Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:38, 03 Қазан 2022

Үш оттың ортасындағы Қазақстан

None
None

Өңірлік алпауыттар жиналған Шанхай ынтымақтастық ұйымының Самарқан саммитінде бастысқа қарсы жаңа блок құрылады деп болжанған еді.

Іс жүзінде олай болмады. Әлемнің бесінші экономикасына айналған Үндістанның ел басшысы Моди «Қазір соғыстың заманы емес» екенін Путиннің бетіне айтып, тұқыртып алды. Саммиттің аяқталуын күтпей, едел-жедел еліне аттанған Ши төраға 10 күннен асты, қара көрсетпеді. Ел ішінде «Ол үй қамаққа алыныпты» деген қауесеттер желдей есуде. Күллі әлем назары Бейжіңге ауды. Ұйымға мүшелікке қабылданып, орыс пен қытайдың қасынан табылған Иран ислам республикасы көтерілістің ошағына айналды. Тегеранның шариғат сақшылары сырт аймақтан келген студент қыз Махса Аманиды «жаулығыңды бос байладың» деп дүрелеп, өліміне себепкер болған. Бұл оқиға іштен тынып келген иран әйелдерін көшеге шығарды. Шашын кесіп, хиджабын өртеп, адамдық еркіндік талап етуде. Хиджап дауы саяси талапқа ұласты. Ереуілшілер елдің рухани көсемі Аятолла Хомейнидің портретін өртеп, «баласымен бірге көзі құрысын», «молдалардың билігі аяқталсын» деп ұрандауда.

Президент Тоқаевтың «айналамыз аласапыран болып жатыр» деген сөзі үш көршімізде болып жатқан осындай саяси толқуларды меңзегені анық. Путиннің «арнаулы соғыс операциясы» мен «ішінара мобилизациясынан» кейін елімізге соғыстан қашқан Ресей тұрғындарының қотарыла көшіп келіп жатқаны белгілі. Үкімет оларға көмектесуге, шарықтаған баспана құнын реттеуге, еңбекпен қамтамасыз етуге шешім қабылдады. Студенттерге баспана таппай, ауыл халқын жұмыспен қамти алмай отырған қауқарсыз үкіметтің жомарт пейілі жұрт арасында түрлі пікір тудыруда.

«Орамал дауы» да бізге таңсық емес. Мектептерде жаңа оқу маусымы басталған сайын, діндар ата-аналармен мектеп басшылығы арасында дау күшейеді. Ирандағы «Ислам төңкерісінің» жеңісінен кейін, 42 жыл хиджап киіп, мәжбүрлі түрде тұмшаланған ирандық әйелдердің еркіндікке талпынысы бізге сабақ болса, соңғы кезде саны күрт көбейген «шариғат заңымен жүретін мемлекетте өмір сүргісі келетіндерге» ой салса, кәні?!

Қытайдың қатаң карантин шаралары қазақтар тұратын Іле қазақ автономиялы облысында да күшейген. Әсіресе облыс орталығы Құлжа қаласының 600 мыңнан астам тұрғынының мүшкіл халі әлем назарын аударды. Жергілікті сақшы бөлімшесінің баспасөз қызметі бір күнде 22 адамның аштан өліп, қарсылық білдірген 600 адамның қамалғанын мойындаған. Моңғолияның экс президенті Цахиагийн Элбэгдорж Ресейдің Тыва, Буратия, Алтай жеріндегі қандастарын соғысқа барудан бас тартып, еліне келіп бас сауғалауға үндеуде. Біздікілер орыстың қамын жеуден ары аспай отыр.

Иранды 43 жыл шариғат заңымен басқарған Аятолла Хомейнидің, Қытайдағы 5 жылдық мерзіммен екі рет сайлану заңын өзгерткен Ши төрағаның, халқы қолдаудан ашық бас тартып жатқан Путиннің алдағы саяси тағдыры не болады? Бізге көршілерімізде оң өзгерістер орын алғаны, демократияға жақындағаны тиімді

Тегтер: