Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:40, 30 Тамыз 2022

Үш ауысымды мектептер азайды

None
None

Биыл Шымкент ұстаздарының дәстүрлі Тамыз кеңесі   «Құндылыққа бағдар: Сапалы білім.

Өзін-өзі бағалау. Жаңа мүмкіндіктер» тақырыбынды ұйымдастырылды.  Жиынғабас-аяғы 800 педагог қатысты.

Кеңеске қатысушылар үшін арнайы көрме қойылып, білім беру ұйымдарының қызметкерлері мен оқушылардың өнері, ғылым мен білім саласында жеткен жетістіктері таныстырылды. Әдістемелік орталықтың ұйымдастыруымен жалпы 32 панельдік секция жұмыстары көрсетілді.

Конференцияда сөз алған шаһар басшысы Мұрат Әйтенов «Педагог мәртебесі туралы» Заңының қабылдануы, ұстаздар қауымының қоғамдағы абырой-беделін арттырып, әлеуметтік тұрғыдан қорғалуына бағытталғанын атап өтті.

– Соңғы 3 жылда елімізде мұғалімдердің жалақысы 2 есеге артып, 2020 жылдан бастап бүгінге дейін 75 пайызға өсті, 2023 жылы жалақыға тағы 25 пайыз қосылатын болады. Мемлекет басшысының елімізде 2025 жылға дейін 1000 мектеп салу міндеттемесіне сәйкес, Шымкент қаласында 101 мектептің құрылысын жүргізу қарастырылып, 51 мектеп пайдалануға берілді. 2 жылда бағдарламаның 50 пайызын немесе 11 мектепке артығымен орындап отырмыз. Нәтижесінде үш ауысымды мектептер саны 9-дан 5-ке азайды. 2023 жылы қалада үш ауысымды мектеп мәселесі толығымен шешілетін болады, – деді әкім.

Жалпы жиын еркін форматта өтті. Іс-шара барысында білім саласын дамытудың бағыттары мен маңызды мәселелері талқыланып, оқу пәндерінің педагогтары ұсыныстары мен пікірлерін диалогтік алаңда ортаға салды.

Бұдан соң ағарту саласында ерекше жетістігімен көзге түскен ұстаздар «Мейірім», «Еңбек ері» медальдарымен және «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгілерімен марапатталды.

Шымкент бүгінде демографиялық өсім жағынан көшбасшы өңірлердің бірі болып саналады. Бұл өз кезегінде жаңа мектеп салу, білім ұяларының материалдық-техникалық жағдайын жақсарту мәселелерін жеделдетіп шешуді қажет етеді. Жаңадан салынып жатқан мектептерден бөлек биыл шаһарда көптеген білім ұялары күрделі жөндеуден өтті. 

Сондай-ақ жаңа оқу жылы қарсаңында қалалық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз мәслихатын өткізіп, балаларды оңалту шараларына қатысты мәліметтерді жария етті. Басқарма басшысы Нұрлыбек Асылбековтың айтуынша, қазіргі уақытта жалпы 9 медициналық ұйымда қалпына келтіру және оңалту емі жүргізілуде.

– Осы жылдың алты айында оңалтудан өткен жалпы бала саны – 3 773. Өткен жылмен салыстырғанда 865 балаға көп. Тәулік бойы стационарда 2 842, күндізгі стационарда 931 бала оңалтудан өткен.

Шымкент қаласындағы оңалту емін жүргізетін оңалту орталықтары мультитәртіпті команда, реабилитолог дәрігерлер, емдік дене шынықтыру нұсқаушылары, эрготерапевтер, психологтар, логопедтер, дефектологтар, әлеуметтік педагогтар, сондай-ақ түзету педагогтары, ойын, музыка терапевтерімен, монтессори-терапия мамандарымен қамтамасыз етілген, – деді басқарма басшысы.

Баспасөз жиынында Нұрлыбек Абибуллаұлы ана мен бала денсаулығын қорғау саласына да тоқталып өтті.

– 2022 жылдың бірінші жарты жылдығында 15 325 бала дүниге келді. Оның ішінде егіздер – 194, үшемдер – 1. Өткен жылмен салыстырғанда, егіздердің тууының 18 жағдайға өсуі байқалды. Балаларға мамандандырылған көмектің қолжетімділігі мен сапасын жақсарту мақсатында Қалалық клиникалық балалар ауруханасының материалдық-техникалық жарақтандырылуы 96 пайызға дейін жақсартылды. Заманауи медициналық жабдықтар сатып алынды. Сондай-ақ бұрын болмаған онкогематология, нейрохирургия, интервенциялық кардиохирургия, нефрология бөлімшелері ашылып, дамуда. Қазіргі уақытта осы жабдықтың көмегімен церебральды сал ауруы, орталық жүйке жүйесінің туа біткен ақаулары, ісіктер, гематомалар, ми тамырларының тромбозы сияқты күрделі операциялар мен манипуляциялар жүргізілуде. Жыл басынан бері Қалалық клиникалық балалар ауруханасында 76 нейрохирургиялық ота жасалынды, – деді басқарма басшысы.

Тегтер: