Үшінші дүниежүзілік соғысқа тағы бір қадам

10 мың жауынгер. Бұл Польшаның Беларусь шекарасына орналастырып жатқан әскерилер саны.
Мәлімдемені 10 тамыз күні Польша Қорғаныс министрлігінің басшысы Мариуш Блащак хабарлады.
Бұған дейін Ресей Федерациясының Қорғаныс министрі Сергей Шойгу одақтас екі мемлекеттің, яғни Ресей мен Беларусьтің батыс шекарасына 360 мыңға жуық әскери, 8 мың бронды техника, 650 ұшақ пен тікұшақ орналастырғанын айтқан болатын.
Даудың басы – Лукашенконың екі ұшағы. 1 тамыз күні Беларусь әуе күштері поляк әуе кеңістігіне рұқсатсыз кірген. Польшаның СІМ бұл әрекетті «тікелей арандатушылық» деп бағалап, Минскіден түсініктеме талап еткен. Алайда Беларусь Республикасы бұны жоққа шығарды. Қазіргі таңда екі мемлекет арасында шекара бұзылып, дау-дамай туындап жатыр. Соңғы 2 апта ішінде екі ел арасында бірден бірнеше жанжал орын алған. Алдымен поляктар ЕО-дан астық әкелу үшін белгілі бір аумақты шектеуді сұрады. Бұл ұсыныс Беларусь елін 20% табысынан айырылуына әкеп соғуы мүмкін еді. Кейін БАҚ арқылы ақпараттық соғыс басталды. Поляк газеттерінде «Беларусь Республикасы қоршауды ашып, мигранттарды өз елдеріне бағыттап, осылайша гибридті соғыс жүргізіп жатыр» деген ақпараттар жарияланды. Ал Беларусь екі ел арасында «жаға жыртыс» жанжалға қарамастан, Польшаның соғыс аша алмайтынына сенімді.
Егер Польша мен Беларусь күштерінің нақты ара-қатынасын алып қарайтын болсақ, қазіргі таңда Беларусь аумағында Ресей Федерациясы әскерлерінің, сондай-ақ Ресейдің ядролық тактикалық қаруының болуы Польша әскерлерінің Беларусьтің шекаралас аймақтарына басып кіруіне үлкен тосқауыл болып отыр. Ал АҚШ екі ел арасындағы шиеленістің пайда болуына қызығушылық танытпайды, – деді Беларусь әскери сарапшысы Александр Алесин.
Ресей де Беларусь елінің мүддесін қорғамақ ниетте. Совфед сенаторы Андрей Климовтың айтуынша, Ресей Польшадан келетін қауіп-қатерді жою үшін бәрін жасайды.
– Беларусь – біздің көршіміз ғана емес, одақтас мемлекетіміз. Сондықтан Поляк елі тарапынан туындаған қауіпті тойтару кезінде Ресейге шабуыл жасағандай жауап қайтаратынымызға ешкім күмәнданбасын, – деп ескертті Климов.
Ал Польша президенті Анджей Дуда Washington post газетіне берген сұхбатында «қазіргі таңда Ресейді көп шығынға батпай-ақ, оңай жеңуге болады» деп мәлімдеген. Демек, екі ел де соғысқа кет әрі емес. Салдары қандай болатынын анық айту үшін Ресей мен Украина арасындағы соғыстың қазіргі жағдайына шолу жасаудан бастайық.
Себеп көп, нәтиже жоқ
Ресей мен Украина арасындағы соғыстың басталғанына 591 күн өтті. Ұзаққа созылған текетіресте қай елдің жеңіске жететіні көкейкесті сұраққа айналып отыр. Былтыр ақпан айында соғыс басталған уақытта батыстық ғалымдар 2023 жылдың соңына дейін соғыс аяқталуы мүмкін деген болжам жасаған. Енді, міне, сол айтылған 2023 жылдың жартысынан аудық та. Алайда ұрыс жалғасып жатыр. Соғыстың қашан, қалай бітетіні көпшілікке беймәлім. Бұл тұста әлемдік сарапшылар бірнеше сценарийді ұстанады.
Біріншісі – Украинаның жеңісі. Кейбір ғалымдардың пікірінше, Ресей жеңілгенін мойындап, Қырымды Украинаға қайтарады. Бұндай көзқарасты Норвегия Қорғаныс министрі Эйрик Кристофферсон да қолдап отыр. Оның айтуынша, бұл соғыс Ресейге үлкен шығын әкелуде. Соның ішінде, адам шығындарының да үлесі жоғары.
Бұған дәлел – ең ірі халықаралық ақпарат және жаңалықтар агенттігінің бірі Associated Press-те соғыста көз жұмған ресейлік жауынгерлердің саны 47 мыңға жеткені туралы ақпарат жарияланған. New York Times-та жарық көрген АҚШ әскери сарапшыларының ақпаратында соғыстағы ресейліктер шығыны 180 мыңнан астам екені айтылған. Вашингтондағы Соғысты зерттеу институтының ақпараты бойынша, адам шығынының көптігі Ресейді жеңіліске алып келуі мүмкін.
Екінші сценарий – екі жақтың бейбітшілік келісімге келуі. Халықаралық телекомпания «Әл-Жазира» ақпараттық агенттігінде жарияланған ақпараттар да осындай көзқараста.
«Ресей бұл соғыста жеңбейді. Бұл оңай емес. Ресейдің соғыс басталған кездегі мақсаттары, оның ішінде Украина билігін әскери жолмен құлату ниеті жүзеге аспайды. Сондай-ақ Украинада Ресейдің жүз мыңдаған солдаты жүр. Бұл Киевтің «барлық территориямызды қайтарамыз» деген мақсатының жақын арада орындалмайтынын көрсетеді. Соғыс жалғаса береді. Қанды қырғын болады. Зардабы өте ауыр. Бір сәтте екі жақ келісімге, не болмаса әскери шешімге тоқтайды», – дейді АҚШ-тың әскери шенеуніктерінің бірі, генерал Марк Милли.
Ал үшінші сценарий Ресей Украинамен соғысын тоқтатпай, ары қарай НАТО-ға мүше мемлекеттерге тырнағын батырып көруі ықтимал. Атап айтқанда, Польша, Чехия, Эстонияға көз тігуі мүмкін. Бұл көзқарастың шынайылығын Беларусь әуе күштерінің Польшаға рұқсатсыз кіруінен көруге болады. Алайда жоғарыдағы екі сценарийді назарға алсақ, Ресейдің соғысуға қауқары қатты емес.
«Аққу, шортан һәм шаян»
Польша мен Ресей арасындағы қақтығыстың соңғы нүктесі 1921 жылы 18 наурызда РКФСР (Ресей Кеңестік Федеративтік Социалистік Республикасы), Польша және Украина арасындағы «Рига» бейбітшілік келісіміне қол қоюмен тәмамдалды. Құжатқа сәйкес, 4,5 миллионнан астам тұрғыны бар 200 мың шаршы шақырымға жуық Батыс Беларусь аумағы поляк мемлекетінің құрамына кірді. Шекара Минсктен шығысқа қарай 30 шақырым жерді алып жатыр. Қазіргі таңда бұл – Польшаның екінші ең ұзын шекарасы. Ал 1939-1954 жылдардағы поляк-беларусь қақтығы кезінде Белосточчина мен Подляшье поляктарға берілген.
Осы тарихи оқиғадан кейін поляктар мен беларусьтардың арасындағы мұз еріген емес. Өткен ғасырдағы жағдай бүгін де жалғасын табуы ықтимал. Бірақ көз тіккен алаң – басқа. НАТО-ның назары – Арктикада, Ресейдің көздегені – Балтық теңізі. Ақпаратты британдық барлау дереккөздері растайды. Олардың мәліметінше, қазіргі таңда АҚШ Қорғаныс министрлігінің штаб-пәтері Пентагон Арктикадағы мұзжарғыш кемелердің құрылысына миллиардтаған доллар бөлген. Бұл бір ғана дерек. Жалпы, бүгінде Арктика – Ресей мен НАТО-ның қарсыласу аймағына айналып отыр. Мәселенің анық-қанығын НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенберг өткен жылы ВВС арнасына берген сұхбатында ашық айтқан.
«Ресей солтүстіктегі әскери қатысуын жандандырып жатыр. Қазіргі таңда Мәскеу Арктикада гиперсоникалық зымырандар сияқты жаңа заманауи қаруларды орналастырып, сынау процесінде. Қытай да Арктикаға көбірек қызығушылық танытуда. Ал Арктиканың НАТО үшін «үлкен стратегиялық маңызы» бар. Солтүстік полюс аймағы «Солтүстік Америка мен Еуропа арасындағы маңызды байланыс» саналады және «Солтүстік Америка мен Ресей арасындағы ең қысқа маршрутты» құрайды. Сондай-ақ Арктика кеме қатынасы үшін маңызды бола бастады. Сондықтан НАТО Арктикада өзінің қатысуын арттыруы керек», – деді Столтенберг.
Бас хатшының айтуынша, НАТО-ның Арктикадағы басты мақсаты – ядролық қару-жарақтарды сынау.
Польша мен Беларусь арасындағы қақтығыстың ұлғаюына себеп болатын тағы бір жағдай – Германияға төнген «ресейлік қауіп». АҚШ армиясы ресейлік техниканың атын жамылған әскери машиналарды Германияға көшірді. Атап айтқанда, ресейлік БТР-87 ретінде стильдендірілген америкалық БMП М1126, сондай-ақ «Тигры» нұсқасындағы HMMWV броньды машиналары. Бұл жағдай екі ел арасындағы арандатушылықты тудырып отыр. Қазіргі таңда Германия Ресеймен дипломатиялық майданда соғысқа дайындалу үстінде. Бұған дәлел: Берлин ел тарихындағы алғашқы ұлттық қауіпсіздік стратегиясын жариялады, онда Ресей «қауіп» ретінде белгіленген.
НАТО-ның тағы бір негізгі мүшесі – Ұлыбритания украиндықтардың атын жамылып, Қырымда Ресейге қарсы күрес стратегиясын жүргізіп жатыр. Америкалық телеарна CNN-ның жаңалықтарында Лондон Украинаға Қара теңіздегі Ресей порттары мен кемелеріне шабуыл жасау үшін камикадзе дрондарының тағы бір партиясын тапсырып жатқаны хабарланды. Бұны Зеленский кеңсесінің ақпарат көздері де растайды. Сонымен бірге британдық басылым Daily Express Қорғаныс министрлігінің анонимді дереккөздеріне сілтеме жасай отырып, «Ұлыбритания Украинаның арнайы күштерін Қырымды басып алуға дайындап жатыр» деген ақпарат жариялады. Кейбір сайттарында Рокхэмптондағы жауынгерлік лагерьге 2000-нан астам Украинаның қарулы күштері келгені туралы ақпарат тараған.
Ал Ресей текетірестен Балтық жағасына әскери базалар салуды көздеп отыр. Оның себебі мынада: жуырда АҚШ Эстонияға әскери базаларын салу үшін 40 миллион еуро көлемінде несие берген. Базалардың бірі Циргупалу ауылында салынбақ. Ауыл Ресей шекарасынан небәрі 30 шақырым, Псковтан 100 шақырым жерде орналасқан. Яғни Америка Құрама Штаттары Ресейді әскери базалармен қоршауға тырысуда. Бұл Ресейдің Польшамен соғысуына бірден-бір себеп болып отыр. Екінші себеп – Балтық теңізі.
– Ресейдің көкейкестісі – Сувалск дәлізі. Дәліз – Калининградқа шығатын Польша мен Литваның арасынан өтетін шекара. Ресей осы Калининград шекарасын қоршап алмақ ойда. Ал қазір Ресейдің Балтық теңізіне шығуы қиындап тұр. Себебі Швеция НАТО-ға кірсе, Балтық теңізі толығымен НАТО-ға тиесілі болып қалады. Халықаралық заң бойынша ол жаққа шығу үшін Ресей НАТО-дан рұқсат алуы керек, – дейді әскери сарапшы Ермек Сейітбатталов.
Аталған жағдайдың жәй-жапсарын сезген Польша билігі Сувалск дәлізіндегі қорғаныс ахуалын күшейтуде. Польша қорғаныс министрлігінің басшысы Мариуш Блащактың айтуынша, Варшава құрлық шекарасының бұл бөлігіне ең заманауи қару-жарақ, сондай-ақ Қарулы Күштердің қосымша отрядтарын жіберген. Ол өңірде тұрақты армиядан басқа аумақтық қорғаныс та жұмыс істеп жатқанын жеткізді.
Сондай-ақ Литваның премьер-министрі Ингрида Шимонитенің мәлімдеуінше, Литва Беларусьпен шекараны қорғауды күшейтіп жатыр. Бұл Ресейдің Балтық теңізіне баруын шектеудің тағы бір көрінісі болуы мүмкін.
Демек, соғыстың басталуына себеп жетерлік. Польша мен Беларусьтің атын жамылып, Ресей мен НАТО арасында ұрыс орын алуы ықтимал. Саясаттанушы Әзімбай Ғалидің айтуынша, Ресейге сылтау болса болғаны.
– Ресей мен Беларусь одақтас ел. Олар Батыс елдерін өздеріне жау көреді. Сондықтан белгілі бір дәрежеде ара-қатынастар шиеленісуі мүмкін. Баспасөзде айқау-шу. Тіпті дипломатиялық демарштар болып жатыр. Өйткені сылтау бар. Ресейге сылтау керек. Ал Беларусь Ресейсіз ешнәрсе қозғалуға қауқарсыз, – дейді саясаттанушы.
Алайда Ресей бірінші болып шабуыл жасай алмайды. Себебі НАТО заңының 5-бабына сәйкес НАТО-ға мүше бір мемлекет қарулы шабуылдың құрбаны болса, Солтүстік Атлантикалық одаққа мүше барлық басқа да мемлекеттер бұл зорлық-зомбылықты НАТО-ның барлық елдеріне жасалған қарулы шабуыл деп санайды және шабуылға ұшыраған НАТО еліне көмектесу қажет. Сондықтан екі ел арасындағы соғыс қадамын Польша жасауы керек.
– Беларусьті түртпектеп отырған – Ресей. Алайда Ресейдің соғысты бірінші бастай алмау себебі 5-бапқа тіреліп тұр. Ал Польша шабуыл жасау үшін НАТО-ның 31 елі түгелімен келісуі керек, – дейді Ермек Сейітбатталов.
Қазақстанға қайтпек керек?
Егер НАТО-ның елдері келісім беріп, Польша соғысты бастайтын болса, бұл жағдай үшінші дүниежүзілік соғысқа алып келуі мүмкін. Енді, осы тұста Қазақстанның жағдайына алаңдауға болады. ҰҚШҰ (Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы) заңының 4-бабына сәйкес, соғыстағы алғашқы қадамды Польша жасайтын болса мүше елдер Беларусьқа қол ұшын созуға міндетті. Нақтырақ айтсақ, Қазақстан:
«4-баптың 1-тармағы бойынша: бір немесе бірнеше тарапқа қатысты қауіп-қатерді болдырмауға және қарулы шабуылға (агрессияға) тойтарыс беруге, қарулы акциялар мен жанжалдарды оқшаулауға;
3-тармағы: әскери іс-қимылдарды жүргізу кезінде немесе осы іс-қимылдардың салдарынан туындайтын қауіптерден халықты қорғау жөніндегі іс-шараларды орындауға, сондай-ақ төтенше жағдайларды жоюға және төтенше ізгілік көмек көрсетуге;
4-тармағына сәйкес: Тараптардың мемлекеттік шекараларын, сондай-ақ мемлекеттік және әскери объектілерін күзетуді күшейтуге міндетті».
Демек, «біздің елдің де НАТО мен ҰҚШҰ арасындағы соғысқа қатысуы мүмкін деген» қауіп бар. Егер соғыс салдарын тиімді пайдалансақ, ұтыларымыз бен ұтарымыз теңеседі.
Ресей мен Украина арасындағы соғыстың салдары әлемнің баға нарығының күрт өсуіне ықпал еткен. Қазақстанда жыл сайын 4-6% аралығында ойнап тұратын инфляция бірден 14%-ға көтерілген. Еліміздегі Ресейден әкелінетін азық-түлік бағасы да біршама қымбаттады. Ал Қазақстан мен Беларусь қарым-қатынасын талқылайтын болсақ, 2023 жылғы қаңтар-мамыр айларының қорытындысы бойынша екі елдің тауар айналымы 3368,1 млн құрап, 2022 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 9,9%-ға ұлғайған. Беларусь пен Польша арасындағы қақтығыс үдейтін болса, аталған тауарлардың бағасы өсіп немесе тапшылыққа тап болуымыз мүмкін.
Ұтар тұсымыз келесідей. Жағдайды тиімді пайдаланатын болсақ, бұл соғыс – экспортты арттыруға үлкен мүмкіндік. Бұл туралы экономист Мақсат Сералы тарқатады.
– Соғыс жағдайында кез келген мемлекет азық-түлік қауіпсіздігін ойлай бастайды. Біз қазіргі таңда Ресейге шикізат, азық-түлік, ауылшаруашылық өнімдерін жіберіп жатырмыз. Соғыс орын алған жағдайда Қазақстанға экспортты арттыру қажет. Беларусь пен Қазақстан әріптес мемлекеттер. Сондықтан осы тұста сауда-саттық байланыстарды нығайтуға үлкен мүмкіндік туады, – дейді экономист.
Тек, темірді қызған кезінде соға білу керек. Соғыстағы Қазақстанның ұстанымы – азық-түлік экспортын арттыруға бағытталса құба-құп. Шолуымызда Ресей мен НАТО-ның көздегендерін ашық көрсеттік. Бірақ Ресей алғашқы қадамды Польшадан, Польша НАТО-ға мүше елдердің келісімін күтіп отыр. Қалғаны уақыттың еншісінде.