Үш жасар баланың өліміне қатысты сотта анестезиологқа амнистия жариялау туралы ұсыныс айтылды
Dent Park Ortho стоматологиялық клиникасында қыз баланың қайтыс болуына қатысты іс бойынша сотта прокурор мемлекеттік айыптаудың айыпталушы, анестезиолог Аида Жұмағалиеваға қандай жаза сұрап отырғанын жариялады.
Стоматологияда болған өлімге қатысты сот ісі тараптардың жарыссөзі кезеңіне өтті. Мемлекеттік айыптаушы Еркебұлан Шалқаров айыптау тарапының ұстанымын мәлімдеді.
«Айыпталушы Жұмағалиеваны ҚР ҚК 317-бабының 3-бөлігінде көзделген қылмыстық құқықбұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танып, төрт жылға бас бостандығынан айыру және үш жыл мерзімге медициналық қызмет көрсету құқығынан айыру түріндегі жаза тағайындауды сұраймын. Конституция күніне орай қабылданған рақымшылық туралы заңға сәйкес айыпталушыны тағайындалған жазадан босатуды өтінемін», - деді прокурор.
Анестезиолог Аида Жұмағалиева Dent Park Ortho клиникасында үш жасар қыздың өліміне байланысты айыпталып отыр. 2021 жылы туған кішкентай науқасқа 18 тісті емдеу үшін «Севоран» препаратымен төрт жарым сағатқа созылған наркоз жасалған. Ояну кезінде баланың жүрегі тоқтап, жасалған реанимациялық шаралар нәтиже бермеген.
Алдыңғы сот отырысында айыпталушының адвокаты мен жәбірленуші тараптың өкілі клиника басшысы Надежда Хон мен стоматолог Төлеухан Әубәкіровті қылмыстық жауапкершілікке тарту жөніндегі өтініште ортақ пікір білдірді.