«Ұстаздың қолында ұлттың тағдыры тұр»
Аятжан Ахметжанұлы, мұғалім:
Ұстаз мәртебесі деген не? Мысалы, полицияның, прокурордың статусы бар, оларға бағынбаған, күш көрсеткен адам жауапқа тартылады. Кезінде «Ұстаз мәртебесі» туралы заң қабылдауға ұсыныс білдірген кезде мұғалімдерді де осылай қорғауды сұрадық. Мұғалімдерді құрметтейтін, оларды кәсібінен тыс жұмысқа жегуге тыйым салатын заң қабылдауды ұсындық. Кейін заң қабылданды. Кемшін тұстары бар, бірақ жоқтан жақсы. «Мұғалім мәртебесі» туралы заң қабылдау не үшін қажет болды? Отыз жыл бойы мұғалімдік елдегі ең төменгі мамандық саналып келді. 2017-2018 жылға дейін мұғалімдікке жұмыс таппаған адамдар ғана баратын қызмет болды. Заң қабылданып, мұғалімдердің кәсіби құзыретін арттыру және мәртебесін көтеруді қолға алды, ұстаздардың жалақысы өсті. Педагогикалық мамандығына түскен студенттердің шәкіртақысын көтеру арқылы мемлекет бұл мамандықтың беделін едәуір жоғарылатты. Соның арқасында педагогикаға интеллектуал жастар келді.
Егер билік осының бәрін ертерек қолға алған болса, «Мұғалім мәртебесі» деген әңгіме туындамайтын еді. Ұстаздарды сайлауға, кәсібінен тыс жұмыстарға жекпесе, қажеті жоқ жиналыстарға көрініс үшін апарып отырғызып қоймаса, көше тазалатып қоймаса, мұғалімдердің мәртебесі де түспейтін еді. Осындай әкімшілік жұмыстарды істету арқылы ұстаздар беделін өз қолымызбен түсіріп алдық. Сол түскен беделді қайта көтеру қажет. «Мұғалім мәртебесі» туралы заң да сол мақсатта қабылданды. Мұғалім мәртебесі қоғам деңгейін көрсетеді, қазір 500 мың мұғалім 3,5 миллион жас өренге тәрбие беріп жатыр. Бұл 3,5 млн бала он жылдан кейін қоғамның тұлғасы, зиялы қауымы болады. Бүгінгі 3,5 млн бала қалай тәрбие алса, келесі қоғам дәл солай болады. Сондықтан ұстаздың алдынан ұлттың тағдыры өтіп жатыр деуге болады, бұған әсте бей-жай қарауға болмайды.
Заң жүзінде қазір мұғалім мойнында артық жауапкершілік жоқ. Бірақ заң бойынша бәрі әдемі болғанымен, іс-жүзінде бәрі басқаша болып жатады. Министрлік мінсіз құжат шығарса да, жергілікті білім басқармасы немесе директор дұрыс жұмыс істемесе бәрі бекер. Әміршіл-әкімшіл директор немесе білім басқармасының басшысы ұстазға білім беруден бөлек, бала тәрбиесі, оқушы қауіпсіздігін артып қояды. Сондықтан заң жүзінде мұғалім мойнында артық жауапкершілік жоқ, ал іс жүзінде өте көп. Атап айтқанда, сайлауға араластырып, мұғалім абыройын төгу, жемқорлық. Мысалы, мұғалімді жұмысқа алу үшін, сағат бөлу үшін ақша жинау деген сияқты көп кемшіліктер бар.
Оқушы оқыс оқиғаға ұрынып қалса, бұған ұстаз жауапты бола ма? Бұл мәселеге екіжақты қарау керек. Баланың біліміне 100 пайыз мектеп жауап береді. Ал тәрбие кем дегенде 50-де 50 болу қажет деп есептеймін. Мұндай жағдайда мектептен мүлде жауапкершілік сұрамауға қарсымын. Балаға бірінші ата-анасы жауапты болса, екіншіден, мектеп жауапты. Жергілікті білім басқармалары тіке министрлікке қараса, бұл мәселе түбегейлі болмаса да белгілі деңгейде шешіледі. Білім саласын мемлекеттік жүйеден бөлек сала ретінде қарастыруға болмайды. Мемлекетте жемқорлық болса, білім саласында да жемқорлық болады. Мемлекетте әкімшіл жүйе орнығып алған болса, білім саласы да солай жұмыс істейді. Өзге салада адамдар тамыр-таныс арқылы жұмыс істеу жұмыс істесе, білім саласы да содан ешқайда ұзап кетпейді. Өйткені білім саласы қоғамның бір бөлшегі. Тұтас қоғамды дерт жайлаған болса, білім саласы одан сау қалады деуге келмейді.