Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
05:35, 18 Қаңтар 2022

Утилизациялау алымы өмірді сақтандырудан қымбат

None
None

Жапон автожүргізушілерінде  арман бар ма?! Күншығыс елінде соңғы үлгідегі жеңіл көліктердің утилизациялық алымы 120 доллардан аспайды.

Америка мен Германияда төлемнің бұл түрі 180 доллар. Еуропалықтар жаңа көлікке  қосымша алым үшін бар-жоғы 100 еуро төлейді. Экономикалық тұрғыдан бәсекеге қабілетті  өркениет жұрты утилизациялық алымды тұрғындарының шектеулі еңбекақы мөлшерін ескеріп тағайындайды. Біздегі утилизациялау төлемінің құны елден ерекше шарықтап кеткен.  Шағын елді мекендегі тұрғын үй бағасына шақ. Шетелден әкелінген  жеңіл көліктерге  утилизациялық алым техниканың  қозғалтқыш көлемі мен категориясына қарай,  440 мың теңгеден басталып, 13 миллион теңгеге бір-ақ тіреледі. Бұдан кейін тұйыққа тірелген қараша қайтіп байбалам салмасын?!

«Көліксіз күн жоқ»

         «Адам мен техника бәсекеге түскен заманда,  көлік  басты қажеттілікке айналып отырғаны жасырын емес. Әсіресе, мен секілді  кейбір жандарға қоғамдық көлікпен жүру тиімсіз. Облыс орталығына  күн сайын серіктес қаладан келіп жұмыс істеймін.  Бұрынғы машинамнан күрделі ақау шыққан соң,  жақында Ресейден жаңалау (2005 жылы шыққан) көлік айдап әкелдім.  Көрші елден темір тұлпарымды 1 млн 700 мың теңгеге сатып алдым. Қазақстанда ондай көлік  утилизациялық алымды қоса есептегенде,  екі есе қымбат тұрады. Бұл  қосымша табысы жоқ,  жалақыға қараған отбасыларға үлкен салмақ салатыны даусыз, — дейді Абай қаласының тұрғыны Бахытжан Байдәулет. 

2015 жылы елдің инвестиция және даму министрлігі  Қазақстанға келетін көліктерге утилизациялық алым енгізуді ұсынды. Бұл бастама жекенің мүддесін көксегені болмаса, халыққа ешқандай қайыры болмады.

Қызмет мөлшерінің қымбаттығы қоғам жарасына айналғалы аттай алты жылға ұласты. Отандық автокөлік иелері көлікке кіріптар бұқараны тақырға отырғызып жатқанын дамылсыз  айтты. Ірі қалаларда қарсылық  акциялары өтті.  Алғашқы петицияға елдегі 30 мың адам дауыс берген. Бірақ  көптің өтінішін үкімет елең қылмады, тиісті ведомствоның шенеуніктері халық жағына шығуға құлықсыздық танытты. Ақыры жұрт «Жартасқа бардым, күнде айқай салдым, одан да шықты жаңғырық...» деген кейіпке енді.

Ал былтыр қыркүйек айында Қазақстанның халықаралық автомобильдік тасымалдаушылар одағы  утилизациялық алымның шектен тыс  жоғарлауынан  осы саладағы компаниялардың шығынға ұшырап жатқанына алаңдаушылық білдірді. Олар түйіткілдің тез арада шешілуін сұрап президентке ашық хат жолдады.  Осы орайда ескере кеткен жөн, былтырдан бері Беларусь  шекарадан өткен «Еуро 6» экологиялық сыныптағы барлық жаңа жүк көліктерді және тартқыш-тягачтарды утилизациялық алым мен қосымша құн салығынан босатты. Кедендік одаққа мүше Ресей мен Беларуссия жүк көлігіне бастапқы тіркеуді бұғаттап тасталды. Осынау  біртұтас экономикалық кеңістікке енетін қазақстандық тасымалдаушылар бұл мүмкіндіктен қалыс қалып отыр.

«Теңгелі жерде теңдік жоқ»

Қарағандылық қоғам қайраткері, қоғам белсендісі Ниқанбай Омарханов әлеуметтік желідегі парақшасында өзекті мәселені қаузап жазды. Артынша, автордан оқшау ойын  газет оқырмандарымен де бөлісуді сұрадық. Сондағы айтқаны:

