Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:53, 08 Сәуір 2024

Ұстаздың білігі «аттестациялау базарында» сатылады

ұстаз
Фото: из открытых источников

Қазір елдегі мұғалімдердің сүрініп-қабынып, «аяғы етегіне оралып», жанталасып жатқан тұс. Себебі бір аптадан кейін оларды аттестациялау науқаны басталады.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев ең алғаш министр болған тұста мұғалімдерді аттестациялау шарасына «жеңілдік енгіземін» деген болатын. Бас мұғалімнің мұнысына басқа мұғалімдердің іші жылып, «енді көзіміз ашылатын болды-ау» деп те үміттенген. Бейсембаев келе сала «аттестаттау процесі автоматтандырылады, мұғалімдер аттестациядан өту үшін мың сан құжат жинамайды, тест сұрақтары жеңілдейді, еңбек өтілі 30 жыл болған мұғалімдер аттестациядан босатылады, сондай-ақ «педагог шебер», «педагог зерттеуші» мұғалімдерге тест тапсырмай-ақ портфолио жинап, біліктілігін сақтап қалуға мүмкіндіктер беріледі, енді мұғалімдер «Педагогика және психология» негіздерінен тест тапсырмайды, тек өзі сабақ беретін пәннен ғана тест тапсырады» деген. Алайда бес жыл сайын біліктілігін дәлелдеу үшін аттестациядан өтетін мұғалімдер айтылғанына екі жыл болса да бұл өзгерістердің әзірге жүзеге аспағанын, аталмыш өзгерістерді жүзеге асыру әдеттегідей болашақтың еншісіне қалғанын айтады. Ал биылғы аттестациялау науқаны тіптен қарбалас болып кеткен.

Мәселен, бұған дейін педагогтар білімін бағалау тестін бір жылда үш мәрте тапсыра алатын. Яғни бірінші тест тапсырғанда өте алмай қалса, тағы да екі рет тапсыруға мүмкіндік берілетін. Биылдан бастап тек екі мәрте ғана тест тапсыра алады. Оның біреуі тегін, екіншісі, ақылы. Сондай-ақ биылғы аттестациядан портфолионы (мұғалімдердің жетістіктері, марапаттары, журналдарға шыққан мақалалары, зерттеулері жинақталған папка) қағаз түрінде жинау да алынып тасталған. Бұған қатысты педагогтың кәсіби қызметі туралы деректерді жинайтын және өңдейтін ақпараттық жүйе ұлттық платформасы іске қосылады. Алайда ол платформа жұмыс істегенге дейін аттестаттауды өткізу тәртібі мен шарттарын анықтайтын өтпелі кезең деген ұғым бар. Осы өтпелі кезеңде құжаттар eGov.kz порталында қабылданады. Басқасы-басқа, қазір мұғалімдер қаншама жылғы қағаз түрінде жиналған жетістіктерін электронды форматқа айналдырып, әлек болып жатыр. Құжаттарды eGov.kz порталына жүктеуді білмейтіндері Халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгіріп, электронды цифрлық қолтаңбаларын қайта жасатып, әбігер. Әсіресе интернеті жүйкені тоздыратын, ғаламторы істемейтін елді мекендердің ұстаздарына портфолионы электронды түрде платформаға жүктеу қоса жүк болайын деп тұр. Мұғалімдер қазір алдындағы оқушыны оқытудан бұрын аттестациядан өтіп алудың амалын іздеп әлек. Тіпті «бүйтіп жанды қинағанша, біліктілік сертификатын сатып ала салғанымыз жақсы» дейтін педагогтар да бар. Ал бұған қатысты «санаттан өткізіп береміз, электронды портфолионы даярлап береміз, авторлық жобаны да жазамыз» деп ашықтан-ашық жарнама жасап, саудасын жүргізіп жүргендер де баршылық.

Әлеуметтік желілерде ашық жарнама жасап жүрген солардың бірді-екілісіне біз де хабарласып көрдік. Олардың өз «жұмысына» қойған бағалары да әжептәуір. Тестен өткізіп, біліктілік сертификатын алып беру 650 мың теңге, портфолионы қажетті үш мақаланы арнайы сертификатымен журналдарға шығару 45 мың теңге, 30 беттік авторлық жобаны жазып беру және оны баспадан шығару 140 мың теңге. Ал облыстық, республикалық деңгейдегі мадақтама, марапат, диплом алып беру 40 мың теңге. Портфолиоға ең кемі үш диплом тіркеу керектігін есептесеңіз, бұған да 120 мың теңге қажет болады. Міне, аттестациядан өтудің маңайында осындай «базар» да қызып жатыр. Бұл арада «біз барлығын электронды жүйеге енгіземіз, сонда аттестациядан өтуге пара ұсыну болмайды, мұғалімдер біліктілікті сатып ала алмайды» деген министр Бейсембаевтың үміті ақталмайтын сияқты. Керісінше, ебін тапқандар екі асап, қалтасын қалыңдататын сәт туғанын байқаймыз.

Жалпы, осы мұғалімдердің аттестациядан өтуі бізде үнемі дау-дамай. Педагогтар аттестациядан өтерде бір, өткеннен кейін тағы бір күйзеліске түсіп, жыларман болады. Тіпті 2022 жылы аттестациядан өту барысында тест тапсырып отырып жан тәсілім еткен мұғалім де болды. Бұл мәселеге қатысты сол кездегі білім және ғылым министрлігі, Ұлттық тестілеу орталығының мамандары «Негізінде Ұлттық біліктілік тестілеуді тапсыру – ерікті. Оған еш мәжбүрлік жоқ» деп ақталды.

Рас, мәжбүрлік жоғын жоқ қой. Бірақ ол тесті тапсырып, портфолиосын сынақтан өткізіп, аттестациядан өтпесе, мұғалімге жоғары жалақы да жоқ. Мәселе осында. Аттестациядан өтсе, жалақысына азын-аулақ үстеме қосылатын болғаннан кейін мұғалім сол жалақыны алғысы келеді. Педагог Медет Наурызбаевтың пайымына сүйенсек, әр көктем мен күзде мұғалімдердің аттестация деген бас ауыртып, балтыр сыздатар әуресі басталады. Ал енді бұл арада соншалықты әуреге салғанда мұғалімдердің жалақысына қанша қосылады екен деген заңды сұрақ туындайды.

«Әр категорияға байланысты ең жоғарысы – 100 пайыз мастер, одан кейін зерттеуші – 60 немесе 70 пайыз, одан кейін сарапшы – 35 пайыз, соңғысы модератор – 25 пайыз. Бұл қосылатыны толық жалақы емес, «базовый» дегенге қосылады. Осы аталғандардың ішінде мұғалімдердің 90 пайызы сарапшы мен модераторға таласады. Сонша шабылғанда сарапшыға қосылатыны 30 мыңның ар жағы мен бер жағы. Ал модератор одан бес мың теңге аз алады, сондағысы – 25 мың деп топшылай беріңіз. Міне, осы 30 мыңның әуресі қаншама қағаз жинап, көз майын жейді. Мұғалімге беретін осы жиырма мен отыз мың осындай ауыр жолмен келеді», – дейді Медет Наурызбаев.

Педагог Наурызбаев «жұмысы ауыр» деген бірнеше саладағы аттестациялаудың нақ мұғалімдердің аттестациясы тәрізді өтпейтінін мысал етті.

«Бірінші дәрігерлердің жұмыстары өте ауыр екеніне шүбә жоқ. Олар да үстеме алу үшін тест тапсырады. Бірақ портфолио жинамайды, бірден тестке барады. Екінші жалдамалы әскер немесе «контрактниктер». Оларға да қосылады, бірақ айтпайды. Көбіне олар айлық алғанда ғана біліп жатады оны. Міне, ең ауыр деген екі мамандық иелерінің жағдайымен салыстырып көргенде де мұғалімнің жағдайы мәз емес екені айтпаса да белгілі болып тұр. Әттең, қашан мұғалімге де айтпай-ақ сол үстемені қосатын күн туар екен», – дейді ол.

«Ал енді жағдай неге бұлай қалыптасты?! Осы аттестация деген қайдан шықты, мұның мұғалімдерге қажеті не, бұдан мұғалімнің білімі артып жатқан жоқ, керісінше, қарбалас құжат жинаудың арқасында оқушыға білгенін үйрете алмай жатыр» дейтіндер де бар.

Жалпы, тоқсаныншы жылдары мұғалімдерді еңбек өтіліне қарай бірінші, екінші, үшінші, төртінші категорияға бөлетін. Соған қарай жалақыларына да үстеме қосылатын. Аттестациялау науқаны 2000 жылдан бері басталды. Бұл салада 40 жыл еңбек өтілі бар ұстаз Алтынкүл Бегімованың айтуынша, қазіргі аттестациялау шынымен де мұғалімдерді күйзеліске түсіреді. Себебі аттестациялауға қатысты нақты сауатты жүйе жоқ. Ұсынған реформаларының өзін мұғалім түсініп болмайды. Алтынкүл Бегімова барлық мұғалімдерге өз пәнімен қоса, «Педагогика мен психология» негіздерінен тест тапсырту бастамасын түсінбейді.

«Мамандығым қазақ тілі және әдебиет пәні. Сонда мен тест тапсыратын болсам, өз мамандығыма дайындаламын ба, әлде педагогика мен психологияны зерттеймін бе?! Педагогика мен психология негіздерінен 50 тапсырма беруді өз басым қисынсыз деп санаймын», – дейді ұстаз.

Қырық жылдық өтілі бар ұстаз қазіргі аттестациялау барысында мұғалімдерді ең алдымен «педагогика, психологиядан тест тапсырудан босату керек» деп есептейді. Одан соң, еңбек өтілі 25 жыл болған мұғалімдер аттестаттау кезеңінде тестен босатылып, тек портфолио жинақтағаны жөн. Портфолионы бағалау талаптарын да қайта қарау керек, ондағы бағалау көрсеткіштері мұғалімнің басты міндеттеріне негізделмеген, оқушылардың білім сапасы, жетістіктеріне басымдық берілген. Педагогтың өзінің жетістіктеріне пайыздық көрсеткіш аз.

«Портфолиода тәжірибе алмасу, басылым, жарияланымдар, авторлық бағдарлама сияқты талаптарға ұпай санында басымдық беріліп тұр. Осыған қарап, мұғалім кезекті біліктілік санатын алу үшін аттестациядан емес, мемлекеттік лауазымды қызметке тұру үшін конкурсқа қатысып жатқандай әсер аласың. Педагогтың басты міндеті – оқушыларға сапалы білім беріп, саналы тұлға қалыптастыру. Бұрын аттестациялау мерзімі жыл соңына дейін ұзартылатын. Биыл, керісінше, қысқартып тастады. Сондықтан 2024 жылдың аттестаттау мерзімі желтоқсан айына дейін сақталуы керек. Сегіз ай бұрын ерте аттестация өткізу – педагог құқығын бұзу. Қазір желтоқсан айына дейін аттестаттау мерзімі келмеген, біліктілік санатының уақыты аяқталмаған мұғалім, күтпеген жерден аттестацияға дайындалып, есі шығып жатыр. Бұл педагогтарға психологиялық тұрғыдан соққы», – дейді А. Бегімова.

Ұстаздың пайымдауынша, аттестациялаудың айналасында парақорлықтың, сауданың, «базардың» қызып жатуына бұл салада әр министр ауысқан сайын өз реформасын тықпалайтыны ықпал етіп жатыр.

Расында да Тәуелсіздік алғалы бері ең көп реформаланатын саланы бірі – білім саласы. Бұған дейін бұл саланы басқарған Бақытжан Жұмағұлов, Асылан Сәрінжіпов, Ерлан Сағадиевтердің де реформалары сәтті болған жоқ. Ерлан Сағадиев бұл саланы басқарған жылы сонау – 1913 жылдан бері келе жатқан «Әліппені» оқу бағдарламасынан алып тастап, тарихта қалды. Одан соң министр болған Асхат Аймағамбетов «Әліппені» қайта қайтарып алуымен жұртқа «сүйкімді» болды. Қайбір жылы бұл министрлікте бір жылда үш мәрте министр ауысқан кезең де болды. Ақыры 2022 жылы Білім және ғылым министрлігі екіге бөлініп тынды. Әйтеуір, бұл салаға бір министр келеді, ол реформасын ұсынады, оны аяқтап үлгермей жатып келесі министр келіп, өз бастамасын тықпалайды. Саланы жемқорлық, парақорлық та дендеп тұр. Антикор білім бөлімдерінің басшыларын, ақша жеген есепшілер мен директорлардың ұсталып жатқанын жиі хабарлап кетті. Бұл жақсылықтың нышаны емес.

Ұстаздардың біліктілігін саудаға, аттестациялау науқанын базарға айналдырып үлгергенімізге мәз болатын шығармыз. Бірақ ұлттың хақысы, болашақтың есесі де сонымен бірге саудаға түсіп жатқанын ұмытпасақ екен.

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