«Ұсынатын нәрсеміз аз». Баспасөз кітапханаға да бармаса...

Соңғы жылдары мерзімді баспасөзді Қазақстанның барлық кітапханаларына жаздыру туралы әңгіме айтылып қалып жүр. Бұл, біріншіден, кітапхананың қорын көбейтсе, екінші жағынан баспасөзді құтқару болар еді деп есептейтіндер де аз емес.
Мерзімді баспасөзге жазылудың екі негізгі жолы бар. Оқырмандар сүйікті басылымына жыл сайын жазылады немесе мекемелер мен оның қызметкерлері ұжым болып алдырады. Соның ішінде кітапханалардың орны ерекше. Олар ресми тіркелген басылымдарды алып, оқырман назарына ұсынып, мұрағатқа сақтап отырады. Бүгінде тиражы азайған газет-журналды насихаттап, танытуда бұл институттың рөлі маңызды.
Әртүрлі деңгейдегі кітапханалар кітап қорымен қоса баспасөз қорын жасақтап, архив жинайды. Кейінгі жылдары дәстүрлі басылымдар электронды нұсқада да тіркеліп, ұсынылатын болған. Ал қай кітапхананың қандай басылымға жазылып, қайсысына жазылмайтыны қалай шешіледі? Бюджет мәселесі ше? Бұл үрдіс басылымдар мен оның тиражына әсер ете алып жатыр ма? Осы сауалдардың жауабын анықтау мақсатында ұлттық және жергілікті деңгейдегі кітапханаларды зерттедік.
Қазір Қазақстанда 3 985 газет пен журнал тіркелген. Бірақ кітапханалар баспасөздің мазмұны мен сапасына, бағыты мен сұранысына қарай олардың тек бір бөлігін ғана алдырады. Мәселен, аудандық кітапханалар көбінде танымал, тарихи, республикалық басылымдарға және облыстық, аудандық мерзімді баспасөзге жазылады. Жамбыл облысындағы 45 мың тұрғыны бар Сарысу ауданының мысалында, аудандық мекеме 20-ға жуық мерзімді басылымға жазылады екен. Оның әрқайсының бір нөмірі 26 данадан алынып, кітапхана филиалдарына таратылады. Бұл үшін жылына жергілікті бюджеттен 1 миллион теңге қарастырылған. Қалалық немесе облыстық кітапханалардың диапазоны кеңірек. Атырау қалалық кітапханасының қызметкері Гүлжан Сүндетованың айтуынша, барлық басылымның 95 пайызы қазақстандық газет-журналдар, қалған аз бөлігі ресейлік. Олардың тізімін бекітерде ең әуелі оқырмандардың сұранысы ескеріледі екен.
«Алдымен әр кітапхана өз сұранысына сай статистика ұсынып, артынша оны орталық кітап қорын толықтыру және өңдеу бөліміне ұсынады. Сол жерде әр мекеме берген тізім қаралып, ортақ тізім жасақталады. Осыдан соң мерзімді басылымдарға жазылу жүргізіледі. Қазіргі таңда 61 газет пен журналды алып отырмыз. Олардың жаңадан келген нөмірі бес жыл бойы оқырмандарға қолжетімді, ал бұл мерзім өткеннен кейін архивке жіберіледі. Және әр басылымның бір данасы орталық кітапхананың мұрағатында сақталады. Қаламыздағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарайтын 27 мекеменің әрбіріне осы газет-журналдарды жеткізіп тұру үшін жылына бюджеттен 3 миллион теңге бөлінеді», – дейді маман.
Облыстық деңгейдегі кітапханалар да осы шамада. Мәселен, Алматы облыстық кітапханасы 52 журналға, 28 газетке жазылған. Бір жылғы «подписка» 600 мың теңгеге шығады екен. Әр басылым бір данадан алынады. Мекеме басшысы Гулия Жалимханқызының сөзінше, оқырмандар көп сұрайтын, іздеп оқитын газет-журналдар баршылық. Жыл бойына көп сұралған басылымдарға сүйене отырып, оқырмандарға қызмет көрсету бөлімі мен ақпараттық-библиография бөлімдері ұсыныс жасайды. Осы бойынша алдағы жылдың «жазылымы» шешіледі.
Демек, жергілікті деңгейде қызмет көрсететін кітапханаларды жергілікті әкімдік қаржыландырады. Олардың қандай басылымға жазылуы керектігі нақты шектелмеген, белгіленбеген. Бюджетке қатысты да нақты стандарттар жоқ. Ал ұлттық деңгейдегі кітапханаларға ұлттық қор жасақтау міндеттелген. Осы орайда «Мәдениет туралы» және «БАҚ туралы» заңға сәйкес, баспалар, соның ішінде жергілікті басылымдар екі ұлттық кітапханаға және кітап палатасына басылымның әр жаңа санын тегін беруге міндетті екенін еске сала кетейік. Дегенмен бұл талапқа бірі бағынса, бірі бағынбайды екен. Соған қарамастан, Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхана 200-ден астам мерзімді басылымға жазылып, тұрақты алып тұрады, қор жинайды. Ол туралы кітапхананың басшысы Ғазиза Құдайберген айтып берді.
«ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы республика көлемінде шығатын барлық мерзімді басылымдарға жазылады. Олардың қатарында «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті», «Айқын», «Ана тілі», «Жас Алаш», «Қазақ үні», «Қазақ спорты», «Қазақстан дәуірі», «Ақиқат», «Мысль», «Жұлдыз», «Простор», ЖОО мен ҒЗИ хабаршылары және тағы да басқа қоғамдық-саяси, көркем әдеби, танымдық, салалық, балаларға арналған басылымдар бар.
Кітапхана жазылатын мерзімді басылымдардың тізімін оқырмандар сұранысына сай құрады. Алдымен жылда келетін мерзімді басылымдардың тапсырысына талдау жүргізіледі. Өзім де басшы ретінде бұл басылым қаншалықты керек, өзекті ме, оқырмандар сұранысы бар ма деп қараймын. Қазір көбіне медицина, неврология, онкология деген сияқты нақты саланы тереңінен зерттеп жазатын салалық басылымдар сұранысқа ие. Әрине, ғылыми бағыттағы басылымдар да. Әсіресе Ғылым академиясы шығаратын хабаршылар – «вестниктер» қолдан қолға тимейді. Тағы әдістемелер мен практикалық сабақтар жарияланатын педагогтарға, жеке пәндерге арналған басылымдарды көп сұрайды. Халық ақпаратты сайттардан, ғаламтордан жедел алуға бейімделгендіктен де болар, кітапханаға келгендердің басым бөлігі әдеби-көркем, спорт, мәдениет, руханиятқа қатысты басылымдарды алып оқиды. Ал балаларға арналған газет-журналдарға келсек, олардың қатары артып кетті. Олардан «бізге жазылыңыздар» деген ұсыныс жиі келеді. Мен алдымен түпнұсқасын алып, қарап шығамын. Сонда байқайтыным, грамматикалық, стилистикалық қателер өте көп...
Кітапхана оқырманның әртүрлі бағыттағы сұраныстарын қанағаттандыратын барлық мерзімді басылымдарға жазылуды міндеті санайды. Бұл орайда баспасөз ақпарат комитетінде тіркеуге алынған ба, қайта есепке қою туралы рұқсаты бар ма, бәрі ескеріледі. Ал Ресей басылымдарына жазылар кезде қоғамдық сана мен құндылықтарға, жастарға кері әсері жоқтығына көз жеткізіп аламыз, мазмұнына баса мән береміз. Атаулы басылымның әр нөмірін бір данадан аламыз, себебі мекеме мерзімді басылымдарды өз қаражатына сатып алып отыр. Заңға сәйкес, тегін жіберетіндер де баршылық. Мысалы, биыл 71 атаулы газет және 91 журнал аймақтардан тегін келіп түсті», – дейді ол.
Басшының сөзінше, бұл басылымдарды насихаттау мақсатында көрмелер ұйымдастырылып, электронды жинаққа мән беріліп жатыр, еліміздегі басылымдардың pdf нұсқасы жинақталатын үлкен база әзірленуде.
ҚР Ұлттық кітапханасы да Қазақстан мен Ресей газет-журналдарына, ғылыми-техникалық бағыттағы басылымдарға, шетел журналдары мен электрондық дерекқор базасына жазылады. Заңға сәйкес тегін түскен бір дана басылым ұлттық кітапхана қорына түссе, екінші данасы сатып алынып, оқырмандар залына беріледі екен. Оған қаражат республикалық бюджеттен, яғни мәдениет және ақпарат министрлігінен қарастырылған.
Әртүрлі масштабта жұмыс істейтін кітапханалардың баспасөзге қатысты нақты жұмысы мен процесі бар. Жыл сайын жазылу, электронды картография, архив пен көрмелер, арнайы жиындар мен сұхбаттар. Бұл кітапхананың өз құзыретінде жасай алатын шаралары. Алайда жазылымға, қаржыландыруға келгенде әлі де басы ашылмаған жайттар баршылық. Мәселен, 7 мың мектеп кітапханасы. Ол туралы жазушы, журналист Серік Әбікен айтты:
«Елдегі кітапханалардың бәрі баспасөзге жазылса, неге тираж тұрақты емес? Мысалы, тек 7 мың мектептің кітапханасы жазылған күннің өзінде әр басылымның тиражы осыдан кем болмауы керек қой. Түсініксіз. Олар қоғамдық-саяси басылымдарға жазылмайды, тек балаларға арналған басылымдарды алдырады деген призмамен қарасақ та, елдегі балаларға арналған газет-журналдардың таралымы ондай деңгейде дей алмаймыз. Негізінен, әрбір кітапхана қазақ газеттерінің алтын қоры секілді болуы керек. Өйткені Ұлттық кітапханаға Астанадағы, Алматыдағы жұртшылық барады. Ал облыстарда, аудандарда ше? Архив ақтарғысы келген, тарихты іздеген адам ауданға барса да, облысқа барса да, керек басылымын таба алуы қажет».
Иә, елімізде 11 мыңға жуық кітапхана бар. Жоғарыда айтқанымыздай, өңірлік кітапханалардың бәрі дерлік баспасөзге жазылады. Демек, мектеп кітапханаларындағы баспасөзге жазылу процесіне қатысты нақты саясат жоқ деп болжауға болады. Бұл туралы әртүрлі өңірдегі бірнеше мектеп кітапханашысынан сұрадық.
Бірі: «Қазір мектеп кітапханаларына мерзімді баспасөзге жазылу үшін қаражат берілмейді. Бұрындары азын-аулақ болса да бөлінетін. Оқушылар сұрайды, іздеп келеді. Бірақ ұсынатын нәрсеміз аз... «Жоқ» болып тұрмасын деп, өз қалтамыздан бір-екі газет-журналға жазыламыз», – дейді.
Ал екінші бір кітапханашы: «Бұрындары білім бөлімі мектепті баспасөзге жазатын. Қазір мемлекет оқулықпен қамтиды, ал баспасөзге қатысты ресурс қарастырғанын көрмеппін. Өзім облыстық және аудандық газеттерді алдырып отырмын. Және әр сынып ақылдасып, балалар журналына жазылады», – деді.
Қазіргі таңда мектеп бюджеті жергілікті билікке емес, облыстық басқармаларға қарайды. Облыстық теңгерімде бұл мәселеге ресурс қарастырыла ма, жоқ па, оқу-ағарту министрлігінің мектеп кітапханаларын баспасөзбен қамтуға қатысты позициясы қандай екенін білу үшін арнайы сауал жолдадық. Жауабы келіп жатса, газеттің алдағы сандарынан оқи жатарсыздар.
Баян Мұратбекқызы