Ұстаз – ұлт болашағының алтын діңгегі

Жетісу облысында мұғалімдерге құрмет пен қолдау артып келеді. Жақында Талдықорған қаласында Ұстаздар күніне арналған салтанатты шара өтіп, облыстың жүзге жуық үздік педагогы марапатталды. Білім саласына айрықша үлес қосқан ардагер ұстаздар мен жас мамандарды қамтыған бұл жиында мұғалім мамандығының мәртебесі мен қоғамдағы рөлі кеңінен сөз болды.
Мерекелік жиында облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов ұстаздарды кәсіби мерекемен құттықтап, білім саласын дамыту бағытындағы мемлекеттік міндеттердің маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, Жетісу облысында педагогтардың мәртебесін арттыру, білім беру сапасын жақсарту және инфрақұрылымды жаңарту бағытында нақты шаралар атқарылып жатыр.
«Ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсарин «Ұстазды алтын діңгекке теңер едім» деген. Расында да, елдің ертеңін тәрбиелеп отырған мұғалім еңбегінің орны ерекше. Бүгін барша ұстаздарға шынайы алғыс айтамын», – деді Д. Есдәулетов.
Шара барысында облыстың 100-ге жуық педагогы облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарына, сондай-ақ «Ы.Алтынсарин», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілеріне, «Еңбек ардагері» және «Қазақстан Республикасының Конституциясына 30 жыл» медальдеріне ие болды. Ұзақ жылдар бойы еңбек еткен ұстаздарға ақшалай сыйлықтар да табысталды.
Сондай-ақ облыстық байқаулардың жеңімпаздары да марапатталып, «Үздік балабақша», «Үздік ауыл мектебі», «Жетісу ұстазы», «Үздік сынып жетекшісі» номинациялары бойынша озық педагогтар анықталды.
Атап айтқанда, Ескелді ауданындағы Н.Алдабергенов мектебінің география пәнінің мұғалімі Анжелика Нестеренко «Жетісу ұстазы» атанды. Ол ауылдық мектептерде білім сапасын арттыру үшін цифрлық платформа әзірлеген. Бұл бастама қазір өңірдегі мұғалімдер мен оқушылар арасында кеңінен қолданылып келеді.
Ал жас маман Ілияс Жексенбай өз ұстазының жолын жалғап, туған жерінде шәкірт тәрбиелеуді армандайтынын жеткізді.
Текелі ауданындағы музыка мектебінің мұғалімі Татьяна Ольшанская педагогикалық еңбек жолындағы 40 жылдық қызметі үшін «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Ал білім беру саласында 30 жыл еңбек етіп келе жатқан әдіскер Гүлзира Әлиасқарова «Ы.Алтынсарин» төсбелгісін алды. Ол мемлекет тарапынан мұғалімдерге көрсетіліп жатқан қамқорлықтың артып келе жатқанын атап өтті.
Қазір мұғалімдерге қолдау мемлекет саясатының өзегі болып отыр. Жетісу облысында жыл сайын 3 мыңнан аса педагог біліктілігін арттыру курстарынан өтеді. Кейінгі үш жылда «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында 1 121 маманға жәрдемақы беріліп, 432 мұғалім баспаналы болған. Сондай-ақ облыс әкімінің бастамасымен педагогикалық мамандықтарға 104 грант бөлініп, биыл 251 түлек білім мекемелеріне жұмысқа орналасқан.
Аймақта білім беру жүйесін заманауи талаптарға сай жаңғырту мақсатында AI-Sana жасанды интеллект бағдарламасы енгізіліп, мұғалімдерге «Адал азамат» және «Таза Қазақстан» сияқты ұлттық жобаларды тиімді пайдалану мүмкіндігі берілген.
Ұстаз – ұлттың ұяты мен рухының айнасы. Қазір қоғамда мұғалім еңбегін дәріптеу, олардың кәсіби және әлеуметтік жағдайын жақсарту мемлекеттің басты бағытының бірі болып отыр.
Жетісу жеріндегі мұғалімдерге көрсетіліп жатқан құрмет пен қолдау – адал еңбектің лайықты бағасы. Ұстаздарға құрмет мереке күндерімен ғана шектелмегені жөн, білім мен тәрбие жолында аянбай еңбек етіп жүрген барша мұғалім кез келген құрметке лайық.
Қуан Өмірхан
Жетісу облысы