Ұрлап жатыр: Көбейтұздың тұзы саудаға түсті

Ақмола облысындағы еліміздегі ең көрікті әрі экологиялық тұрғыдан нәзік табиғи нысандардың бірі – Көбейтұз көлі қайтадан вандалдардың әрекетіне тап болды.
Астана қаласынан шамамен 150 шақырым жерде орналасқан бұл ерекше көлдің түбіндегі қызғылт тұзды туристер заңсыз жинап, интернетте бір келісін 5 мың теңгеге дейін сатып жатыр. Бұл көлдің бірегей экожүйесіне айтарлықтай зиян келтіреді.
Полиция қазіргі таңда тәртіп бұзушыларды анықтау үшін іздеу жұмыстарын бастап кетті.
Көбейтұз көлі 2020 жылы ерекше танымалдыққа ие болды. Көлдің қызғылт түсті суының суреттері әлеуметтік желілерде тарап, отандық және шетелдік туристердің назарын аударған болатын. Алайда дәл сол кезде көлге келушілердің тым көбейіп кетуі, селфи жасау мен тұз жинауға деген құмарлығы экологиялық апатқа әкеле жаздады. Сол себепті билік су айдынына кіруге уақытша тыйым салуға мәжбүр болды.

Экологтар Көбейтұзды “сувенир дүкені немесе фотостудия емес, ерекше табиғи нысан” ретінде қарап, оған ұқыппен қарауға шақырып отыр. Олар бұл көлдің табиғи тепе-теңдігіне нұқсан келсе, оны қалпына келтіру мүмкін болмайтынын ескертеді.
Мамандардың айтуынша, Көбейтұз көлінің ерекше түсі мен тұз құрамы оны Қазақстандағы сирек экожүйелердің қатарына жатқызады. Мұндай табиғи мұраларды сақтау – әр азаматтың борышы.