Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:47, 15 Наурыз 2022

Ұшақ ұшынып тұр

None
None

Жақында еліміздегі авиакомпаниялардың билеттері өткен жылмен салыстырғанда тағы 18%-ға қымбаттады.

Шыны керек, бұрында да баға жетісіп тұрмаған еді. Талай қазақ шетелге ұшатын болса, еліміздегі бағаны қалтасы көтермей көрші Қырғызстан арқылы немесе Өзбекстан арқылы ұшып жүретін. Тек қалтасы қалыңдарға арналған ұшақтарымыз бағаны түсіріп, қалың қазаққа жағдай жасай ма деп жүргенімізде, баға тағы ұшқанын байқап отырмыз.

Атап өтер жайт, ҚР авиатасымал және логистика секторын Украинадағы жағдай мен әлемдік қоғамдастықтың Ресейге қарсы санкциялары аясында үлкен өзгерістер күтуде. Мәселен, қазіргі таңда  ҚР Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша әуе кеңістіктерінің жабылуына байланысты әуе қозғалысы ағынының бір бөлігі Қара теңіз аймағынан Қазақстан аумағына бағытталған көрінеді. Тек бір тәулікте елдің әуе кеңістігі арқылы бұрын жоспарланбаған 257 рейс орындалған. Еуропадан Қытайға және Оңтүстік-Шығыс Азияға бағытталған рейстердің артуы елімізге айына $1,5 млн көлемінде қосымша табыс әкеліп жатқаны белгілі болуда. Алайда авиакомпанияларымыздың араны ашылып, халықты қанай түсуді мақсат еткені байқалады. Ведомства хабарлауынша, республиканың аэронавигациялық жүйесінің өткізу қабілеті ешқандай шектеусіз әуе қозғалысының қосымша көлемін қабылдауға мүмкіндік береді. Соның өзін қанағат тұтпай, халықтың қымбатшылыққа деген қаңтар айындағы наразылығына да пысқырып қарамастан ақпан айынан бастап, жолаушылар әуе көлігі қызметтерін пайдалану бағасы өткен жылмен салыстырғанда 17,7%-ға қымбаттауы нені аңғартады?

Еліміздің көптеген аймақтарында сектордағы бағаның өсуі байқалып отыр. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында баға бір жылда 45,7%-ға қымбаттаса, Маңғыстауда 43,2% және Түркістан 34,8% көтерілгенін көрсетіп отыр. Шыны керек өткен айда теміржол билеттерінің арзандауы байқалған соң, халық әуе компанияларынан да жақсы хабар күткен еді. Алайда ұшақ билеттерінің бағасы ай сайын аспандап барады.

«Осы біздің авиакомпаниялар не жеп ақылды болады?»

Елімізде әлеуметтік желілерде де ұшақтардың бағасы мен жолаушыларға деген төмен қарым қатынасы жиі сөз болып жатады. Мәселен жақында Сәбит Рысбаев есімді желі қолданушысы «Бір танысым Лондонға барайын деп билет іздеді. Air Astana-дан алайын деп жатқан жерінен Киев арқылы ұшсаң ақшаңды екі есе аз төлейді екенсің деп көрсеткен едім, сол билетті алды. Ақшасының қанша екенін ұмытып қалдым. Бірақ біздікінен 2 есе аз төледі. Бүгін Астана – Стамбул – Астана билетін қарасам Air Astana 225 мың теңге сұраған кезде Бішкек – Стамбул – Бішкек 139 мың теңгеге сатып жатыр. Қайтадан Лондонды қарай салсам Air Astana Франкфрут арқылы 221 мыңға апарамыз дейді. Fly Dubai компаниясы Дубай арқылы 131 теңгеге апарамыз дейді. Мажарлардың Wizz Air компаниясы Будапешт арқылы 59 мың теңгеге сатып жатыр. Осы біздің авиакомпаниялар не жеп ақылды болады? Әлде оу бастан ақылды болып туылған ба?» деп жазба қалдырған. Осы жазбадан ақ біздегілердің бағасының басқалардан әлдеқайда қымбат екенін байқаймыз.

