Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:40, 18 Ақпан 2022

Ұстаздардың жалақысы өсті, ал білімнің сапасы ше?

None
None

Өткен айда қайта жасақталған Үкімет құрамының ішінде орнын сақтап қалғандардың бірі Асхат Аймағамбетов болды.

Бас ұстаздың орнынан кетпеуін қалаған ұстаздар қауымы әлеуметтік желіде министрді мақтап, одан қалды қол жинап жүріп, Аймағамбетовті аттай қалап алып қалды десек те болады. Келгелі ұстаздарды материалдық тұрғыда қолдауға ерекше көңіл бөліп келе жатқан министр мұғалімдерге ұнап-ақ қалғандай. Айтпақшы, биыл 1 қаңтардан бастап, мұғалімдердің жалақысы тағы 25 пайызға өсті. Дұрыс қой, бірақ жалақы өскенмен, білім сапасы жақсарар емес… Неге?

Педагогтардың жалақысы 2020 жылдың қаңтарында 25 пайызға және 2021 жылдың қаңтарында тағы 25 пайызға өскен болатын-ды. Педагогтардың жалақысы оқу жүктемесіне, білім деңгейіне, біліктілігінің, жұмыс өтілінің, магистр дәрежесінің болуына және басқа да қосымша ақыларға байланысты есептелетін көрінеді. Мейлі ғой, қалай болмасын, ұстаздар жалақысының салыстырмалы түрде бұрынғыдан әлдеқайда жақсарғаны байқалады. «Біз мұғалімдердің жалақысын көтерудің сөзсіз оң әсерін көріп отырмыз: осы салаға – педагог кәсібіне қазіргі таңда нағыз үздіктер келіп жатыр. Педагогикалық мамандыққа оқуға түсетіндердің ҰБТ-дағы орташа балы айтарлықтай өсті және «Алтын белгі» иегерлерінің саны бірнеше есеге көбейді», – дейді министрліктегілер.

Алайда, шын мәнінде, бүгінгі күнгі жағдайға көз жүгіртсек, ата-аналар мемлекеттік мектептерден балаларын алып қашып, жекеменшік мектептерге, қосымша дайындайтын курстарға тасып, әлек болуда. Өйткені, мемлекеттік мектеп ұстаздарының оқушыларды оқытатын уақыты жоқ, жоғары жаққа есеп беру үшін күнұзақ қағазға көміліп отырады. Тіпті бұрынғыдай «ҰБТ қорытындысы үшін», «мектеп абыройы» деп те жанталаспайды. Ең бастысы, жоғарыға есеп кіршіксіз болса, қағаз жүзінде бәрін қатырып қойса, болғаны. Ал ата-аналар балаларының талапқа сай білімі үшін қалтасынан қосымша шығындалуға мәжбүр. Білім беру саласының басты мақсаты – сапалы білім беру екенін ескерсек, министр мырза осы басты мақсатты ұмыт қалдырған секілді.

Қызы биыл 11 сыныпта оқитын Света Айтқалиева: «Сыныптастарының бәрі ҰБТ-ға дайындық үшін жекеменшік мектепке кетіп жатқан соң, қызым да жылады. Сосын, екінші тоқсаннан бастап, жекеменшік мектепке ауыстырдым. Қазір айына 100 мың төлеп отырмын. Түске дейін стандартқа сай мектеп бағдарамасын оқып, түстен кейін ҰБТ-ға дайындайды екен. ЖОО-ның да бағасы шарықтап барады ғой, грантқа ілінуі үшін қазірден әрекет жасайық, деп амалсыз жекеменшік мектеп жағалап кеттік. Ал қазір мемлекеттік мектептерде ҰБТ-ға дайындық жоғары деңгейде емес», – дейді.

Тағы бір ата-ана, журналист Қалмаханбет Мұқаметқали үшінші тоқсанның басында әлеуметтік желіге қалдырған жазбасында «айналасы 4 сағатта апыр-топыр болып, эпидахуалдың асқынуына орай, қашықтан оқитын болдық. Әдеттегідей, НЗМ (Назарбаев зияткерлік мектептері) дайын онлайн оқытуға! Түстен бері мүмкіндігі жоқтарға ноутбук, құлаққапқа дейін таратып жатыр. Тимста бақылау тест жасап, ата-аналармен кураторлар жеке сөйлесіп, психологиялық тұрғыдан бейімдеп қойды. Ал ауылдағы орта мектептің завучынан сұрасам, «аа, сабақ онлайн болатын болды ма?» деп өзімнен сұрайды», – дейді. Бүгінгі білім беру мекемелерінің шынайы көрінісін осыдан-ақ байқауға болады. Сапалы білім үшін баласын Назарбаев зияткерлік мектебіне түсіруге тырысып, түрлі дайындық курстарына сүйрейтін ата-аналар да еріксіз көбейіп тұр. Өйткені, мемлекеттік мектеп ұстаздары өте бейғам, айлығын алса, қағазын толтырып, жоғары жақтың көңілін тапса болғаны, балалардың білім сапасына, ҰБТ дайындығына жауапкершілік сезінбейтін болды. Сондықтан халық сапалы білім үшін баласын қосымша ақылы білім беруге сүйрелеуге мәжбүр. Мұндай жағдайда оқушыларымыз Ата заңмен кепілдендірілген тегін, сапалы білімге қолы жетіп отыр деп айта аламыз ба?!

ҚР Білім және ғылым министрі Аймағамбетов мырза, ұстаздың негізгі қызметі білім беру екенін ескеріп, мемлекеттік мектеп ұстаздарын қаптаған қағаздан босатып, білім сапасын көтеретін кезі жеткен секілді. Әйтпесе, балалар жылында балалардың тегін, сапалы білім алу құқығын шектегеніміз ұяттау болып отыр...

Тақырыпқа орай...

Мақаланы дайындау барысында Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы, Көлді ауылы мектебінің еден жуушылары хабарласып, наразылықтарын білдірді. Айтуларынша, мектептегі бала санына қарай жүктеме 0,9 болып белгіленген. Алатын жалақылары қаңтар айына дейін 45 мың болса, қаңтардан бастап 54 мыңға дейін өскен. «Нұр Отанға» мүшелік жарна – 3676 теңге төлейміз, табыс салығы, зейнетақы түсімі, МӘМС ұстайтыны бар. Қолға алатынымыз болмашы, оның үстіне мектеп еденін жуатын шүберекті үйден тасимыз, порошок, тазалағыш құралының бәрін өзіміз сатып аламыз. Соларға ақша бөліне ме өзі Үкіметтен дейді. Мектептің тазалығын болмашы еңбекақы алатын еден жуушыға артып қойғанымыз ұяттау, әрине. Бірақ оның барлығына бюджеттен қаржы бөлінеді, алайда жолдан біреулер жеп қояды деп тағы айта алмадым. Сондықтан, министр мырза, ұстаздардың айлығын көтеріп, халық алдында жағымды бет-бейне қалыптастыру жақсы-ақ, бірақ мектептегі білім сапасын көтеру, жемқорлықты ауыздықтау, ұстаздарды қағазбастылықтан арылту секілді мәселелерге де көңіл бөлмесеңіз, мемлекеттік мектептің мәселесі ушығып барады.

Сәйкесінше, мемлекеттіктен мән қашқан соң, халық жекеменшік мектептерге ағылып, сұранысқа сай, олардың саны да арту үстінде. Мемлекеттік мектептен қашып, жекеменшік мектепке ауысқан оқушылар саны көбеюде. Қалтасының қалыңдығынан емес, білім сапасының жоқтығынан.

Тегтер: