Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:05

Үш қазақстандық бір келі уранды сатпақ болған

уран
Фото: AP

Қазақстанда үш азамат бір келіге жуық радиоактивті уранды заңсыз сатуға әрекеттенгені үшін сотталды.

Қылмыстық тізбек Қазақстан аумағынан тыс жерде басталған. Бұл туралы «Диапазон» басылымы хабарлады.

Тергеу дерегіне сәйкес, Өзбекстан азаматы шамамен бір келі уранды заңсыз иемденіп, оны сатуға болатынын Шымкент қаласындағы танысына айтқан. Ал Шымкент тұрғыны бұл ақпаратты Ақтөбеде тұратын екі танысымен бөліскен. Осыдан кейін олар сатып алушыларды іздеуге кіріскен.

Қыркүйек айында радиоактивті зат алдымен Шымкентке жеткізіліп, кейін Ақтөбеге тасымалданған. Қауіпті материал жеңіл автокөліктің жүк салғышында жеткізілгені анықталды.

Бұл әрекеттер туралы Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті хабардар болып, арнайы операция ұйымдастырған. Құқық қорғау органдарының қызметкері жасырын түрде сатып алушы рөлін атқарып, мәміле үшін 500 мың доллардан астам соманың жалған ақшасын ұсынған.

«Сатушылармен» кездесу қала сыртындағы орман алқабында өткен. Сол жерде мәміленің барлық қатысушылары ұсталды.

Сараптама нәтижесінде тәркіленген заттың шынымен де уран екені және оның радиоактивті материалдар санатына жататыны расталды. Айыпталушылардың үшеуі де кінәларын толық мойындаған.

Сот үкімімен Ақтөбе қаласының екі тұрғыны екі жылға бас бостандығынан айырылды. Ал Шымкенттен келген үшінші қатысушыға екі жарым жылға түрме жазасы тағайындалды. Оған қатаң жаза бұрын сотталғаны үшін берілген.

Сот шешіміне сәйкес, тәркіленген уран жойылады.

Тегтер: