Үсенов, Кар, Пак... Түнгі тентектерге тыйым бола ма?
Алматыдағы жантүршігерлік жол апаты қоғамды дүр сілкіндірді. 21 наурыз күні түнде әл-Фараби даңғылында болған оқиға салдарынан үш адам қаза тапты. Zeekr көлігін тізгіндеген кәсіпкер Александр Пак қарсы жолаққа шығып кетіп, Mercedes көлігімен соғысқан. Оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырып, азаматтар ашық сот пен әділ жаза талап етіп отыр.

Оқиға қалай болды?
2026 жылы 21 наурызда Алматы қаласындағы әл-Фараби даңғылы тағы бір қасіретті жол апатымен есте қалды. Түнгі сағат 3:30 шамасында, әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында тоқпен жүретін Zeekr 9X кроссовері қарсы бағытқа шығып кетіп, шығысқа қарай келе жатқан Mercedes-Benz жеңіл көлігімен соғысқан. Соққының қатты болғаны соншалық – Mercedes жүргізушісі мен оның екі жолаушысы сол жерде тіл тартпай кетті. Ал Zeekr автокөлігінің жүргізушісі ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілді.
Бұл қайғылы оқиға бейнебақылау камералары орнатылған, полиция бақылауы күшті саналатын әл-Фараби даңғылында болды. Соған қарамастан, әл-Фараби даңғылы түнде бай-бағландар көлік жарыстыратын жолға айналғаны жасырын емес. Куәгерлердің айтуынша, апат болардан бұрын Zeekr әлдебір автокөлікпен жарысып келе жатқан. Әлеуметтік желіде тараған деректерге сүйенсек, қара түсті Zeekr мен BMW автокөліктері жол ережесін өрескел бұзып, жарыс ұйымдастырған. Тіпті кей мәліметтерде сол көліктердің түнде мемлекеттік нөмірсіз жүйткігені де айтылды. «Неге түнде әл-Фараби даңғылының бойымен нөмірсіз көліктер еркін жүреді? Полиция қайда? Заң бәріне ортақ емес пе?», – деп күйінеді желі қолданушылары. Бұл сауалдар қала тұрғындарының ашу-ызасын туғызып, жол қозғалысы қауіпсіздігіне жауапты органдардың жұмысына сын болды.

Кінәлі Александр Пак кім?
Жол апатына кінәлі деп танылған жүргізушінің жеке басы көп ұзамай анықталды. Журналист Михаил Козачков өзінің Telegram-арнасында көлік рөлінде 32 жастағы алматылық кәсіпкер Александр Пак болғанын хабарлады. Бейресми деректерге сәйкес, Александр Пак – көлік және логистика саласында жұмыс істейтін екі бірдей компанияның құрылтайшысы. Атап айтқанда, оның тұрғылықты мекенжайында «ГУ ХОЗУ Алматы» ЖШС және «Глобал Партнер» ЖШС тіркелген. «ГУ ХОЗУ Алматы» компаниясы 2025 жылы ғана құрылған, бір жыл ішінде шамамен 500 мың теңге салық төлеген. Ал «Глобал Партнер» 2024 жылдың күзінен бері жұмыс істеп, қазынаға 50 млн теңгеден астам салық түсірген, айналымы айтарлықтай ірі бизнес.
Александр Пак мінген Zeekr 9X – Қытайда өндірілген қымбат электрокроссовер. Мұндай көліктің нарықтағы бағасы шамамен 100 мың АҚШ долларына тең. Яғни оқиғаға кінәлі азаматтың материалдық жағдайы да көпшіліктің назарын аударды. Біріншіден, бұл – оның ірі кәсіпкер екенінің дәлелі. Екіншіден, кәсіпкердің кінәсінен болған жол апаты жұртшылықтың ашу-ызасын тудырып, «Ақшалылар жазадан құтылып кетпей ме?» деген сұрақ күдікті күшейтті.

Тергеу органы не дейді?
Оқиғадан кейін Алматы қалалық полиция департаменті ресми мәлімет таратып, жол-көлік оқиғасы бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігі (көлік жүргізушісінің жол ережесін бұзып, абайсызда екі немесе одан көп адамның өліміне соқтыруы) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады. Аталған бап бойынша кінәлі деп танылған адам 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Қазіргі кезде іс Алматы қалалық ПД тергеу басқармасының бақылауында, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Александр Пактың өзі ауыр жарақат алғандықтан, ол дереу ауруханаға жеткізілген. Полиция оны палатада арнайы жасақ күзететінін мәлімдеді. Дегенмен осы жайтқа байланысты қаза тапқандардың туыстары күдіктінің тергеу изоляторына ауыстырылуын, істің ашық әрі әділ жүргізілуін талап етті. «Күдікті әлі бостандықта, іс жабылып қалмай ма?» деген алаңдаушылық әлеуметтік желіде өршіп тұр.
Тергеу аясындағы маңызды мәселенің бірі – көлік жарысы мен кінәлінің сау болған-болмағаны. Егер жарысқаны мен ішкен-шеккені дәлелденсе, онда айып қасақана жасалған аса ауыр зардапты әрекет ретінде қайта саралануы мүмкін. Бұл жағдайда жаза мерзімі ұлғаюы ықтимал. Себебі абайсызда емес, қасақана жарысу нәтижесінде болған кісі өлімі ретінде қаралса, жазаның ауырлығы артатыны белгілі. Сарапшылардың пайымдауынша, Қазақстанның қолданыстағы заңнамасында көліктегі заңбұзушылық үшін жаза жеткілікті дәрежеде қатал емес. Мәселен, дәл осындай көше жарыстарының салдары үшін шетелдерде (АҚШ, Еуропа елдерінде) 15-20 жылға дейін, тіпті өмір бақи түрме жазасы кесілген мысалдар бар. Ал бізде әзірге ең жоғарысы 10 жылмен шектеледі.
Жәбірленушілердің талабы қандай?
Бұл қайғылы оқиға жұртшылықтың жанына қатты батты. Әлеуметтік желілерде қарапайым халық, марқұм болған жандардың туған-туыстары күдіктіні қатаң жазалауды талап етіп, пікірін әлеуметтік желіге жазды. «Жас Алаш» редакциясы қаза тапқандардың туыстарымен сөйлесіп, пікір сұрады.
Әлеуметтік желіде жанайқайын жеткізгендердің бірі – қаза тапқан жүргізушінің туысы Аружан. Оның айтуынша, Александр Пактың жақындары оларға келіп кешірім сұраған. Кінәлілердің дәулетті кісілер екенін білген Еламанның туыстары, оның жазасы жеңілдеп кете ме деп алаңдайды.
«Бізге келіп кешірім сұрады. Талабымызды айттық, ашық сот болуы керек. Еламан қайырымды жігіт еді. Барынша ата-анасына көмектесіп, аяққа тұрғызып келе жатқан. Ол – үйдің кенжесі, анасына қарап, еміне ақша жинап жүрген болатын. Көлігін де бір ай бұрын алды. Енді үй саламын деп жүргенде осындай жағдайға ұрынды. Біз кінәлінің бай отбасыдан шыққанын ескеріп, басқа бағытқа қарай бұрылып кете ме деп алаңдап отырмыз. Өйткені видео тіркеуде оның түнгі 01:00-ден бастап көлігін солай зуылдатып жүрген видеолары бар. БМВ маркалы көлікпен де жарысқан. Бірақ ешкім ештеңе демеген, ешкім тоқтатпаған», – дейді Еламанның әпкесі.
Қаза болған екі бойжеткеннің бірінің құрбысы Салтанат та алдымен әлеуметтік желіде жазба жариялап, ашық сотты талап еткендердің бірі.
«Біздің білуімізше, рөлдегі Еламанның үйіне барып кінәлілер кешірім сұрапты. Сол жерде екі қыздың үйіне де барып кешірім алғандарын айтыпты. Алайда құрбым Құмардың әкесі оларды үйден қуып шықты. «Біз кешірмейміз, мықты адвокат жалдаймыз.
Менің құрбым Қытайдан тауар әкеп сататын. Тауарын TikТok әлеуметтік желісі арқылы өткізетін еді. Өзі үнемі көлік жүргізетін. Сатып алушыларға ыңғайлы уақытта сатқан тауарларын апарып беретін. Бірақ дәл сол күні көлігін қалаға қалдырып, Еламанның көлігімен жүрген. Бірақ біз олардың қайда бара жатқанын, таныс болды ма, жоқ па – әзірге білмейміз. Қаза тапқан үш адамның ата-анасы мен туыстары да соттың ашық болғанын қалап отыр. Бірнеше күннен бері бұл оқиғаны қоғам талқылап, резонанс болғаннан кейін ғана нақты ақпараттар шығып жатыр. Оған дейін жүргізуші кім, қайда кетті, не болды – ештеңе білмедік. Дезинформация да тарады», – дейді Салтанат.
Осы жағдай жол апаттарына қатысты шикі мәселелерді қайта көтерді. Желі қолданушылары «Мажорларға заң жоқ па?», «Ақшасы барлар жазадан құтылып кете бере ме?» деген сынды пікір айтуда. Бұған дейін де елді шулатқан талай оқиға болған, сондықтан халық бұл жолы істі жабық қалдырмай, ашық тергеу мен ашық сот процесін талап етті. Марқұмдардың жақындары қадағалаушы органдарға қайырылып, тергеуді ерекше бақылауға алуды сұрап отыр.

Мақсат Үсеновтің «ізбасары»
Қоғамның ашық сотты талап етіп, қайғылы оқиғаны қатты талқылаған себебі – Алматыда қымбат көліктердің түнгі жарысы. Өкінішке қарай, полицейлік патрульдер мұндай тентектерді тәртіпке сала алмай келеді. Қоғамда сынның көптігі де содан. Жолдағы бақылау формалды түрде ғана, тиімділігі төмен екенін халық ашық айтып жүр.

Атышулы Мақсат Үсенов деген есерсоқтың 2013 жылғы оқиғасын жұрт әлі ұмытқан жоқ. Ол BMW X6 автокөлігімен тротуардағы 6 жаяу жүргіншіні қағып, бір адам көз жұмған. Сол кезде М.Үсенов шартты жазамен және айыппұлмен құтылған еді. Кейін жүргізуші куәлігінен айырылса да көлік айдап, тағы да жол ережесін бұзды. Қарсы бағытқа шығып кетіп, бір көлікпен соғысты. Көлік тізгіндеп келе жатқан 38 жастағы әйел жарақат алды. Алайда бұл жолы да Үсенов оңай құтылды. Кейбір мәліметтерге қарағанда, Үсеновтің заңсыз әрекеттері көп, бірақ ол қамалмаған.

2018 жылдың 29 желтоқсанында Алматыда қымбат Мерседес мінген «шумахердің» кесірінен болған тағы бір ірі жол апат қоғамды дүр сілкіндірген. Абай мен Сейфуллин көшелерінің қиылысында 34 жастағы бизнесмен Ильяс Кар мас күйінде қызыл бағдаршамнан өтіп, такси қызметін атқарып жүрген Mitsubishi көлігіне соғылған. Апат салдарынан такси жүргізушісі мен екі әйел жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Ильяс Кар сол кезде оқиға орнынан қашып кетпек болды, бірақ кейін ұсталды. 2019 жылы сот оны кінәлі деп тауып, 10 жылға бас бостандығынан айырды.

Бұл үкім қоғам наразылығын біршама басқандай болғанымен, 2025 жылы оның Алматыдағы Esentai Mall-да серуендеп жүргені туралы ақпарат тарады. Қоғам бұл оқиғаға тағы да наразылық танытты. Кейіннен Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті түсініктеме берді. ҚАЖК мәліметінше, Кар қазіргі уақытта колония-қоныстану мекемесінде жазасын өтеп жатыр. Тек сол кезде тәртібі жақсы болғандықтан белгілі бір мерзімге бостандыққа жіберілген.
Міне, осындай жағдайлар қоғам сеніміне сызат түсірді. Сондықтан да көпшілік «байлар адам өлтірсе де, жеңіл жазамен құтылады» деп есептейді.

Күніне 6-7 адам жол апатынан қаза тауып жатыр
Орталық Азиядағы ең қауіпті жолдардың бірі – Қазақстанда. Мәселен, 2024 жылы жол-көлік апаттарынан 2 579 адам опат болды, бұл – кейінгі он жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Бұл тенденция жол қауіпсіздігі бағытында ілгерілеу жоқтығын, керісінше, жағдай күрделеніп жатқанының дәлелі.
ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ғалым Сарғұловтың айтуынша, былтыр жыл басынан бері 12 миллионнан астам жол ережесін бұзу дерегі тіркелген. Мұның барлығы полиция қызметінің осы бағытта нәтижесі мардымсыз екенін аңғартады. Қаншама ресми есепте «жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету» шаралары атқарылып жатқаны айтылса да, көрсеткіштер көңіл көншітпейді.
2025 жылдың алғашқы жартысында Қазақстанда жол-көлік оқиғаларының саны ғана емес, олардың салдарының ауырлығы да айтарлықтай күшейген. Сақтандыру компанияларының дерегіне қарағанда, қаңтар-маусым айларында міндетті автосақтандыру аясында 74 мыңнан астам сақтандыру төлемі жасалған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 11,6 пайызға көп. Сонымен қатар адамның өмірі мен денсаулығына зиян келген ауыр жол апаттарының саны бір жылда 54 пайызға өсіп, 15 698 дерекке жеткен. Мұндай мәліметтерді «Евразия» сақтандыру компаниясының сарапшылары Мемлекеттік несие бюросының, Бас прокуратура жанындағы Құқықтық статистика комитетінің және сақтандыру төлемдері статистикасының негізінде келтіреді. Сарапшылардың есебінше, республика бойынша әр бесінші жол апатының салдары ауыр болған. Орта есеппен алғанда, Қазақстанда болған барлық жол апатының 21,3 пайызы адамдардың ауыр жарақат алуымен аяқталады. Мысалы, 2025 жылғы дерек бойынша, жол апаттарынан 51,6 мың адам жарақат алған, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 18,6 пайызға көп. Ал 2025 жылы жол апаттарынан көз жұмғандар саны 2,3 мың адамға жеткен. Яғни Қазақстанда күніне шамамен 6-7 адам жол апаты салдарынан көз жұмады деген сөз!
Ең көп жол апаты Алматы қаласында тіркеледі. Ең ірі мегаполисте 2025 жылы 7,6 мың жол апаты болған. Бұл 10 жыл бұрынғы есепке қарағанда, 37 пайызға көп. Алматы қаласынан бөлек, Маңғыстау және Алматы облысында да жол апаты көп. Мұның басты себептері – жылдамдықты асыру, маневр жасау ережесін бұзу, қарсы бағытқа шығу, мас күйінде рөлге отыру сияқты адамның тәртібіне қатысты факторлар.
Қазақстанда жыл сайын 36 мыңнан астам жол апаты тіркеліп, мыңдаған адам қаза табатынын жоғарыда жаздық. Мұның барлығы жолдағы жауапсыздықтың зардабы. Мұны тоқтатудың жалғыз жолы – заңды үстем етумен қатар, әрбір жүргізушінің санасына жолдағы жауапкершілікті сіңіру. Бұл – қоғам мен билікке ортақ міндет.
Тұрсынбек БАШАР