Ұстаз: Жұмыстан шыққанымды «Қазпочтадан» білдім
Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданындағы №1 орта мектепте ұстаз болған Тілекқабыл Нурышов Базарбайұлының арызға толы педагогтық шырғалаң жолынан біраз жұрт хабардар болу керек.
Тілекқабыл Нурышов сырқаты бойынша еңбек демалысына шықса, мектеп директоры еңбек шартын тоқтатып, жұмыстан босату туралы бұйрығын Қазпоштадан сәлемдеме ретінде салып жіберген. Педагог директор Эльмира Утепбергенованың әрекетін заңсыз деп отыр. Сырқатынан айыққан соң, істің ақ-қарасын ажыратуға БАҚ өкілдерінің де араласуын сұрайды.
- Сәлеметсіз бе! Ұстаздық күрес жолыңыз дейміз бе, қай кезден басталып жатыр?
– Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданындағы №1 орта мектебінің география пәнінің мұғалімі болдым. 25 жылдық еңбек өтілім бар. 2012 ж облысымыздағы Назарбаев зияткерлік мектебіне конкурсқа қатыстым. Еліміздің білім саласына жаңалық болып енген ҚР педагогтарының біліктілігін арттырудың деңгейлік бағдарламасы аясында I (ілгері) деңгей бойынша курстан өтіп, сертификат алдым. Осы бағдарлама шеңберінде Халықаралық Кембридж университеті берген «бағалаушы сарапшы» жөніндегі сертификатым тағы бар. Назарбаев зияткерлік мектебінде сегіз айдай тәжірибеден өттім. 2015 жылы Орал қаласында жаңадан ашылған мектепке конкурстан өтіп, мектеп директорының ғылыми-әдістемелік жұмысы жөніндегі орынбасары болып тағайындалдым. 2016 жылы директордың өзі конкурстан өте алмай, орнына басқа директор келді. Барлық проблемаларымыз осы жерден басталды. Сол кезде директор өз командасын жинайтынын ашық айтты. Осыдан бастап қудаланып жатырмын. Директор кейін міндетін атқара алмай, басқа мектепке ауысып кетті. Қазір жаңа директор келді. 2019 жылы қаладан 50 шақырымдағы маман бармайтын ауыл мектебі амалсыздан жұмысқа алды. Ал, қаланың басқа мектептері конкурстан өткізбеді. Себебі, менің әділдікті іздегенімнен қорқады. Тамыз айында оқу орталықтарында сабақ бердім. ҰБТ-ға дайындайтын әртүрлі орталықтар ғой. Мектеп сияқты емес, онда тек өткізілген сабақтарға қарай еңбекақы төленеді. Сөйтіп қазіргі мектепке директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болдым. Жоғары санатты педагог-зерттеуші болған соң, мектептегі тәртіп жұмыстарына араластым. Сөйтсем, мұғалімдер артымнан арыз жазыпты. «Біз оны «завуч» қылмаймыз», – деп жатыр. Өзім «завучтықтан» бас тарттым. Талап қоятын болсам, басым бәлеге қалады екен. 18 сағаттық жұмыс берсеңіз болды дедім. Бірақ, осы 30 шақты мұғалім аудандық білім бөлімінде кешке дейін отырды. Неге қалдырасыңдар? «Жұмыстан шығару керек», – деп қоймады. Мені бәрібір мұғалім қылып қалдырды.
Білесіздер, бас санитар дәрігердің қаулысына сәйкес, бесінші және тоғызыншы сыныптар мектепке орала бастады. Бірақ, денсаулығы тәуекелі жоғары топтағыларға қашықтықтан жұмыс жасауға болады деген. Өзімнің медициналық анықтамаларым бар. Қан қысымы және жүрек ауруымен арнайы есепте тұрамын. Осыны облыстық білім басқармасы мамандарына көрсетіп, ақпан айынан бастап қашықтан жұмыс істеуге жіберді. 13 қазан күні Теректі ауданының білім бөлімінің басшысы Жанаргүл Хұсайнова мені сотқа беріпті. Facebook әлеуметтік желісіндегі жазбаларыма «Ар-намысыма тиді», – деп шағымданған екен. Бірақ білім бөлімі арызын кері қайтарып алды. Маған төрт-бес бет қылып арыз жазады, бірақ, ешқайсысында да негіз жоқ. 20 қазан күні директордан маған ескерту түріндегі тәртіптік шара қолданды. 3 қарашада Облыстық әдеп кеңесінің хаттамасы негізінде сөгіс түріндегі тәртіптік шара қолданды. Бұл заңсыз. Себебі, ҚРЕК-нің 65-баптың 2-тармағы бойынша жұмыскерден түсініктеме алу керек еді. «Балаларды сыртқа алып шығып, олардың денсаулығына зиян келтірді» – деп, қарашада жұмыстан шығару туралы ескертпе хат берді.
-Кешіріңіз! Мұғалімдердің еңбек шарты туралы қоса кетесіз бе?
-Біздің еңбек шартымыз бір жылға жасалады. Бір жылдан кейін еңбек шартын тоқтатуға болады. Бірақ еңбек кодексіне сәйкес, бастапқыда үш айға дейінгі сынақ мерзімі беріледі. Қазір еңбек шартын тоқтатып немесе сотпен құртсақ деп ойлайтын сияқты. 13 қазаннан бері басымнан өтпегені жоқ. Бір аптадай кардиология орталығында емделдім. Жедел-жәрдемді жиі шақыратын болдым. Оны медицина қызметкерлері дәлелдеп береді. Медициналық анықтамаларым бар. Мені осындай деңгейге жеткізіп отырса да, ешбір мекеме араласпайды. Облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева жеке хабарласты. Министрдің көмекшісіне шығатын кезім еді. Басқа мектепке ауыстырамыз дейді. Ондай ұсынысқа келіспедім. Себебі, басқа жерге аударылатындай ешнәрсе де жасамағанмын. Әділ түрде бәрін дәлелдеп, содан кейін ауыстыратын жерге ауыстырыңыз дедім. Жалпы, мені мұғалімдіктен бездіргілері келеді. Олардың менде қандай қақылары бар? Мектепте әріптестерім телеарна шақыртып митинг ұйымдастырды. Митинг кезінде 30 мұғалімнің кейбірі сабақтарына кешігіп те барған. Құзырлы мекеменің жауаптары бар. Тіпті, сабақ өтпегендері де болды. Оны да дәлелдеп берді. Сабақтың кейбір кестелері заңсыз қойылған. Департамент тексерістен кейін өз жауабын берді. Тексеріс жалған болса, мектеп басшылығы департаментпен келіспей оны сотқа беруіне болады. Бірақ мектебіміз екі рет айыппұл төледі. Мектепте шеру өткізуге ешқандай рұқсат жоқ. Бірақ, мектеп директоры Эльмира Утепбергенова Теректі ауданының мәслихаты атынан «Нұр Отан» партиясына депутат. Депутат болған соң түсінесіз, оны көрсету ауданға және партияға үлкен минус. Директордың өзі митингінің ішінде жүрген. Арнайы келген журналисттерге сұхбат беріпті.
-Вице-министрмен де кездескенсіз бе?
-16 қыркүйек күні Білім және ғылым министрлігінің вице-министрі Шолпан Таңатқызы Кариновамен Zoom платформасы арқылы онлайн кездесуге шақырды. Байланысқа шақырған себебі, желіде ол кісіні де үнемі тегтей беремін. Вице-министрдың өзіне ұсыныстар айттым. «Мұғалімнен талап ететін бес құжат бар ғой, соған, №130 бұйрыққа өзгеріс енгізсеңіздер», – деп айттым. Министрдің өзінің мәлімдемесінде «мұғалімдер сабақ жоспарының электронды нұсқасын қолдануға құқылы» деген. Ал, менің директорым қағаз жүзіндегісін сұрайды. Қағаз жүзінде қажет болса «жақшаның ішіне қосып қойыңыздар», – дедім. Менің айтқан уәжімді қабылдады. Бізде қазір бәрін цифрландыру жүйесіне өтіп жатыр ғой. Неге қағазға да шығаруымыз керек? Ол кісі менің ұсынысымды қабылдап, бұйрыққа өзгеріс енгізілетінін айтты. Директор мектепте ата-аналардан ақша жинаған. Аттестат толтыру тегін нәрсе болса да олар соған ақша жинапты. Маған ата-аналар хабарласты. Оны департаментке дәлелдеп бердім. Каспий голдпен аударылған скриншоттарды көрсеттік. Ата-аналардың ақшалары қайтарылып, мектеп директоры қатаң сөгіспен айыппұл арқалады. Департамент «аудан әкімдігіне мектеп лицензиясын алып тастасақ» деп, осындай былықтарды көрсетіпті. Бірақ, аудан әкімшілігінен де ешқандай талаптар жоқ. Бәрі бір-бірін қорғап жатыр. Ал, маған күш беріп жатқан тек белсенді ұстаздар. Сіздер сияқты журналистер мен халықаралық ұйымдарды да қосып жатыр. Өздері арнайы топ ашып, өз қолдауларын білдіруде. Мені заңды түрде жазаласа ешқандай да қарсылығым жоқ. Мектептен әріптестерім министрге төрт-бес бет қылып арыз жазған. Сабақ өткізбей, баға қоймай, ылғи кешігетін өздері. Сонда олар министрге қалай арызданады? Осы адамдарға не керек? Тек қана 23 мұғалім түсініктеме жазған. Олар митингке шықса, неге бәрі жазбайды екен? Департамент маған министрге хат жазған 67 педагогтың түсініктемелердің көшірмелерін беруі керек. Бәрін тығып тастаған. Маған қатыстылардың барлығы неге көрсетілмейді? Осындай шикі нәрселер өте көп. Қазір ем қабылдап жатырмын. Қарапайым ғана ұстаз едім. Оны да көп көрсе керек. Сырқаттанып жатсам, жұмыстан шығарып тастапты. ҚР ЕК нұсқаулығында сырқаттанған адамға хабарласып, компромиспен жіберу керек деген. Ал маған хабарласпай, Қазпоштадан салып жіберіпті.
P.S.: Батыс Қазақстан облысындағы Теректі ауданының білім бөліміне хабарласқан едік, білім бөлімінің басшысы Жанаргүл Хұсайнова педагогты жұмыстан шығарған мектеп директорына хабарласу керек екенімізді айтты. Мектеп директоры Эльмира Утепбергенова да іле-шала жұмыстан кетіп, мектеп басшылығының тізгінін уақытша Сара Мукатова ұстаған екен. Ол кісі бізге істің ақ-қарасымен таныспай жатып, пікір бере алмаймын деп қысқа қайырды.