Ұстаздың беделі – білім сапасының кепілі
Елімізде ұстаздардың өзіне лайықты беделі мен мәртебесін қарастыруға байланысты «Педагог мәртебесі туралы» заң арнайы қабылданған болатын.
Аталмыш заң аясында ұстаздардың әлеуметтік кепілдіктерімен қатар құқықтары мен міндеттері де ресми түрде бекітілген болатын. Сондай-ақ ұстаздарды басы артық жұмыстардан арылтуы, олардың сапалы білім беруіне де үлкен мүмкіндік болып отыр. Осылайша, педагогтардың беделі артып қана қоймай, оларға әлеуметтік көмек те жеткілікті түрде беріліп келеді. Әрі келешек ұрпақты тәрбиелейтін жауапты маман иелерінің жалақылары да жыл санап өсіп келеді.
Мәртебелері заңмен бекітіліп, жалақылары көбейгелі ұстаздардың қадірі ғана артпай, оқушыларға беретін білімдерінің де сапасы қуантарлық деңгейге жетіп келеді. Дегенмен де педагог мәртебесі қабылданғанымен, мұғалім мәртебесін көтеруді мақсат еткен аймақтардағы жүзеге асу барысы мен заң шеңберінде қандай жұмыстар атқарылып келеді деген сұраққа келсек, көптеген аймақтарда Қазақстан Республикасының «Педагог мәртебесі туралы» заңының 12-бабы, 5-тармағының екінші тармақшасына орай, ауылдық елдімекендердің педагогтарын әлеуметтік қолдау үшін коммуналды қызметтері үшін 4 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде отын сатып алуға өтемақы төленетін болды. Сондай-ақ заңға сәйкес, педагог қызметкерлер жұмыс берушінің есебінен міндетті әлеуметтік медициналық тексерістен өтуіне болады. Ал мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының қызметкерлерінің жалақысының көтерілуі де жақсы жаңалықтардың бірі болды.
Мұғалім мәртебесіне байланысты қазіргі таңда не өзгерді, әрі тағы қандай өзгерістер мен жаңалықтар енгізу керек деген сұрақ төңірегінде ұстаз Мақсат Бақыт: «Мұғалім білімді болса, ол мекептен білімді балалар көп шығады. Сонымен қатар мұғалім жас ұрпақпен жұмыс жасай отырып, оқушылармен байланыс орнатуға, әрі олардың тікелей жұмыс міндетін мүмкіндігінше тиімді орындауына көмектесетін белгілі бір жеке және кәсіби қасиеттерге де ие болуы қажет. Қазіргі заманның мұғалімдері әр баланың жан дүниесіндегі жақсы қасиеттерді анықтай отырып, балаларды алған білімін ұнатуына ынталандыруы керек. Мұғалім мәртебесіне арналған заң осындай мәселелердің шешілуіне үлкен ықпалын тигізе білді. Әрі осы заң арқылы педагогтар өздеріне қатысы жоқ жұмыстардың барлығынан шеттетілді. Сонымен қатар ұстаздың сабақ беруінен бөлек, дәптер тексеруінің өзіне де алатын жалақылары да біршама артты. Осындай жағдайлар арқылы бүгінгі ұстаз ештеңеге алаңдамай, сапалы білім беруге деген құлшыныстары да артып келеді», – дейді.
«Мұғалімге құрмет – болашаққа деген құрмет» болғандықтан, ұстаздардың мәртебесіне арналған заң – Мемлекет басшысының жіті қадағалауында десек, артық айтқандық емес.