Үржар халқы әкімдік қымбат деп салмаған көпірді 880 мың теңгеге өздері салған
 
                                        Өскеменнің 20-ықшамауданында тұрғындар бірнеше жыл бойы әкімдіктен көпір салып беруді сұраған.
Алайда билік өкілдері «жоба тым қымбат» деп, әр жолы бас тартқан. Осылайша, адамдар үй мен жұмыс арасына қатынау үшін бес шақырымдық айналма жолмен жүруге тура келген. Ал, айналма жол батпақты, өзен ағып жатқан аумақ, сондықтан қатынау қиын әрі қымбат болған.
"Орда" басылымының жазуынша, осы маңда 2014 жылдан бері тұратын Қыдырғазы Баймұратов өз отбасына үйді өзі салып алған. Көршілер оған сенім білдіріп, ауданның ақсақалы әрі жауапты өкілі етіп сайлаған. Ол сонымен бірге қаладағы қоғамдық кеңестің мүшесі.
Халықтың ынтымағы – нақты нәтиже
Мұнда коммуналдық қиындықтар аз емес. Бірақ тұрғындар өз мәселесін өздері шешуді үйренген. Мысалы, табиғи бұлақ көзін өз қаражаттарына жөндеп, бетон астау мен құбыр орнатқан. Енді сол жерге тіпті орталықтан да адамдар таза су алуға келеді.
Көпір мәселесінде де осылай істеген.
«Өткен жылы бастама көтеріп, бәріміз ақша жинадық. Плита мен іргетас блоктарын сатып алдық. Техника өзімізде бар. Солайша жеңіл көліктер жүретін көпір салдық. Жалпы 600 мың теңге жұмсалды», — дейді Қыдырғазы Баймұратов.
Алайда кейін көпірмен жүк көліктері де қатынай бастаған. Бұл — жергілікті дүкенге азық жеткізушілердің жолы. Сол себепті тұрғындар көпірді күшейтуге кіріскен.

Көпір тұрғындарға бар болғаны 880 мың теңгеге түскен. Бұл — билік жобасынан бірнеше есе арзан.
«Біз шын мәнінде біріге білсек, көп нәрсеге қол жеткізе аламыз. Тіпті мерекелерді де бірге өткіземіз — мысалы, Жаңа жыл мен Наурызды бүкіл аудан болып қарсы аламыз», — дейді Баймұратов.
Тұрғындар мұнымен шектелмей, әкімдік жол жөндеу жұмыстарына мердігер бөлгенде де бақылау орнатқан. Нәтижесінде жол сапалы әрі берік болып шыққан.
Айта кетейік, 1 қыркүйекте Өскеменде "Шнайдер" көпірінің орталық бөлігі опырылып түсті. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Бұл жағдай қала тұрғындарының ашу-ызасын тудырды, өйткені көпір 2023 жылдың қарашасынан 2024 жылдың наурызына дейін күрделі жөндеуден өткен еді. Жөндеуге бюджеттен 600 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалған.
Кейіннен көпірдің қайта қалыпқа келтірілмейтіні белгілі болды.
