Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:00, 26 Қараша 2025

Ұшақ қанатына қатқан қан: Bek Air-дің қаза тапқан ұшқыштары неліктен кінәлі деп танылды?

1
Фото: Жас Алаш / Томирис Есқали

Алматыда 2019 жылы апатқа ұшыраған Bek Air ұшағына қатысты жақында сот үкімі шықты. Сот шешімі бойынша, қаза болған ұшқыштар Марат Мұратбаев пен Миржан Молдақұловкінәлі деп танылды.

Олардың қайтыс болуына байланысты жаза тағайындалмады. Сот шығынын мемлекет есебінен өтейтінін мәлімдеді. Қаза тапқан ұшқыштардың отбасы мүшелері сот үкімімен келіспейді. Сот жәбірленушілердің моральдық және материалдық өтемақы талап ету құқығын мойындап, компенсация мөлшерін азаматтық сот тәртібімен анықтауға шешім қабылдады. Жәбірленушілер жалпы сомасы 5 млрд-қа жуық өтемақы талап еткен. Судьяның айтуынша, апаттың тікелей себебі – ұшақ қанаттарында қар мен мұздың жиналуы.

Апат қалай болды?

2019 жылы 27 желтоқсанда Алматы әуежайынан ұшып шыққан Bek Air әуе компаниясының Fokker-100 ұшағы әуеге көтеріле алмай, әуежай маңындағы екі қабатты үйге соғылды. Ұшақ бортында 93 жолаушы және 5 экипаж мүшесі болған. Апат салдарынан оқиға орнында 11 жолаушы мен экипаж командирі қаза тапты, ал ауыр жарақат алып, аман қалған екінші ұшқыш ауруханадан шыққан соң қайтыс болды. Қайғылы оқиға салдарынан 12 адам көз жұмып, 66 адам түрлі деңгейде жарақат алды. Бұл апат елді дүр сілкіндірді.

Bek Air ұшағы апатының себебін анықтау мақсатындағы тергеу амалдары бес жылға жуық уақытқа созылды. Бас көлік прокуратурасы тергеудің ұзаққа созылуын білікті мамандар тапшылығымен түсіндірді. Сондай-ақ тергеу аясында 150-ден астам сараптама мен арнайы зерттеу жүргізілгені хабарланды. Халықаралық ынтымақтастық шеңберінде Бельгия, Германия, Нидерланды сынды шет елдерден құқықтық-техникалық ақпарат сұратылды. Істің күрделілігі мен көптеген техникалық аспектілерін ескеру тергеуді созып жіберді.

Тергеу барысында бірнеше рет қосымша тексерістер тағайындалып, тіпті 2024 жылдың соңында апат себептерін дәлірек анықтау үшін істі қайта тергеу туралы да сөз болды. Толық тексерулер нәтижесінде қылмыстық іс бойынша тергеу 2024 жылдың соңына қарай аяқталып, іс материалдарымен тараптар танысуға кірісті. Бес жылға созылған тергеу қорытындысында апатқа алып келген факторлар мен жауапты тұлғалар шеңбері анықталды және іс сотқа жолданды.

1
Фото: ашық дереккөз

Сот анықтаған апат себебі мен ұшқыштардың қателіктері

Сот тергеу материалдарын зерттей келе, апаттың тікелей себебін нақты атады. Ұшақтың қанаттарында қатқан мұз бен қар ұшу кезінде көтергіш күштің теңгерімін бұзған. Соның салдарынан ұшақ қажетті биіктікке көтеріле алмай, ұшу-қону жолағынан шығып, әуежай аумағына жақын маңдағы екі қабатты үйге соғылған. Тергеу мәліметінше, экипаж ұшу қауіпсіздігі талаптарын өрескел бұзғаны анықталған. Анығында, 11 рет ереже бұзылған. Сот үкімінде ұшқыштардың мынадай қателіктері көрсетілген:

  • Ұшуға дейінгі дайындықты тиісті деңгейде жүргізбеуі – ұшақ қанаттарындағы мұз қатуын дер кезінде анықтамаған және оған қарсы сұйықтықпен өңдеу шараларын қолданбаған.
  • Ұшу кезінде белгіленген талаптарды сақтамауы – әуе кемесінің көтерілу бұрышын шамадан тыс (10°-тан жоғары) ұлғайтып, ұшақтың бағытын сақтамаған. Мұндай жағдайда дереу сапарды тоқтату қажет болатын, алайда экипаж әуеге көтерілуді жалғастырған.
  • Ұшқыштардың әрекетсіздігі – қауіпті ахуал қалыптасқанда қажетті шешім қабылдап, ұшуды тоқтатпаған.

Соттың пайымынша, осындай қателіктер мен әрекетсіздік тікелей апатқа алып келген.

Бұл тұжырымдар әуе апатын тергеп-тексеру департаментінің қорытынды есебі, трасологиялық сараптама нәтижелері мен авиация саласы мамандарының берген қорытындыларына негізделіп жасалған. Тергеу барысында жиналған айғақтар – қара жәшіктің мәліметтері, куәгерлердің көрсетімдері, сарапшылардың пікірлері – ұшқыштардың кінәсін дәлелдейді делінді.

Айта кету керек, сотта қорғаушы тарап апатқа тек экипажды кінәлі етпей, өзге ықтимал себептерді де қарастыруды сұрады. Мысалы, ұшаққа мұзға қарсы сұйықтық дұрыс шашылмауы немесе оның құрамын әуежай қызметкерлері шатастырып алу мүмкіндігі жөніндегі уәж айтылды, алайда сот мұндай нұсқаның дәлелі жоқ екенін мәлімдеді. Прокурор ұшқыштарды кінәлі деп тануды, алайда олардың қайтыс болуына байланысты қылмыстық жазадан босатуды сұрады. Сонымен қатар жәбірленуші жолаушылар мен қаза тапқандардың отбасыларына тиісті өтемақы өндіріп беру мәселесі көтерілді. Айыптаушы тарап Bek Air акционерлік қоғамынан жәбірленушілерге моральдық және материалдық зиян өтеу үшін 4,87 млрд теңге өндіріп алуды талап етті. Бұл сома апаттан зардап шеккендерге төленуі тиіс жалпы шығынды білдіреді. Сот үкіміне сәйкес, Bek Air компаниясының есепшоттары мен мүлкіне салынған тыйым азаматтық талаптар толық қаралып біткенше күшінде қалатын болды.

Зәуреш Молдақұлова
Фото: Жас Алаш

Ұшқыштардың отбасы мүшелері шешіммен келіспейді

«Жас Алаш» ұшақ апатына байланысты сот шешімі шыққан соң қайтыс болған отбасы мүшелерімен сөйлесті. Миржан Молдақұловтың жары Зәуреш Молдақұлова апат болған күнді былай сипаттап берді:

«Бәрі де әттедігей болатын. Таңертең кеш тұрдым. Телефонымды сөндіріп қойған болатынмын. Қайта қоссам, жауап берілмеген қоңыраулар, артынша видеолар келе бастады. Кейіннен бейтаныс нөмірден Миржан хабарласып: «Зәуреш, біз құладық. Мен жақсымын, кеуде тұсым ғана жарақаттанған, алаңдама, мен мықтымын ғой» деді. Мен не істерімді білмей алай-дүлей болып, үй ішінде жүрдім. Түске қарай туыстарымыз келе бастады. Олар «қалай шыдадың?» деп сұрайды. Мен Миржанның даусын естігесін, оның үстіне өзі сабырға шақырғасын шыдап отырғанымды айттым. Осының өзі оның қамқор әке, жақсы жар екенін білдіреді. Осы сапарға кетіп бара жатып, ол өзін біртүрлі ұстаған еді. «Қызым іздейді-ау, келген соң қызымды қыдыртамын, жаңа жылды жақсы қарсы аламыз» деп айтумен болды. Іссапарға кетерде олай айтпайтын. Осы жолы кетпей тұрып қызын іздей берді, сезген сияқты».

Миржан Молдақұлова
Миржан Молдақұлова. Фото: ашық дереккөз

Бір ұшқыш апаттан аман қалды

Миржан Молдақұлов апаттан ауыр жарақат алғанымен аман қалды. Алайда жары Зәуреш Молдақұлованың айтуынша, жұбайына қысым жасалған. Дәрігерлердің тергеуді тоқтату туралы талаптары ескерілмеген. Тергеуші Айдар Сейітжапаров отадан жаңа шыққан ұшқышты ұзақ тергеген, арасында ауруды басатын дәрілер ектіріп, тергеуін қайта жалғастырған.

«Миржанның бетіне қатты зақым келген, кеуде сүйегі, омыртқасы сынған. Дәрігерлер ота жасап, бет сүйегін әрең жинап алғанын айтты. Бірақ тергеуші бұған қараған жоқ. Сағаттап сұрақтың астына алды. Бұл дұрыс емес деп ойлаймын. Халықаралық нормаларға да қайшы. Алайда сот барысында мұны іске қоспады. Тек ұшқыштарға шүйлігіп, соларды кінәлі етті. Ал ауыр халде жатып жауап берген адамның жауабы жарамсыз деп танылуы керек. Өйткені ол қателесуі мүмкін. Мұны әділетсіздік деп санаймын. Сейітжапаров дәрігерлердің «емделуі керек» деген сөзін тыңдамай, тергеуді жалғастырды. Бұл апаттан кейін ауыр халде жатқан адамды азаптаумен бірдей. Сейітжапаров күйеуіме емделуге мүмкіндік бермей, оның өліміне себеп болды деп есептеймін. Бұдан бөлек жұбайымды ауруханадан шығарып жіберді. Үйде дәрігер келіп қарап тұрады деген, алайда бір дәрігер ғана келіп тұрды. «Тергеуші» деген сөзден еліміздегі азаматтар қорқады. Дәрігерлер асығыстық жасады. Дұрыс қарап, емдегенде, мүмкін тірі қалар ма еді», – дейді Молдақұловтың жары.

Сот кезінде айтылған тағы бір жағдай мынау: әуежай қызметкерлері қателесіп, ұшақты тазартатын сұйықтықтың орнына суы көп сұйықтық қолданған болуы мүмкін. Сот кезінде Вek Air әуе компаниясының бұрынғы басшысы әуежайдың қызметкерлері мұзды тазартатын сұйықтықтың ыдысын шатастырып, концентраттың орнына әлсіз ерітінді қолданған болуы мүмкін екенін айтты. Ұшу жөніндегі комитеттің бұрынғы төрағасы болса, техникалық қызметкерлер стабилизатордағы мұзды дұрыс тазаламаған деп есептейді. Ал әуежай қызметкерлері мұны жоққа шығарды.

«Мұның барлық дәлелі бар. Сұйықтықты құйған қызметкерлер құжатты өзгертті дейтін дәлелдер де бар. Бірақ мұның бәріне сот көз жұмып отыр. Өйткені әуежайдың артында ықпалды адамдар тұрған сияқты. Сондықтан бұл уәж қаралған жоқ. Сарапшылардың өзі үлкен маман емес екен. Соның бәрін біздің қорғаушы сотта дәлелдеді. Бірақ сот оған қарамай, тек қайтыс болған адамдарды кінәлады. Қаза тапқан адам өзін қорғай алмайды, бәріне де ыңғайлы жағдай осы шығар. Оған дейін де бірнеше ұшақ мұз ерітетін сұйықтықты қолданбай-ақ ұшып кеткен. Ал бұлардың ұшағындағы стабилизаторға су араластырған сұйықтық шашқан. Егер су қоспағанда бұлар да ұшып кетер еді.

Ұшқыштарды неге кінәлайды? Егер ұшақ тұмсығымен құлағанда жарылып кетер еді. Алайда ұшқыштар көптеген адамның өмірін сақтап қалды, сондықтан оларды батыр санауымыз керек», – дейді Зәуреш Молдақұлова.

Сот ұшқыштарды кінәлі еткенімен, олардың туыстары әділдік орнағанын қалайды. Ұшқыштардың туыстары істің толық әрі әділ қаралуын, барлық тараптың әрекеттері мен қателіктері зерттелуін талап етеді. Олар әуежай қызметкерлерінің мұзға қарсы тазарту кезіндегі әрекеттері, сұйықтықтың сапасы мен құрамына қатысты мәліметтер, сондай-ақ тергеу барысында жіберілген заңбұзушылықтар ескерусіз қалмауы керек деп санайды. Ұшқыштардың туыстарының айтуынша, барлық жауапкершілікті қайтыс болған пилоттарға жүктеу – істі жеңіл жабудың жолы.