— «Утилизация дегенді машинаны қорғау тетігінің бірі деп түсінгеніміз жөн.  Әлемдегі машина жасау саласы дамыған мемлекеттер  шетелдік көліктерге утилизациялық алымды үстемелеп қойған. Себебі олар мұндай қадамға отандастарын өздерінде шығарылатын көліктерді алуға ынталандыру үшін барып отыр. Ол жақта машиналар жергілікті тұрғындардың қалтасы көтеретін бағада тұрады.  Ал, біздегі талап ақылға сыймайды. Елімізде «МТЗ» тракторынан  басқа ештеңе шықпайды. Шетелден келетін көліктерді жинап құрастыру мүмкіндігіне иеміз. Бұл темір тұлпарлардың бағасы қымбат, алайын десе қарашаның жағдайы келмейді. Солай бола тұра  шетелдік арзан көлікті мінуге бейілдік танытқан  қарапайым халықтың жолын кесіп отырмыз.  Шырқап тұрған утильалым бюджетке түссе, мақұл дер едік. Осы уақытқа дейін  тұтынушыны майшелпекке айналдырып келген «Оператор РОП» ЖШС -нің қитұрқы әрекетіне мұқым жұрт енді куә болды. Күні кеше  экология, геология  және табиғи ресурстар министрі Серікқали  Брекешев  әлгі  серіктестіктің 692 млрд теңге алым жинағанын  айтты. Жекеменшік мекеменің шотында қалған 692 млрд теңге қалай да, Үкіметтің еншісіне қайтарылуы қажет. Әрбірден соң,  утилизациялық алым  өркениет талабына сай мемлекеттің бақылауында болуы керек. Бұл «көтеремге көлденең» әрекет  бәрінен бұрын, ауыл шаруашылық өнімін өндірушілерді сүліктей сорып келді.  Мәселен көрші  мемлекеттерде «МТЗ» тракторының өзіндік құны 10-12 млн теңге тұрады.  Біздің елге  кіргенде оны фермерлер  10-15 млн теңге үстеме бағамен алады. Утилизациялық алымның өзгелерден ерекшелігін осыдан-ақ аңғаруға болады. Сондықтан төл машина жасау саламызды ретке келтірмей тұрып араны ашылған алымды бұғаттау керек», — дейді ауыл шаруашылығы саласының экс-басшысы Ниқанбай Омарханұлы.  

Облыстық ауыл шаруашылық басқармасы бастығының орынбасары Сырым Бошпановтың айтуынша «өткен жылы аймақ шаруалары Ресей мен Белоруссиядан 20 млрд теңгеге 1310 бірлік техника әкелген.  Фермерлер елге кіргенде утилизациялық алым үшін  6 млн теңге қосымша үстемақы төлеген. «Үстемеақы фермерді  талайдан бері тақырға отырғызып келеді», — дейді спикер. Айтпақшы бұған дейін де  АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Уильям Мозер «Forbes.kz»-ке берген сұқбатында Қазақстанға келетін ауыл шаруашылық жабдықтарына алынатын утилизациялық төлем құны орынсыз екенін, бұл өз кезегінде, фермерлерге жаңа технологияға қол жеткізуге кедергі келтіріп отырғанын ескерткен еді.

Экономикалық сарапшы Аяпберген Таубаев: «Қазақстанда утилизациялық алым тағайындаудың ешқандай экономикалық негізі жоқ» деген пікірде.  Шындығында аталған төлем көліктің  құнына өздігінен  кіруі тиіс. Логикалық тұрғыдан ойласаңыз, қазір ешкім көлігін  далаға  бекер тастамайды. Тым болмағанда металл қабылдайтын орындарға өткізіп үлесін алады. Бұдан былай ол міндет бұрынғыдай, белгілі бір тұлғаның иелігінде кетпей  үкіметтің қоластына өтсе деген тілек бар. Қызметтің осы түрінен  жиналған қаржы болашақта әлеуметтік механизмдерді қаржыландыруға  бағытталуы тиіс.  Келесі ұсыныс — Еуропа елдері секілді  утилизациялық алым шартты түрде 100 еуродан (бізде теңгемен шаққандағы шекті жалақы мөлшерінен)  аспайтын болса, сонда  Қазақстанда құрастырылып шығарылған автомобильдің бағасы өздігінен арзандайды», — дейді экономика ғылымдарының докторы  Аяпберген Алданайұлы.

Үміт оты қайта жанғандай

 Көптің наласын арқалаған толғақты түйткілге өткен аптада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліс отырысында нүкте қойды. Мемлекет басшысы Үкіметке утилизациялық алым мөлшерін қайта қарап, жиналған қаржы мемлекет бюджетіне түсу керек деген тапсырма берді. Президенттің мәлімдемесі әлеуметтік желіде  үлкен  резонанс тудырды. Екі күннен кейін экология министрлігі жақында утилизациялық алым жинайтын мемлекеттік оператор құрылатынын жария етті.  Бірақ көпшілікке серпіліс әкелген мәселе  әзірге ауызша ғана айтылып отыр. Іс-әрекеттің қалай басталып, қандай нәтижесі шығатынын алдағы уақыт көрсетеді. Біз де әліптің артын бағамыз.

Тегтер: