Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:56, 22 Желтоқсан 2022

Үстемдік еткен өзге тіл

None
None

«Тәуелсіздігімізді алғанымызға қаншама жыл өтсе де, қазақ тілі өзіне лайықты мәртебесіне ие бола алмай келеді, – дейді Равиль Сұлтанғалиев есімді продюсер.

Шынында, ана тіліміздің өз елімізде, өз жерімізде жетімсіреп жүргені өтірік емес. Тілді ұлықтап, құрметтеуге қатысты қаншама ірі тұлғаларымыз жар салып айтқанымен оны әзірге естір құлақ жоқтың қасы.

Өзін кезінде отандық телеарналарда продюсер болып қызмет еткенмін деп таныстырған Равиль Сұлтанғалиев қазақ тілінің отандық телеарналарда айтарлықтай рөлінің жоқ екенін айтып қынжылады. Сондай-ақ ол пікірінде Мемлекеттік тіл туралы заңның шыққанына 33 жылдан асты. Бұл кезең қазақ тілінің қайта жанданып, өз тұғырына қонуы үшін жеткілікті еді. Бірақ өкінішке қарай, қазақ тілі жанданудың орнына кері тартып, сөніп бара жатқан секілді. Бұрындары біз осының барлығын Мәскеудің астыртын саясатынан көріп, соларды кінәлаушы едік. Сөйтсек, бұған өзіміз кінәлі екенбіз.

Айтуынша, оған мысал ретінде басқа саланы алмай-ақ, теледидар мен радиодағы жағдайды мысалға келтіруге болады. Мәселен, бұрындары мен қызмет еткен уақытта елімізде он арна болса, соның түгелі дерлік орыс тілінде хабар таратып, тек эфирдің ең көп дегенде жиырма пайызын ғана мемлекеттік тілге арнайтын. Қазір де оңып тұрғаны шамалы, қазақ тілі кеңінен қолданылса да, таза емес. Аралас, шұбарланған тіл. Кейде орыс тілінің кең қолданыста екеніне қарап, Қазақстанның бұрынғы астанасында емес, Ресейдің әлдебір облыс орталығында тұратындай әсер алатынымыз өтірік емес. Бұл менің орыс тілі мен мәдениетіне қарсымын деген мағынаны білдірмейді, жай өз еліміз, өз ұлтымыз тұрғанда басқа елдің тілі ана тіліне үстемдік етіп, зиян келтіргенін қаламаймын. Қазақ тілінің өз тұғырына қонбай, мәртебесін ала алмай жүргендігіне еліміздегі отандық радио мен телеарна журналистерін кінәлі деп ойлаймын. Өйткені олар осы уақытқа дейін қазақстандық, қазақ тілді жобалардың жарыққа шығуы үшін еш ізденбеді. Жарайды, мемлекет тарапынан ол кезде көмек болмады делік, бірақ қазақ тілінің болашағы үшін елдегі мықты деген кәсіпкерлерді шақырып, демеушілік жасауға ұсыныс тастаса, келісер еді ғой. Жарайды, отандық арналарда қазақтілді қызықты бағдарламалар бар делік, бірақ соның өзі жеткіліксіз болып тұрған жоқ па? Бізде әлі күнге дейін «қазақтілді бағдарламаларды ешкім көрмейді. Сондықтан қаржы бөліп, эфирге шығарудың қажеті жоқ» деген жаман қағида қалыптасқан. Телеарналардың ішінде осындай былықтар болып жатқанда, ірі банктер мен фирмалардың жарнама менеджерлерінің ұлттық бағдарламаларға қайдан қызығушылығы болсын?! Міне, осылайша, қазақ тілі өз жерінде әлі күнге шеттетілген тіл ретінде қалып барады. Бұрынғы кезде тұтқынға түскен жау сарбаздарының басына шикі түйе терісін кигізіп, байлап, бірнеше сағат ыстық күннің астында отырғызып қоятын.

— Соның кесірінен шаш ішке қарай өсіп, адам есін жоғалтып, мәңгүртке айналған. Біздің қазіргі жағдайда дәл осындай ешқандай түйенің терісінсіз-ақ өз тілімізді ұмытып, таза мәңгүртке айналып бара жатырмыз, – деп сөзін аяқтады Равиль Сұлтанғалиев.

Шындығында, қазақ тілінің жағдайы әзірге осылай. Қазақ тілінің келешегі үшін қаншалықты күрескен сайын, өзге тілдің ана тілімізге үстемдік жасауы әзірге тыйылар емес.

Тегтер: