Үш күндік соғыс неге ұзаққа созылды?
Путиннің Украинаға ашқан соғысының негізгі себебі – тақтан кеткеннен кейін артында өмір бойы ұмытылмайтын қандай тарихи мұра қалдырсам деген саяси ұстам.
Бұл жолдағы арманына қол жеткізу үшін ол он бес жыл дайындық жұмысын жүргізген.
Мұндай саяси ұстам – авторитарлы, шовинистік көзқарасты үстем еткен мемлекеттердің лидерлері үшін түсінікті тәжірибе. Себебі, Ресей де кейбір алпауыт мемлекеттер сияқты өзінің империялық көзқарасынан әлі арылған жоқ, оны Ресей басшысы жасырмай, ашық әртүрлі халықаралық алаңдарда да айтып келеді. Осындай ұстамды басшылық ұстаған мемлекет көсемдерін ел ішінде тұрып жатқан халықтың болашағы мен тағдыры, әлеуметтік жағдайы еш қызықтырмайды. Ең басты сұрақ, ертең олар үшін тақтан кеткеннен кейін артында өмір бойы ұмытылмайтын тарихи мұра қалсын деген ішкі арман.
Әділдік үшін айтуымыз керек, мұндай ұстамды өз уақытында Ұлыбританияның консервативтік партиясының көшбасшысы, осы елдің екі мәрте премьер-министрі болған атақты У.Черчиль ұстанып келген. Черчиль Үндістанды (өзінің отары болған мемлекет) ұзақ уақыт дербес мемлекет деп мойындамай, жай ғана территориялық құрылым ретінде санайтынын халықаралық алаңдарда ашық айтып жүрген. Бұл саяси көзқарас Ұлыбритания елінде тек Маргарет Тэтчердің жетекші партия басшылығы тұсында өзгертілді. Баронесса өзінің үкімет басқару уақытындағы елдің саяси экономикалық табыстары мен британ халқының өмірінің жақсаруын ең бірінші империялық ұстамдықтан біржолата алшақтап, елдегі ішкі саясат мәселесін дұрыс бағытқа қойып, британ халқының әлеуметтік жағдайын жақсарту жолындағы қомақты табысымен түсіндірген. Соның арқасында, М.Тэтчер Ұлыбритания сайлаушыларының құрметіне ие болып, ең ұзақ уақыт үкімет басқарған тұңғыш әйел болды.
Ал біздің көрші елдің президенті Путинге оралатын болсақ, жоғарыда айтылғандай, ол үшін Ресей елінің экономикалық дамуы мен халқының әл ауқаты мәселесі бірінші орында тұрған жоқ. Ресей территориясындағы ең бай жер асты қазба байлығына қарамастан, бүгінгі күні өндіретін ішкі өнімі АҚШ тың бір ғана Калифорния деп аталатын штатына жетпейді. Ресей экономикасының негізгі көрсеткіші әлі күнге дейін жер астындағы қазба байлығын шет елге сатудан түскен шикізат (газ, мұнай) өнімдерінен тұрады. Осындай байлықтан түскен табыстың қызығын қарапайым халық емес, Путиннің маңайындағы жақын достары (Санкт-Петербург тобы), туыстары және жақтастары көріп келе жатыр. Жоғарыда айтылғандай, Путинді осы уақытқа дейін қатты алаңдатып келген сұрақ, тақты босатқаннан кейін Ресейдің тарихында өзі туралы қандай тарих жазылады деген ойды дәлелдеу үшін мынандай нақты уәж айтуға болады.
2008 жылы Грузиядағы бес күндік соғыстан кейін дәстүрлі түрде жылында бір рет өтетін Ресейдің ақпарат саласының басшыларымен кездесу кезінде Путин «ЭХО Москва» радиосы бас редакторы А.Венедиктовты жеке шақырып алып, «Леша, сен қалай ойлайсың? Мен президент лауазымынан кеткеннен соң, орта мектептердің бастауыш сыныптарындағы тарих пәнінде мен туралы не деп жазады екен?» – деп сұраған. Бұл тұста айтып кету керек А.Венедиктов институт бітірген мамандығы бойынша орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі болған, ол жөнінде Путин жақсы білген. Венедиктов «Өз тарапымнан айтуға қиын, бірақ сіздің арқаңызда, Ақ шіркеу мен Қызыл шіркеу қосылды емес пе осы игілікті ісіңіз тарихта қалатын шығар», деп бұлтарма жауап айтқан. Екі ортада болған әңгімеден кейін алты жыл өтіп, 2014 жылы Қырымды басып алғаннан кейін сол дәстүрлі жиынның соңында А.Венедиктовқа әдейілеп бұрылып, Путин осы сұрақты басқа мағынада «Ал енді не деп жазады?» деп қайтадан қойған. Журналистің: «Бұл әрекетіңіз Сіз жақтан теріс қылық болды (это с вашей стороны не честно)», – деген ойына, Путин: «За то справедливо», – деп жауап қайтарған.
Путин Кеңес Одағының ыдырауы жиырмасыншы ғасырдағы геополитика тұрғысында сұмдық саяси қателік және бастан асқан әділетсіздік деп, мұның артында Батыс идеологтарының қатты ықпалы және үлесі бар деп түсіндіріп, ол құбылыспен өзінің келіспейтінін айтқан. Осы тұста өз тарапынан белсенді қимыл әрекет жасайтындығын да жасырған жоқ. Ол туралы 2007 жылы Мюнхен конференциясында үлкен трибунадан ашық айтып, бірақ батыс саясатшылары Ресей басшысының бұл айтқанына көңіл аудармай, жай ғана ішкі жанайқай деп жеңіл қараған. Алайда, Ресей басшысы 2008 жылы бес күндік Грузия соғысында жеңіске жетті. Бұл процеске батыстың араласа алмағанын Ресейден қорықты деп қорытынды шығарып, осы кезден бастап, батыстан жасқанудың да және оған сенудің де қажеті жоқ екенін терең түсініп, өзінің ұзақ мерзімді, жасырын, бірнеше кезең мен бағыттан тұратын саяси ойынын бастап кетті.
Ресейді бұл әрекетке апарған басты себептің тағы бірі – Путиннің Солтүстік Атлантикалық блоктан түбегейлі шеттетіліп, Ресей лидерінің ашу-ызасын келтіріп, намысына тиюі. Путиннің САБ (НАТО) мүшелігіне үлкен үміті болған, себебі ол ұйымның тілін тауып, жақындасу мақсатында өз тарапынан қомақты үлес қостым деп есептейді. Оның жөні ретінде Совет Одағынан мұра ретінде қалған Вьетнам аумағындағы «Камран» әуебазасы мен Куба еліндегі «Лурдес» радио электроникалық барлау орталығын АҚШ және Батыспен саудаға салмай, өз еркімен тастап шыққанын алға тартады. Алайда, САБ (НАТО) мүшелерінің ойы бойынша бұл құрылымда бірінші нотаны ойнайтын Америка Құрама Штаттары, ал Ресей бұл Одаққа мүше болып кірсе, екінші нотаны ойнаудан бас тартып, бұл ұйымның ішінде конфликт болуы мүмкін деп қараған. Ресей бұл ұйымды ішкі жағынан іріткі салып, ақыр аяғы ыдыратып жіберуі мүмкін деп есептеген.
Батыстың біртіндеп жүйелі түрде Ресейді оңашалау саясаты – Путиннің ызасын келтіріп, ашуын шақырып, оның басына «Қамал» (Крепость) атты идеяны дүниеге алып келді. Басқа мағынада айтсақ, Ресей Батыссыз өмір сүре алады, ал керісінше, Батысқа Ресейсіз өмір сүру өте қиын, өйткені олардың пайдалы қазбалары мен табиғи ресурстары шектеулі. Ал Ресей болса, экономикасының дербес дамуы үшін оның территориясында барлық табиғи қазбалар; газ, мұнай, алтын және тағы басқасы жеткілікті. Ал ең бастысы, Ресейге Путиннің болжауы бойынша ешкім шабуыл жасай алмайды, өйткені ядролық қару жеткілікті мөлшерде бар. Ал жоғарыда аталған жерасты қазба байлығынан алынатын өнімді Ресей басшысы Батыстың лидерлерін өз ырқына көшіріп, сайлаушыларының дауысын сатып алуға тиімді пайдалануға жоспарлады. Ол түбі Батысты өзіне пайдалы бір келіссөзге мәжбүр ететініне сенімді болды. Себебі, оның уақыт өте Батыстың лидерлерінің аузын алатын амал тапқанын ешкім білген жоқ. Бұл ретте, Путин Батыс лидерлері үшін «батыс құндылығы» не екенін тез түсініп, Батыстың кейбір көшбасшыларының, саясаткерлерінің құнын өзі Еуропаның және АҚШ-тың валюта бірлігі арқылы нақты сомамен бекітті. Бұл оның жоғарыда айтылған көп сатыдан тұратын операциясының «Жемқорлықты батысқа трансформациялау » деген бір бағыты еді. Осы тақырыпта соңғы мәліметтерге жүгінсек, Францияның бұрынғы үкіметінің басшысы Франсуа Фиион, Ресейдің ең ірі мұнай компаниясының бірінде директорлар кеңесі мүшесі қызметінде тұрған. Германияның бұрынғы федералдық канцлері Г.Шредер, қазіргі уақытта «Роснефть» компаниясында басшылық қызметте, бір жылдық жалақысы 1,5 млн евро. Осы Ресейлік компанияда Г.Шредермен бірге өзінің кабинетінде экономика министрі лауазымы қызметінде болған В.Клемент те бар. Австрияның бұрынғы Сыртқы істер министрі К.Кнайсль «Роснефть» мұнай компаниясында, осы елдің вице-канцлер қызметін атқарған В.Шюссель тағы бір мұнай компаниясы «Лукойлда», Финляндияның бұрынғы премьер-министрі Эско Тапан Ахо Ресейдің «Сбербанкісінің» басшылық қызметінде, АҚШ-тың 66-шы мемлекет хатшысы Кондализа Раиздың орынбасары К.Бернхем «Русалда» ТКБ кешенінде осы уақытқа дейін қызмет жасап келеді. Ал Францияның бұрынғы сыртқы барлау директоры А.Жюие, Германияның барлау органы «Штази» да басшылық қызметте істеген М.Варнинг «Транснефть» компаниясында директорлар кеңесінің мүшелері қызметіне тартылған. Соңғы ақпараттарға байланысты қарасақ, «Газпром» компаниясының басшысы А.Мюллер Германияның он алты жыл федералдық канцлері болған А.Меркельге осы компанияның 0,04% акциясын зейнетке шығар алдында сыйға ұсынған. Осы аталған және аты аталмаған басқа да Батыс мемлекеттерінің Ресейдің алпауыт компанияларында әр түрлі лауазымда отырған басшыларын Путин Ресейдің ұзақ мерзімге арналған сыртқы саясатын жүзеге асыруда ықпал жасайтын күші (лобби) ретінде қолданған. Осы бағытта саяси-экономикалық жағынан ең ауқымды тарихта теңдесі жоқ ғасырлық Солтүстік ағын «Северный Поток» жобасын, Путин Украина жерін соғыссыз тартып алудағы жоспарының ең басты кепілдігі ретінде негізгі күш қылып, батыстың «аузын жауып», өз ырқына көшіруге бопсалау (шантаж) ретінде пайдаланбақшы болған. Ал батыстың Болгария, Чехия елдерінде Ресейдің қарулы күштерінің жасырын жасағының күшімен жарылған әскери қару-жарақ қоймалары Путиннің жоғарыда аталған «Қамал» (Крепость) операциясының әскери компоненты деп есептеуге болады.
Жалпы, Путиннің 2007 жылдағы Мюнхен конференциясынан кейінгі сыртқы саясаттарының барлық бағыттарын батысқа қарсы арналған үздіксіз арнайы операциясының әскери-экономикалық блогы деп атауға болады.
Ал Украинаға қарсы соғысқа дайындықтың идеологиялық жоспары бағытын қарастыратын болсақ, бұл ағымда басты қару ретінде әлемге әйгілі классикалық формадағы «Орыс әлемі» (Русский мир) концепциясы ұсынылды. Әрине, бір жағынан, Путиннің бұл шовинистик саясатының түбі Ресейді ауыр жағдайға алып келуі мүмкін, «Бұл алған бағытыңыздан қайтыңыз, сіздің де әкеңіз фашизм мен нацизмге қарсы соғысқан, сіздің қаныңызда бұл аталған құбылыстарға, қан төгілуіне келіспеушілік пен жиіркеніштілік бар емес пе?», – деп қарсы шыққан беделді қоғам мүшелері де болды. Бірақ Путин тоқтаған жоқ, тоқтауы да мүмкін емес еді. Себебі, Қырымды басып алғаннан соң, өзінің «Орыс әлемін» құтқаратын миссиясы әлі аяқталмағанын сезініп, қазір тоқтап қалса, ол өзі жариялаған «соғыс алаңынан» қашып кеткендігі, яғни, «дезертирлік» болып саналатынына сенді.
