бір ойдың екінші ойға асығыс ілесіп, жалғана беруі сананың ішкі ағысын бейнелеп береді. Бастапқыда ұзақ сөйлемге құрылған, пунктуациясыз проза­сының кең танылатынына жазу­шының өзі де сенбеген. «Бұл кітап­тар кей оқырманға қиын көрінуі мүмкін, себебі шығар­мада үзіліс жоқ» деген екен Ласло. Сөйлем аяқталмай жатып жазушы жаңа бұрылысқа бет алады. Осы тілдік құрылымның өзі де кейіпкерлердің психикалық күйін дөп басатын сияқты. Бұл тәсіл кейде Кафка шығармаларындағы экзистенциалдық қысым мен кеңістікті еске түсіретіні рас, бірақ Краснахоркаидың мәтіні одан да кең тынысты, одан да баяу, тым бәсең ырғаққа құрылған дер едік. Автор 2014 жылы The New­ York Times-қа берген сұхбат­ын­да «өзіме дейінгі әдеби дәс­түрден алыстап, екінші Кафка, Дос­тоевский немесе Фолкнер емес, мүлде бөлек, түпнұсқа стиль жаса­ғым келеді» дейді. Ең қызығы, роман құрылымы «танго» биінің қимылына ұқсас ырғақпен жылжиды. Шығарманың «Ібілістің биі» аталуы да осы себепті. Мәні – бишінің алты қадам алға, алды қадам артқа жылжып, бастапқы нүктеге оралуы. Он екі тарау осы принциппен өріледі. Бұл формалық шешім тіпті де кездейсоқ емес сияқты. Роман барысында уақыт алға жылжығандай, жылжыған сайын ел жақсылыққа жақындағандай болады, бірақ, шынында, барлығы бастапқы нүктеге қайтадан оралады. Ештеңе өзгермеген, жақсылық пен жаңалыққа, «жаңа өмірге» жақындаймыз деген сайын одан тіпті алыстап бара жатқаны байқалады.

Хош. Тіпті тарихтың өзі де сондай екен. Идеологиялар ауысады, ұрандар өзгереді, бірақ адам санасының қараңғы түкпірі өзгеріссіз сол күйі қала береді. Краснахоркаи уақытты сызықтық емес, тұйық шеңбердің шекарасында көрсетеді. Бұл – үміттің де, үмітсіздіктің де бір ырғақпен қайталануы іспетті. Иримиаштың халықты «азаптан азат ету процесі» туралы сөзді оқығанда, бүгінгі саяси, рухани ирония еріксіз еске түседі. (Басшылардың халықты «жаңа өмірге» бастап баруы, «жаңа Отанға» жол сілтеуі біздің қоғамға да таңсық емес жағдай ғой). Краснахоркаи, алайда билік аңсаған «жаңа өмір қайда?» деген сұрақты оқырманның өзіне қарсы қояды. Сол үшін бе екен, шығармада нақты мекеннен гөрі қозғалыстың өзі әлдеқайда маңызды. Адамдар бір бардан екіншісіне, бір үміттен келесісіне көшеді. Ал астарына үңіле түссең, осынша үздіксіз үміттің жетегінде жүрген қоғамның, билік пен халықтың бір орында айналып жүргенін, тоқтаусыз қозғалыстың ешқандай мәні жоғын түйсінесің.

Халық Иримиашты кінәламайды да, тіпті жек көрмейді. Жазушының да Иримиашқа кінә артып, зұлым кейіпкердің қатарына қосқанын аңғармайсың. Бағытсыз, белгісіз кеңістікке мән мен мағына, адам жанын алдарқатар үміт пен сенім сыйлаған болмашы адам. Өмірде Иримиаштай арамдар, Петринадай алаяқтар толып жүр. Мұндай кейіпкерлерді екінің бірі жек көріп, кез келген жазушы жаман кейіпкердің қалпына салып жаза алады. Краснахоркаидың шеберлігі сол – Иримиаш пен Петринаның тірлігіне тіпті бас қатырғысы да келмейді. Әйтеуір осы «ғажайып сүреңсіздіктен» арылғысы келмегендей, тіпті басқаға басымдық береді. Бұл мекеннің халқы өздерін алдап жүргенін іштей сезсе де, өздері қолдан жасаған «пайғамбарларға» бәрібір сенгісі келеді. Сенеді де. Себебі сенімді ақтамаудан да қиыны, ішкі сенім мен үмітсіз қалу екенін олар жақсы біледі. Адамның болмысы сондай, тарыққанда жанын қоярға жер таппай, шарасыз шағында жоқтан өзгеге иланады. Өтіріктің өзін шындай көріп, өзін-өзі алдарқатады. Бәлкім, өмір дегенің де өзің құрастырған өтірікке сену шығар. Иә, әсілінде өмір сүру – өзің ойлап тапқан өтірікке өмір бойы тәнті боп, табынып өту болар. Адамның өзін-өзі алдарқататын өтірігі мен сенімі, үміті таусылған мезетте өмір де бітетін шығар... Бәрін көре, көргеніңе көне отырып, кішкентай Эсти туралы бөліміне келгенде сонша көнбістігіңе жаның ауырады. Жаның ауырғаннан бұрын ашуланасың, шарасыздығыңа ызаң келеді. Себебі Краснахоркаи сипаттап жатқан өмір өзіңнің кешіп жатқан ғұмырыңнан айнымайтынын іштей түйсініп отырасың. Ересектер өздерінің ұсақ есептері мен ішімдікке салынған тіршілігіне батып кеткенде, Эсти әлемді түсінуге тырысады. Бірақ ол да ақырында үмітсіздікке тіреледі. Баланың мысықты улап, кейін өзіне-өзі қол жұмсауы арқылы жазушы адамзат дағдарысын түгел әшкерелеп тастайды. Ең сорақысы, баланың өлімі ересектердің санасын тіпті оятпайды, тек бір сәттік үрей туғызады да, ұмытылып кетеді. Бәрі дерлік өз күйбеңіне қайта оралады. Сонда адамзаттың селқостығы, зұлымдық пен қатыгездіктің қалай күнделікті өмірге, қалыпты құбылысқа айналып бара жатқанына көз жеткізесің. Футаки, Шмидттер, дәрігер сынды кейіпкерлердің де әрқайсысы өзінше бір тұйық әлем. Футаки өзге мекенге көшуді, бұл ауылдан әйтеуір бір көшуді күні-түні армандағанымен, кетуге нақты қадам жасамайды. Дәрігердің де болмысы қызық, бәрін көріп‑біліп жүреді, бақылайды, тіпті күнделік жазады. Бірақ өзі де сол шеңберден шыға алмайды, бақылаушы боп жүріп өзі де біреудің бақылау нысанына айналып кеткенін тіпті де аңғармай қалғанға ұқсайды. Романды оқып отырып, нақты шындықтан адасып кетесің, алшақтап та қаласың, мұндай тәсіл бізді де тұрақты позициядан тайқытып жібереді. Бір мезетте біз де батпаққа батып бара жатқандай боламыз. Оқиғалар кейде бір сәтті созып жібереді, кейде жазушы бір күннің ішіне бірнеше тағдырдың үзінділерін тұтас сыйдырады. Мұндай созылыңқы ритм оқырманды қажытып, шаршатып жіберетіні бар. Жазушыдан жылдам сюжет күткен сайын мәтін баяулай береді. Қызығы, романда ашық революция да, ашық қақтығыс та жоқ. Кейіпкерлердің ішкі монологтары көбіне түсініксіз қорқынышқа толы. Ақырында роман кейіпкерлері жаңа қонысқа, жаңа жоспарға қарай бет алады. Бірақ бұл жаңа бастау емес, ескі сценарийдің жалғасы іспетті. Тангоның «алғашқы қадамы» қайта басталады. Бірақ бұл жолы билеп жатқан сайтан емес, көрерменнің өзі сияқты... Әйтеуір жақсылыққа сену қиындай береді.

«Ібіліс биі» – күйреу туралы роман. Бірақ ол тек күйреуді суреттеу үшін жазылмаған. Ол адамның күйреуге қалай бейімделетінін, үмітті қалай иллюзияға айырбастайтынын ашады. Дегенмен дәл осы баяу, суық та сабырлы ырғақ арқылы жазушы адамзаттың қасіретінен хабар беретіндей. Үміт адамнан кейін өледі екен. Иә, адам болмысының айырылмай қасиетіне айналған үмітке деген мұқтаждық бізді өзіміз ойлап тапқан қоңырауларға, өзіміз жасап шыққан шындыққа сендіреді. Роман тек бір ауылдың тарихына ұқсамайды, біздің бүгінімізге де, өткенімізге де ұқсайды. Тура күйреу алдында тұрған сананың хроникасы іспетті. Өзіміз ойлап тапқан шындыққа бізге бақыт сыйламайтын шығар, бірақ соған сенбесек, ең ауыр ақиқаттың беті ашылмақ. Адам өмірінің мәнсіздігі туралы ақиқат. Сондықтан біз ылғи алдануды таңдаймыз. Сол үшін де біз ылғи жақсылыққа деген үміттің жетегінде жүреміз. Ал «танго» жалғаса береді. Екі қадам алға, бір қадам артқа. Бәлкім, біз де қазір сайтан сомдап жатқан бидің ырғағына ілесіп алған болармыз.

Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