Үш жылда бір ғана тапсырма орындаған «Отбасы банк» ауылға барса...
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жолдауында үкіметке «Отбасы банктің» қызметін қайта қарауды тапсырды.
Алдағы уақытта Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес бұл банктің жұмысын жүйелеуде басты назарды облыс орталықтарына емес, аудандарға, моно-қалаларға және ауылдарға аудару керек. Осылайшағ «Отбасы банк» пен үкімет енді біраз уақыттан кейін жаңа тұрғын үй саясатын пысықтай бастауы әбден мүмкін.
«Отбасы банктің» жұмысына жаңалық енгізу керектігі, тұрғын үй саясатына халыққа қолайлы өзгерістер қажеттігі бізде үнемі айтылады. Бұған дейін де бұл тақырып президент жолдауларына арқау болды. Банктің ипотекалық бағдарламаларын халыққа қолжетімді ету, бұқараны арзан баспанамен қамту, жастардың тұрғын үй мәселесін шешу, жалдамалы пәтерлер санын арттыру дейсіз бе, толып жатқан жаңалықтар мен ұсыныстар айтылды. Бір қарағанда «Отбасы банк» те, үкімет те халықты тұрғын үймен қамтудың заманауи тетіктерін меңгерген тәрізді көрінеді.
Президент 2021 жылғы жолдауында да жаңа тұрғын үй саясаты туралы қаузады. Артынша жолдауды «қолдағыш», тапсырманы «орындағыш» министрлер «Отбасы банктің» ипотекалық бағдарламаларына қатысты жеңілдіктер жайында сайрай жөнелді. Сол тұста индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі болған Бейбіт Атамқұлов «бұдан былай үй кезегінде тұрған азаматтарға «Отбасы банкінің» ипотекалық бағдарламалары бойынша бастапқы жарна көлемі баспана құнының 10 пайызына дейін төмендетіледі» деп мәлімдеме жасады. Бірақ бұл «Бақытты отбасы» мен «Шаңырақ» бағдарламаларында әу бастан бар, бұрыннан бері көрсетіліп келе жатқан шарт еді. Сонымен бірге Атамқұлов отбасы табысына байланысты ипотека пайызы жылдық 2 пайыз және 5 пайыз болатынын да жаңалық қылып жеткізген. «Бақытты отбасы» бағдарламасының сол кезден бері мөлшерлемесі 2 пайыз, ал «Шаңырақ» бағдарламасының пайызы 5 пайыз екенін ескерсек, бұл шарттардың еш өзгермегенін байқаймыз. Сондай-ақ экс-министр құрылыс салушыларды қолдау мақсатында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік және үлестік құрылыс әлеуетін пайдаланып, жобалық қаржыландыру тетігі енгізілетінін де айтты. Бұл да – екінші деңгейлі банктер бұрыннан қолданып келе жатқан амал. Шындығын айту керек, үкімет тұрғын үй саясатына қатысты президенттің тек бір ғана тапсырмасын орындай алды. Ол – халықтың зейнетақы жинақтарын «Отбасы банк» депозиттеріне аудару мүмкіндігі. Себебі бұған «Отбасы банктің» өзі қатты мүдделі болды. Бұл тәсіл арқылы банк азаматтардың зейнет жасына деп жинаған тұрақты әрі мол қаржы легін өзіне бұрып алып, жақсы кіріс түсірді. Қазір бұл үрдіс те тоқтады. Пайдасын көріп, жасарын жасап алғаннан кейін үкімет пен «Отбасы банк» халық баспана алу үшін пайдаланатын зейнетақы шегін адамның ойына келмейтін сомаға көтере қойды.
Міне, біздегі тұрғын үй саясатына қатысты жаңашылдықтардың сықпыты – осы.
Ойлап қарасақ, қызметі қолданысқа енгелі бері әрісі «Тұрғын үй жинақ банкі», берісі «Отбасы банк» болған кезеңде де аталмыш банк халыққа қолайлы бағдарламалар легін жасақтай алды дей алмаймыз. Рас, белгілі бір көлемде бұл банктің арқасында елдер баспаналы болды. Бүгінгі таңда «Отбасы банкінің» 2,6 млн салымшысы бар, депозиттік базасы 2,2 трлн теңгеге жетеді. Елдегі ипотекалық портфельдің жалпы көлемі бойынша да көш басында: биыл банк арқылы ипотеканың 58 пайызы рәсімделген.
Десе де сарапшылар «аталмыш банк тұрғын үй саясатына қатысты жаңа жүйе құруға қауқарлы емес» деседі. Өйткені банк ескі бағдарламалардың өзін игеріп еңсергені шамалы. Жұмысына күмән көп. Бұған бір мысал – осы банк арқылы жүзеге асатын «Алматы жастары» бағдарламасы. Бірақ бұл бағдарламаға қатысқандар арасында барлық талапқа сай, жұмыс өтілі он жылдан асқан жандар іріктеу тізіміне ілінбей, 0 ұпай алғандардың баспаналы болған оқиғасы көп кезіккен. Бағдарламаға неше жыл қатарынан қатысып, жолы болмаған Алматы қаласы Алмалы ауданының тұрғыны Айғаным Серғалиева былай дейді:
– Бес балам бар. Көпбалалы жас отбасы ретінде «Бақытты отбасына» да, «Алматы жастарының» да талабына келіп тұрмын. Бірақ бес жыл болды, конкурстан өтпеймін. Мамандығым – дәрігер. Тіпті «мұндай бағдарламаларда байқаудан өту үшін тұрғын үй департаментінен, «Отбасы банктен» таныс тауып, кезекті жылжытуға болады» дегенді де естідім. Араға делдал салып, белгілі бір сома ұсынып, оны да бердім. Ақыр соңында алаяқтарға алданып, кезекті жылжыту үшін берген сомамды сотқа жүгініп жүріп қайтарып алдым.
Бұл оқиғаны ести сала, бірден тұрғын үй департаментіне қоңырау шалдық. «Жас Алашқа» аты-жөнін айтқысы келмеген департамент өкілі аталмыш ведомство өкілдерінің ары таза екенін, қазір барлығы цифрландырылғанын, банктің қызметіне де, департаменттегі кезекке де онлайн жүйе арқылы тұруға болатынын айтып, қысқа қайырды. Ол «мұндайда арада жүрген алаяқтар қарапайым халықты пайдаланып кетеді» дейді.
Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары аясында осындай былықтардың болып жатқаны бұған дейін де айтылып келді. Үйлі болғысы келгендер сүттей ұйып отырған отбасымен ажырасып, жалғызбасты ана да атанды, ірі мегаполистерге тұрақты тіркеуге тұру үшін де бармақ басты, көз қысты әрекеттерге барғандарды да көрдік, өз атындағы жылжымайтын мүлікті өзгенің атына аударып, мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, нағыз мұқтаждарға мүмкіндік бермей жүргендер де болды. Осындайда тұрғын үй департаменті мен «Отбасы банк» жұмысына қатысты нақты бақылау, жоғарыдан мықты бір пәрмен керектігін пайымдайсың.
«Отбасы банктің» жалғыз акционері – «Бәйтерек» ұлттық холдингі. Биылғы жолдауда «Бәйтеректің» де құрылымын өзгерту туралы да айтылды. Бұл холдингтің құрылымы қалай өзгеретінін болашақта көре жатармыз. Ал енді «Отбасы банк» болашақта шағын аудандарға, ауылдарға, моноқалаларға барса қалай болмақ?! Әлеуметтанушы Меруерт Молдабаева бұл мәселені әлі зерттеу керек дейді. Бұған дейін ірі қалаларда, алып мегаполистерде шаршы метрі қымбат-қымбат үй салып, оны бірнеше есеге қымбатқа сатып пайдаға кенеліп жүрген құрылыс компанияларының ауылдарға бара қоюы екіталай. Үкімет қанша міндеттесе де алпауыт компаниялар аймақтарға арзан үй салып бермейді.
«Сондықтан да үкімет пен «Отбасы банк» жаңа жүйе құруға қауқарсыз деп толық айта аламын. Себебі бұған дейін бұл салада қарапайым қарашаға тиімді жаңалық болған жоқ. Банк өз есебін ойлайды. Банктің бағдарламалары бейнебір бай манаптарға арналған тәрізді», – дейді маман.
Ауылды қарызға батыру – ешқандай жетістікке жеткізбейді
Бұған қатысты сауалдарды экономика ғылымының докторы, профессор Бейсенбек Зиябекұлына қойдық:
– Бейсенбек Зиябекұлы, «Отбасы банкінің» қызметін ауылдарға, шағын аудандар мен моноқалаларға апару жайына қалай қарайсыз?!
– Бұл жан-жақты зерттеуді қажет ететін мәселе. Өз басым, нақ қазіргідей экономикалық жағдайымызбен ауыл халқына ипотекалық жүйені енгізе аламыз деп айта алмаймын. Ауылды қарызға батыру ешқандай жетістікке жеткізбейді. Мұнымен ауылдағы ағайынның әлеуметтік жағдайын түзей алмаймыз. Керісінше, бізді «ауылға барып 20 қабатты үй тұрғызсақ, онда кім тұрады» деген сауал мазалауы қажет. Осы сауалды зерттеу керек. Баспананы үкімет қандай адамдарға салады? Жұмысы бар адамдарға баспана беріледі. Жұмысы жоқ, табысы аз, әлеуметтік жағдайы төмен адамға баспана берілмейді. Мұны негізге алатын болсақ, қазір ауыл халқының жартысынан көбі жұмыссыз. Демек, бұл арада ауылдағы жұмыссыздық деңгейін төмендетуге бас ауырту қажет. Ең алдымен, ауылды жұмыспен қамту керек.
– Тұрақты жұмыссыз жүрген ел ипотеканы не қылады дейсіз ғой.
– Нақ солай. Ауыл халқына қазір үй керек жоқ. Жер қажет. Ауылдағы ағайын малын қайда жаярын білмей, жайылымдық жер таппай қиналады. Егін салайын десе де жер жоқ. Ауылға «Отбасы банкін» емес, салалық агробанктерді апару керек. Сол банктердің қаржыландыруы аясында ауылдық жерлерде шағын кластерлер, кооперативтер құрылғаны жөн. Осындай ақылға қонымды істермен айналысқан абзал. Халық онсыз да банктерге қарыз. Субсидия берсе де халыққа жетпейді. Дотация берілсе де сол. Лизинг жеңілдіктер дегенмен де оның белгілі бір пайызы бар. Шағын несие де ауылды жарылқамады. Ауылдағы ағайынды жермен қамту керек. Сосын ол жерлерге ауылдың өнідірістік қабілетін көтеретін шағын өндіріс орындары салынуы қажет. Сол кезде барып ауылдағы елдің тұрмысы көтеріледі. Жері болса, халық үйді де өзі салып алады.
– Осы әрекеттерді «Отбасы банк» арқылы неге орындамасқа? Жерді арзан несиеге беру, өндіріс салуға арзан несие беру деген тетіктерді осы банк арқылы енгізуге болады ғой?
– Оған «Отбасы банкінің» акционері «Бәйтерек» қызықпай отыр ғой. Ондай алпауыт холдингтердің ауылға қаражат салуы тиімсіз. Оларға тұрғын үй салып, содан пайда көрген жеңіл. Ал жаңағыдай ғылыми тұрғыда ойланып, болашақты қамсыздандыратын агроөнеркәсіптік қабілетті арттыруға олар бас қатыра қоймайды. Олардың бар ойы – бюджеттің қаражатын игеру. Ауылға, шағын ауданға, дамымай қалған моноқалаларға «Отбасы банк» баратын болса ол тек ауылдың, ауданның, шағын қаланың өндірістік қабілетін көтеруге баруы керек. Үкіметтің бұл банктің қызметін ауылға осы бағытта апаруға қауқары жетсе жақсы, ал жетпесе банктің қызметін ауылға, шағын аймақтарға апарып қажет емес. Соңғы бес жылда ауыл шаруашылығын қаржыландыруға 2 трлн теңге кетіпті. Рекордтық көрсеткіш. Бірақ триллиондарды жұтқан бұл сала тұралап тұр. Өкініштісі – осы.