Жалпы, Қырымды басып алғаннан кейінгі Ресей халқының эйфория жағдайын Кремль мен оның насихаттау майданындағы сарбаздары ұтымды пайдалана білді. Бұл жағдайда негізгі мақсат – ұлт лидерінің Ресей мемлекеті үшін істеген тарихи үлесін одан ары жаңғыртып, Путин «Орыс әлемін» құтқаруға келген құдайдың елшісі деп көрсетіп, бүкіл халықты президенттің айналасына топтастыру саясаты болды. Осы сәтте тағы да Солженицынның: «Мемлекет өзінің қатыгездігінен дірілдеп, шошынып оянуы керек, саяси басшының маңайына жиналыңдар», деген сөздері жаңғыртылып, В.Володин «Ресей Путинсіз Ресей емес», – деп, Думаның трибунасынан айғайлағанын келтіруге болады. Ресейдің тісқаққан саясаткерлерінің бірі – В.Жириновскийдің 2014 жылы тамыз айындағы Ялтадағы кездесуде «Ресей өз тарихында тек империя форматында өмір сүргенде ғана ұлы жеңістер мен жетістіктерге жеткен, бұдан әрі федерация форматында өмір сүру біз үшін өліммен тепе-тең болып саналады. Сіздің лауазымыңыздың атын шұғыл түрде өзгерту керек, сізді «император», «Верховний Правитель Владимир 1-ші деп атау керек», деп айтуы, Путиннің әрі қарай соғысты тоқтатпай, Ресейдің шекарасын кеңейтіп, басқа мемлекеттерді басып алуына бата бергені деп түсіндіруге болады. Осы жиында ол бұрынғы Ресей патшаларының жеңілу себептерін – соғысты өздері бірінші болып ашқан жоқ, тек қорғану стратегиясын ғана қолданып, терең қателесті деп түсіндіріп, Путинді қайрады. Бұл тақырыпты ресейлік пропаганда өзінің күн тәртібінің басты тақырыбы ретінде бекітіп, барлық ресурстарын пайдаланып, жылдан-жылға Ресей халқының санасына әлі күнге дейін үздіксіз құйып келеді. Аяқ астынан А.Солженицынның жер мәселесі туралы айтқан пікірлері Ресей телеарнасында жиі қайталана бастады. Оның «Ресей 1991 жылы біраз күннің ішінде 25 млн этникалық орыстарды жоғалтты, Ресей үкіметінің құзырында шекара мәселесін қайта қарауға құқықтық негізі бар» деп, Украина, Солтүстік Қазақстан, Қырым аймақтарын меңзегені айтылып жатты. Осы тұста айта кету керек, Путин ресейлік журналист П.Зарубинге берген сұхбатында «Кеңес Одағы құлаған кезде сыйлық ретінде көрші мемлекеттерге Ресейдің кейбір аймақтары қайтарымсыз кетіп қалды», – деп Солженицынның сөзін қайталаған. Осы Президент айтқан пікірді Ресей депутаттары жедел түрде қағып алып, әр түрлі телеканалдар арқылы Қазақстанның солтүстік аймақтары Ресейдің меншігі деп аттандап, осы тақырыпты өздерінің саяси алаңдарында айтысқа да салған болатын. Ойлана қарасақ, Ресей билігі бұл тақырыпта өз пропагандасының айтқанын ресми түрде ешқашан жоққа шығарып көрген емес, себебі мұндай әңгімелер Ресейдің ең биік билік ғимараттарында ашық және жабық түрде айтылатыны айдан да анық.
Үздіксіз он бес жыл көлемінде Батысқа қарсы кешенді жүргізілген «Қамал» (Крепость) деп жоғарыда айтылған арнайы операциясының қорытынды нәтижесін көруді Путин 2022 жылдың 24 ақпанына тағайындады.
Дүниежүзі халқы бұл күнді соғыстың басталғанының бірінші күні деп ойлады. Бірақ Кремльдің жоспарында 24 ақпан соғыстың соңғы шешуші этапының бірінші күні, яғни әскери күшті Украина шекарасын бұзып отырып қолданудың сәті түскен уақыты деп есептелді. Ақпарат ретінде айта кетуіміз керек, осы уақытта Украина шекарасының жанында «Союзная решимость» деп аталатын стратегиялық әскери-жаттығу жиынына қатысуға келген 200 эшелоннан тұратын Ресей мен Беларусьтің мұздай қаруланған әскерлері, әскери техникалары шоғырланған болатын. Бұл жаттығудың негізгі мақсаты – әуел бастан жай ғана жаттығу ғана емес. Бұл қозғалыс бір жағынан, Украинаны тез арада басып алып, қарулы күштерімізді Польшаның шекарасына дейін жылжытамыз деп, батыс лидерлеріне сес көрсету, екінші жағынан, сол арқылы Украинаны Ресейдің қойған талаптарына көндіруге бағытталған, Украинаның шығыс бөліктерін саудаға салған саяси жүріс еді.
Ал енді, Путиннің соғысты 24 ақпанға тағайындауының ең басты себебіне келсек, ол Украина аймағында 2014 жылдан бері саны бірнеше жүзден асатын, Ресей барлау қызметінің істеген жасырын жұмыстарының қорытындысы бойынша Путинге жасаған баяндамасы болатын. Ол құжаттың негізі – Украина елінде бірнеше жыл бойы Ресей мүддесі үшін жасырын қызмет істеген миллиардер, Украина Жоғарғы Радасының депутаты, «За Жизнь» оппозициялық платформасының саяси лидері, Путиннің отбасына өте жақын В.Медвечуктың берген есебі бойынша дайындалған. Өйткені осы аталған Украинадағы саяси күштің қаржысы арқылы Ресейге Новороссия аумағы соғыссыз өткізілуін қамтамасыз етуге жауапты саяси топ құрылған.
Бұл топқа әлі күнге дейін саны анықталмаған президент аппаратындағы, үкімет басындағы чиновниктер, Раданың депутаттары, қорғаныс, бас штабтың және арнаулы қызметкерлердің мемлекет дәрежесінде шешім қабылдауға өкілеттілігі бар үлкен лауазымдағы иелері тартылған. Осы тізімде Путиннің жоспары бойынша әскери операцияның күшімен Ресейдің құрамына кіретін Украинаның шығыс аймақтарының (Новороссия) бірінші басшылары, заң шығару органдары мен құқық, қауіпсіздік аймақ басшылары да анықталған. Қырымның қазіргі басшысы С.Аксенов өзінің саяси карьерасын уақытында Ресейдің қаржысына «Русское Единство» қозғалысын құрып бастағаны туралы ақпараттар бар. Осы аталған топ «Украинаның Новороссия аймақтарында тұратын халқы Ресейдің қол астына өтуіне дайын, тек Ресей әскерінің кіруін күтіп отыр», – деп кураторларын сендірген.
Жоғарыда айтылған, алынған ақпараттардың негізіне сүйеніп, Путин 2022 жылдың 23 ақпанында Қауіпсіздік кеңесінің кеңейтілген мәжілісінде Украинаға қарсы арнаулы операция жасайтынын жариялады. Бірақ Киевті бірнеше күн бомбалау өз нәтижесін бермеді. Зеленский шабаданын алып Львов қаласына қашқан жоқ, Путиннің екінші «Қырым» операциясы жүзеге аспады. Украина халқы 45 жастағы ұлт басшысы Зеленскийдің қол астына бірігіп, «өліспей беріспейміз» деп ұран тастауы – Путиннің жауапты идеологтары мен генералдары өздерінің бас қолбасшыларын жалған ақпаратпен ұзақ уақыт «тойдырып» келгенін ашып салды. Путин өзі жиырма жылдан астам уақыт бойы құрған жүйесінің құрбаны болды. Себебі ол Ресейдің тағына отырғаннан бастап, «Украинаға соғыс ашпаймын» деп халықаралық ақпарат жүйесінде мың мәрте уәде бергені бәрінің есінде.
P.S. Айналып келгенде, сонау 2014 жылдан бастап, Ресей президентіне беріліп келген ақпараттардың барлығы да жалған болғаны, оған бағынышты күштік құрылымдар басшылары тек ақша, мансап үшін Путинге ұнайтын ақпараттар ғана беріп келгені барша әлемге жария болды. Себебі, авторитарлық режим жүйесінде өмір сүрген мемлекеттердің бәрі де ең соңында осындай күйге түскені жайлы фактілер тарихта аз емес.