«Тергеу жан-жақты жүргізілуі керек деп есептейміз. Дәлелдері бар құжаттарды тексеруі қажет. Оны тексермей, жылы жауып қоя салып отыр. Өйткені 6 жыл өтіп кетті. Енді қайта істі көтерсе, оған тағы ақша кетеді. Сондықтан оларға осы жол тиімді сияқты. Шынында да қанша ұшақ апаты болса, соның бәрінде ұшқыштар кінәлі болады. Өйткені бізде әділдік жоқ. Жоғарыға қарайлаймыз. Олар не айтады, соны істейді. Ол жерде отырған судья да, прокурор да жас бала. Олардың шешімін ешкім қабылдамас еді, олар үлкен бір нұсқаумен шешім шығарды», – дейді ұшқыштың жары.

1
Фото: Алина Молдақұлова

Миржан Молдақұлов КСРО кезінен бері штурвалға отырған тәжірибелі ұшқыш болған. Ол 1987 жылы Краснокутск азаматтық авиация ұшқыштар училищесін бітірген. Әр жылдары Ан-2 және L-410 әуе кемелерінде ұшқан. 1987-1996 жылдары Арқалық біріккен авиаотрядында қызмет еткен. Кейін еңбек өтілі бойынша зейнетке шыққан. Содан соң егістікті өңдейтін жеке компанияларда қызмет еткен. Сонымен қатар ол оқуын жалғастырып, қайтадан жолаушылар авиациясына оралуды мақсат еткен. 2014 жылдан бастап Bek Air компаниясында жұмыс істей бастаған.

«Ол ақылшы, балажан еді. Елуден асып екінші қызды болдық. Кенжесін қолынан түсірмейтін. Екінші қызымыз екі жасқа толғанда әкесі өмірден өтті. Әйтпесе әлі күнге дейін қызын мойнына мінгізіп жүрер ме еді. Бірінші қызымыз – Алина туғанда да қатты қуанған. Үнемі өзі қарайтын. Шашын өріп, сабағына өзі апаратын. Қамқор әке, бір жағынан талапшыл болды. Үшеумізді де «қыздарым» деп еркелететін. Мереке сайын гүлін әкеп тұратын», – дейді Зәуреш Мұлдақұлова.

Миржан Молдақұлов
Миржан Молдақұлов отбасымен бірге. Фото: Алина Молдақұлова

Сонымен 5 жылға созылған тергеу мен сот нәтижесінде Bek Air ұшағының апаты үшін негізгі жауапкершілік ұшақты басқарған екі ұшқышқа жүктелді. Дегенмен бұл шешім қоғамда, әсіресе ұшқыштардың туыстары арасында екіұдай пікір туғызды. Әуе апаттары әлемдік тәжірибеде көп жағдайда көпфакторлы себептен туындайды. Бір ғана адамға жауапкершілікті толығымен жүктеу – қауіпсіздік жүйесін дамытпайды. Осы тұрғыдан алғанда, тергеу мен соттың басты мақсаты кінәліні іздеу ғана емес, кемшілікті анықтап, болашақта осындай қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін нақты реформалар ұсыну болуы тиіс еді.

Бұған дейін вице-премьер Қанат Бозымбаев ұшақ апатына байланысты өтіп жатқан сот процесіне қатысты пікір білдіріп: «Бұл іске қатысы бар адамдар қаншалықты ықпалды болса да, әділдік салтанат құруы тиіс», – деген болатын. Бұдан бөлек, Бозымбаев «асығыс тұжырым жасамауға және барлық жауапкершілікті қаза тапқан ұшқыштардың мойнына артып қоймауға» шақырған еді. Алайда вице-премьердің сөзі сотта ескерілмеген сияқты.

Айтпақшы, «Жас Алаш» ұшақ командирі Марат Мұратбаевтың жары Айгүлмен де сөйлесті, бірақ ол бәрінен көңілі қалғанын, әділет салтанат құратынына сенбейтінін алға тартып, сұхбат беруден бас тартты...

Тұрсынбек БАШАР