Ұстазды балағаттап, айыппұл арқалады

Қазан айының басында келетін ұстаздардың төл мерекесінде көпшілік ұстаздарын еске алып, ата-аналар балаларын білім жолына жетелеген мұғалімдерге жылы лебіздерін аямай үйіп-төгіп жатады.
Алайда бүгінгі қоғамда қиындығы мол, жауапкершілігі басым мамандық иелеріне деген құрмет басым болып тұр деп айту қиын. Қағазбастылықтан қажыған ұстаз балаға білім бере отырып, оның үйіндегі ата-анасымен тағы жұмыс істейді. Бүгінгі ата-ананың кейбірі мектепке келгенде өмірде кеткен бар ашу-ызасын ұстаздан алып кеткісі келетіндей өктем қылық танытып келеді. Өйткені олар «шағым түсіремін» деген бір ғана сөзімен мектепті тік тұрғыза алады. Жақында Қарағанды қаласындағы мектептің бірінде жүгенсіз қылық көрсеткен оқушының анасы білім ордасына келіп, директор мен сынып жетекшісін тілдеп, боқтап кеткен. Мұндай ақпаратты білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті жариялады. 14 қыркүйек күні мектеп оқушысы өзінің достарымен бірге мектептегі дәретханаға тәртіпсіз қылықтар көрсетілген суреттер ілген. Баланың сынып жетекшісі мен мектеп директоры оның тәртіпсіз қылығы үшін ескерту жасап, сөйлескен. Осыдан кейін бала бұл оқиғаны анасына жеткізген. Мектепке жетіп келген оқушының анасы директорды тілдеп, ар-намысына тиетін сөздер айтыпты.
Ұстаздардың мәліметінше, оқушыларды тәртіпке салу үшін жасалған жиналыста мектеп директоры мен оның орынбасарлары, сынып жетекшісі және суретті ілуге қатысқан басқа оқушылардың ата-аналары болған. Суреттердің мектепке ілінгені дәлелденген және бұл туралы бейнежазба Tik-тok желісіне тарап кеткен екен. Оқушының анасы мұғалімдерге намысына тиетін хабарламалар жіберген. Мектеп әкімшілігі Қарағанды облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментіне ата-ананың мектеп директорын, сынып жетекшісі мен пән мұғалімін қорлап айтқан аудиожазбаларын айғақ ретінде ұсынған.
Мұғалімдерді тілдеген ата-ана Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 409-бабы 7-6 бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 61 257 теңге айыппұл салған. Жаңадан қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» заңына орай, ұстазға ешкімнің тіл тигізуіне жол берілмейді. Облыс аумағында «Педагог мәртебесі туралы» заңы бұзылған алты оқиға тіркелген екен. Бұл Қарағандыда №25 және №44 мектептерде ұстаздарды өз жұмысына қатысы жоқ жөндеу жұмыстарына жеккен екі айғақ, Шет ауданында осындай тағы екі оқиға тіркеліпті. Сонымен қатар педагог этикасы бұзылған екі жағдай анықталған, оның бірі Шахтинск қаласындағы мектепте болса, екіншісі Шет ауданындағы Көктенкөл жалпы білім беретін мектепте тіркелген.