«Эйр Астананың» саған түкіргені бар

Бағаны үнемі ойнатып, сәт сайын қымбаттатып отыратын әуе компаниялары халықтың наразылығына назар да аудармауға үйреніп алған. Ашынған халық бар ренішін әлеуметтік желілерге жазып, әуе компанияларымыздың сыртынан «ұрсып» отырады. Блоггер Жалғас Ертай да жақында Air Astana компаниясында адамдардың орнына роботтар жұмыс істейді екен. Өзімізде құжат түгел, бірақ баланың цифрлы құжаты ғана бар. Ал цифрлы құжатты көрсететін EGov Mobile қосымшасына кірмейді, жүйесі құлап жатыр. Бізге билетін сатып алып, енді біздің кінәміз емес, электронды үкіметті кінәлаңдар, өкпелеріңді Бағдат Мусин мырзаға айтыңдар дейді. Билеттеріңді ауыстырмаймыз, ұшаққа да отырғызбаймыз, өздерің кінәлі деп бет қаратпай отыр. Сұрақ: цифрлы құжат арқылы ұшаққа кіруге болады, бірақ электронды үкімет сайты істемей қалса, далада қаласың. Біз далада қалдық. Енді проблема: цифрлы құжат қабылдаймыз деп билет сатады, бірақ цифрлы құжатты көрсететін сайт ашылмай қалса, онда билетің де күйіп кетеді, ұшаққа да отыра алмайсың, «Эйр Астананың» да саған түкіргені бар.

Электронды Үкімет қосымшасының ашылмай қалғаны жайлы жырды бастамай-ақ қояйын. Air Astana, сіздер үнемі халықтың жағдайын түсінуге тырыспай, ылғи солай жек көресіздер ме?

UPD: ең сорақысы – екі адамның отырғызу билетін қолымызға ұстатып, өздерің өте беріңдер, бала өтпейді деп, оныкін көзімізше жыртып тастады» деп жазба қалдырған. Яғни, олар техникалық себептер орын алса да, мәселені шешпей бар кінәні халыққа артып, ұшаққа мінгізбей қоя салады. 

«ЭйрАстананың» «біртүрлі» қылығы

Жалпы халықтың үніне құлақ аспайтын авиакомпанияларға істер айласы қалмағандар бар ренішін әлеуметтік желіге жазып, бір шара қолданар деп Үкіметке үміт артуда. Соның дәлелі кеше ғана журналист Нәзия Жоямергенқызының жазбасы. «Астанаға Ақпарат министрімен кездесуге неге бармадыңыз?» деп алаңдап жатқан достарға айтарым. Жолға дайындалдым, қосымша кездесулер жоспарланған, кәдімгідей сенімді болғам ұшатыныма. Бірақ «Эйр Астананың» рейсі ұшпай қалды. Ұшпайтыны жайлы ескертуді түнге 10-ға қарай жіберген, оны түнгі 12-ден кейін көрдік. Компанияның хабарласу телефоны жұмыс істемейді. Басқа рейске отыруға уақыты ыңғайсыз болды. Айтайын дегенім, «ЭйрАстананың» «біртүрлі» қылығы. «Компания қажеттігіне орай рейстен бас тартылды, ақшаңыз толық қайтарылады» деп түсіндірді оператор қыз. «Мәселе ақшада емес, қанша адам жолынан қалды. Маңызды кездесулерге қатыса алмады. Оны немен өтейсіңдер?» дедік. Үндемеді. Қызық, көлік салоны толмай қалғанда клиенттерін «лақтырып» кететін кейбір жынды таксистер болады ғой. Бұлардың қылығына қарап соларды елестеттім. Соңғы 3 жылда шет елдерге тек «Эйр Астанамен» ұшып жүрміз. Келесі айда Нидерланд пен Британиядан келетін еуропалық медиа тренерлерге де «Эйр Астанадан» билет алғалы отырғанбыз. «Құрысын, тағы ұшпай қалып жүрер» деп «ТуркишЭйрге» тапсырыс бердік. Отандық компанияны қолдасақ деген ниетіміз осылайша онша болмай тұр енді» дейді журналист. Үш жазбада әуекомпанияларымыздың үш түрлі сорақы тірлігі. Бірақ шара қолданылып, халықтың ескертуі еленер емес.

Билетінің бағасы бетімен кеткен, халыққа деген қарым қатынасы төмен авиакомпанияларға «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» табылар ма?! Айтпақшы осыдан үш жыл бұрын «билеттерінің бағасы 4999 теңгеден басталады» деп FlyArystan іске қосылғанда халық «біз де ұшаққа мінетін күн туады екен ғой» деп қуанғаны есте. Алайда шыны керек бүгінгі күні оның бағасының өзін халықтың қалтасы көтермей еліміздің батысынан оңтүстігіне үш күн жүріп пойызбен әзер жетуде. Мына түрімізбен қарапайым халық ешқашан ұшаққа мінбей кететін секілді... 

Тегтер: