Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
20:00, 06 Желтоқсан 2023

Үшінші ел. Елордаға көз тіккен үшеудің үміті

Мұрагер, Қастер
Фото: из открытых источников

Шынжаңдағы саяси қысымнан қорқып, Қазақстанға заңсыз қашып өткен Қайша Ақан, Қастер Мұсаханұлы, Мұрагер Әлімұлы үш жылдан бері Қазақстанда босқын куәлігімен жүр.

2018 жылы Шынжаңда саяси жағдай қиындаған кезде саяси лагерьге қамалудан қорқып Қайша Ақан Қорғас бекеті арқылы Қазақстанға қашып өткен еді. Кейін, 2019 жылы күзде Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлы ШҚО-ға қарасты Зайсан ауданынан Қазақстанға қашып өткен-ді. 2020 жылы ішкі істер министрлігі аталған азаматтарға бір жыл мерзімге босқын мәртебесін берген болатын, міне, содан бері Қазақстан үкіметі үшеуінің «босқын» мәртебесін жыл сайын ұзартумен шектеліп келеді. Негізі Қайша Ақан, Қастер Мұсаханұлы, Мұрагер Әлімұлы Қазақстан азаматтығын беру туралы да өтініш жазған, алайда ішкі істер министрлігі «Көші-қон» заңына сүйене отырып олардың бұл өтінішін қанағаттандырмаған. Бұдан кейін азаматтар үшінші елге кетуге рұқсат беретін жол жүру куәлігін сұрады. Алайда олардың бұл өтініші де аяқсыз қалған. 2021 жылы ішкі істер министрлігі жол жүру құжатын сұрағандарға «Көші-қон» туралы заңға өзгерістер енгізіліп жатқанын, егер оң өзгерістер енгізілсе, олардың талабы қанағаттанатындығын айтып, үміттендіріп қойған. Бұл өзгерістер 2022 жылы 1 қаңтардан бастап заңға енгізілетінін де ескерткен, дегенмен одан бері екі жылға жуық уақыт өтсе де аталған заң қабылданған жоқ. Ішкі істер министрлігінің айтуынша, «заң жобасы мәжіліс қарауында» жатыр.

Қазақстанның «Босқындар туралы» заңының 9-бабында босқындар «Қазақстан заңнамасына сәйкес еңбек етуге, не кәсіпкерлікпен айналысуға және жол жүру құжатын алуға құқығы бар» деп жазылған. Алайда Қ.Ақан, Қ.Мұсаханұлы, М.Әлімұлы ЖСН немесе жеке құжат болмағандықтан заңда көрсетілген бұл мүмкіндікті де пайдалана алмайды.

Үш жылдан бері босқын мәртебесімен Қазақстанда тұрып жатқан бұл азаматтар түрлі кедергілерге жолығатынын, азаматтығы болмағандықтан тұрақты жұмыс істей алмайтындығын айтады. Олар тіпті: «Өз басымызға телефон картасын да рәсімдей алмаймыз» дейді. Ең қиыны – өздері әлі азаматтық ала алмай Қазақстанда қиналдық десе, олардың Шынжаңдағы туыстарына жергілікті полиция тарапынан қысым жиілеген. Ендігі тығырықтан шығудың жалғыз жолы – жол жүру құжатына қол жеткізу, сол арқылы үшінші елге кету.

Қастер Мұсаханұлының айтуынша, тұрақты жұмыстары, нақты табыстары болмаған соң жағдайлары күн өткен сайын қиындап келеді. Біз арнайы хабарласқанымызда ол өзінің қазіргі жағдайын, өтініш-тілегін былай жеткізді:

«Қазақстанға не себепті қашып өткенімді бұған дейін де айтқанмын. Егер ол жақ жайлы, тыныш болса, отбасымды, туыс-туғанымды тастап шекара бұзып, мұнда келіп нем бар? Сол кезде Шынжаңда саяси қысымның күшейгенін білесіздер. Қытайда шешем, отбасым қалды, жақын туыc-туғандарымыздың бәрі сол жақта, мұнда мен жалғызбын.

Қазір бізде Қазақстан азаматтығы жоқ, кезінде азаматтық берілмейді деп арнайы қаулы шығарған. Міне, төрт жыл болды, босқын есебінде Қазақстанда жүріп жатырмыз. Азаматтығымыз болмағандықтан, жұрт қатарлы ешқандай әлеуметтік көмек ала алмаймыз, жұмыс та істей алмаймыз. Шынын айтқанда, тұратын жерім де жоқ, таныс, білістердің үйін жағалап, күнелтіп жүрміз. Адам басқа түскен соң бәріне де көнеді екен. Амалсыз іштен тынып келеміз. Қиналғаннан кейін шарасыз, үшінші елге кетсек деп өтініш айтып жатырмыз. Біз де жұрт қатарлы тыныш жерде, адам сияқты өмір сүргіміз келеді. Егер бізге жол жүру куәлігі берілсе, ешкімнің де басын ауыртпай, ешкімге де салмақ салмай, үшінші елге шығуға дайынбыз. Сол жақтың азаматтығын алып күн көрсек дейміз. Қазақстанда бізді жұмысқа алмайды, тым құрыса өз атымызда телефон картасы да жоқ. Өстіп қашанғы жүре береміз?»

Жаны қиналғанда Қазақстанды пана тұтып, қара тартып келген қандастардың ендігі тағдыры не болмақ, оларға не себепті жол жүру куәлігі берілмей отыр? Бұл жайлы «Халықаралық құқықтық бастама» қоғамдық қорының президенті Айна Шорманбаевадан сұрадық:

«Қайша Ақан, Қастер Мұсаханұлы, Мұрагер Әлімұлы кезінде заң бұзып, шекарадан өткені үшін біздің тарап оларды соттаған, сондықтан бұл азаматтарға Қазақстан азаматтығы берілмейді. Негізі пана іздеушілерге босқын мәртебесін беру, бермеуді шешкен кезде халықаралық тәжірибеде оларды қылмыстық жауапкершілікке тартпайды. Сондықтан оларға «сотталған» деп үкім шығару дұрыс емес. Қазір олардың қолындағы босқын куәлігі құжат болып саналғанымен, мемлекеттік орындар оны ресми құжат есебінде танымайды. Олар бұл куәлікпен некеге тұра алмайды, баласын өз атына тіркей алмайды, тіпті жұмыссыз ретінде де тіркеле алмайды. Сондықтан енді олар шетелге кетуге ниеттеніп отыр, алайда билік бұл жолды да жауып тастаған. Себебі он үш жылдан бері «Көші-қон» туралы заңдағы жол жүру құжатын әлі қабылдаған жоқ. Біз осы жөнінде ресми сауалымызды парламентке жібергенбіз, олардан жауап келді, сондағы айтқаны «бұл мәселені әкімшілік органның қарауына жібердік» депті. «Әкімшілік орган» деп отырғаны – ішкі істер министрлігі болуға тиіс, бірақ бұл мәселе ішкі істер министрлігінің қолында емес. Бұған дейін біз ішкі істер министрлігіне бірнеше рет ресми сауал жолдағанбыз, олар: «заң парламентте қаралып жатыр» деді. Көрдіңіз бе, біреуі-біреуіне сілтейді.

Егер билік бұл азаматтарға берген босқын мәртебесінің уақытын ұзартудан бас тартса, оларды Қытайға қайтаруы әбден мүмкін. Дегенмен біз бұл істі аяқсыз қалдырмаймыз, егер парламенттен оңды жауап болмаса, Конституциялық сотқа жүгінеміз, – дейді ол.

Дәл осы Шынжаңнан қашып өткен қандастар жөнінде журналистердің сұрағына жауап берген мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи «олардың елде қалдыра алмасақ, жол жүру куәлігін беруге тиіспіз» деген. Е.Бапиға хабарластық, депутаттың Айна Шорманбаева айтқан «мәжілісте қаралып жатыр» деген заң жобасынан хабары жоқ болып шықты.

«Көші-қон» мәселесі туралы заң қаралып жатыр, бәлкім, сол заңның аясында осындай бап болуы мүмкін. Мен ол заңды талқылайтын жұмыс тобында болмағандықтан, нақты ештеңе айта алмаймын. Ал шекараны бұзып келді деп есептелінетін үш азамат жайлы айтып жүргенімізге де үш жылдай болды, негізі оларға қатысты нақты шешім шығаратын кез келді. Азаматтық берілмесе де шетелге шығуларына мүмкіндік жасайтындай шешім шығарылуы тиіс. Бұл азаматтар өз елінде, өз жерінде қиын жағдайда өмір сүріп жатыр. Әрине, мен екі ел арасында жасалған келісімдерге қатысты артық ештеңе айта алмаймын, дегенмен бұл азаматтардың қаңғырып жүргені жанымызға батады. Бұл тағдырларға қалай да араша түсуіміз керек», – деді.

Қ.Мұсаханұлының айтуынша, Қайша Ақан мен Мұрагер Әлімұлы қазір тиісті орындарға өтініш айту үшін Астанаға кетіпті. Қастер қазір елордадан жақсы хабар келе ме деп тағатсыздана күтіп жүр.

Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