«Утилсбор» кімнің қалтасын томпайтуда?
Қазақстандықтар утилизациялық алымның құнына қарсы петиция жариялап, otinish.kz сайтында қол жинап жатыр.
Өйткені еліміздегі автокөліктердің тоз-тозы шыққан, ал шетелден айдап әкелетін көліктердің елімізге келгенде үстінен қосылатын салықтары мен алымы жұрттың қалтасын көтермейді. Мәселен, жеңіл көлік үшін кәдеге жарату алымы 437 500 теңгеден (150 АЕК) басталып, одан әрі көліктің маркасына, қозғалтқышының көлеміне қарай өсе береді.
Утилизациялық алым деп отырғанымыз – техниканы кәдеге жаратуға, яғни қалдықтарын қайта өңдеу үшін алынатын төлем. Оны көлік сатып алушылар мен өндірушілер транспорт құралын экологиялық нормаларға сәйкес пайдаланғаннан кейін қайта өңдеуді қаржыландыру үшін төлейді. Жалпақ тілмен айтқанда, аталған төлемді автокөлігіңіз қолға тиген бетте алдын ала жасауыңыз тиіс, бірақ оның тегін утилизациялау қызметін сіз ең соңында аласыз.
Қазақстанда 2016 жылдың қаңтарынан бастап жергілікті автоөндірушілер мен ресми импорттаушылар утилизациялық алым төлеуге міндеттелді. Оны техниканы бастапқы есепке қойған сәтте «ӨКМ операторы – оператор РОП» ЖШС-ға төлеуің керек екен. Утилизациялық алымның базалық мөлшерлемесі АЕК-пен белгіленеді. Демек, бұл оның көлемі жыл сайын өсіп отырады деген сөз.
Мысалға, екі жыл бұрын Кореядан көлік алып келген азамат Нураддин Садықов жақында әлеуметтік желідегі парақшасында шетелден әкелінетін көлік шығынын тәптіштеп жазып берді. Техникалық құралды тасымалдау кезінде алым-салықтың түрлерін шекарадан өтерде көреді екенсіз: «Кореядан 2 млн 535 мың теңгеге келген менің кішкентай ғана, жылы жаңа көлігімді Қазақстанда рәсімдеу үшін тағы қосымша 1 млн 373 мың теңге төледім. Оның 797 мың теңгесі кеден, қаржы министрлігі секілді мемлекеттік органдарға төленген қаражат болса, қалған 580 мың теңгесі мемлекет қолдан лобби жасап отырған жеке компаниялардың есебіне кеткен қаражат. Бұл осы кішкентай ғана көлікті сол кездегі АЕК (МРП) көлемі 2525 теңге болғанда кеткен қаражат. Ал қазір АЕК – 2917 теңге, яғни қазір бұл алымдарға одан да көп қаржы кетеді», – дейді ол. Ал қозғалтқыш көлемі 1 литрден аспайтын жап-жаңа көлігі үшін 380 мың теңге «утилизациялық алым» төлепті. Ал дамыған елдерде утилизациялық алым құны 100 мың теңгеден аспайды екен.
Жалпы, сарапшылар Қазақстанда барлық түрі бойынша автокөлік паркі ескіре бастағанын айтады. Бұл экологияға да зиянын тигізуі мүмкін деген қауіп бар. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне көз жүгіртсек, 2021 жылғы қаңтар-наурызда Қазақстанда 224 мың 421 жеңіл автомобиль жаңадан тіркелген. Бұл 2020 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда бар-жоғы 3,5 пайызға ғана көп. Ал қазіргі кезде Қазақстанда тіркелген жеңіл автомобильдердің жалпы саны 3 миллион 849,9 мың болып отыр.
Бір ескере кететін жайт, 2015 жылғы қаңтар-наурыз аралығында 229 мың 631 жеңіл көлік жаңадан тіркеуге қойылыпты. Сол кезде жалпы саны 4 миллион 327,8 мыңға жетіпті, бірақ содан бергі алты жыл ішінде республикада жеңіл көліктердің саны көбеюдің орнына, керісінше, жарты миллионға күрт азайған.
Міне, осы утилизациялық алымның құны аспандап кетуіне байланысты шағымданушылардың президент Қ.Тоқаевтың атына жазылған петициясында көлік бағасының қымбаттауы халықтың жағдайын одан сайын қиындатып жатқаны, сырттан әкелінетін автокөліктің алымы қозғалтқышының көлеміне қарай 400 мыңнан 6 млн теңгеге дейін шарықтап кетіп тұрғаны, ҚР үкіметі мен лоббистер айтқандай, кәдеге жарату алымы ел экономикасына емес, бірнеше жеке кәсіпорындарға ғана пайдалы болып отырғаны, көп автокөліктің тозығы жеткені жазылған. Осыған сәйкес, наразы топ мемлекет басшысынан автомобиль құрастыру кәсіпорындарын мемлекеттік қолдау шараларын қайта қарауды және автомобильдерге кәдеге жарату алымын Еуропа елдерінің деңгейіне дейін төмендетуді тапсыруды сұрап отыр.
‒ 2016 жылдан бері біздің елде қайта кәдеге жарату алымы (утильсбор) жиналып келеді. Бұл алымның әу бастағы мақсаты еліміздің экологиясын және отандық автомобиль өндірушілерін қолдау болған. Алым мөлшері көліктің мотор көлеміне байланысты 400 мыңнан – 5 миллион 500 мың теңгеге дейін белгіленді. Мысалы, көлік моторы көлемі 2001 см кубтан 3000 см кубқа дейінгі көлікке алым құны 1 458 500 теңгеге дейін жетеді. Бұл алым көліктің құнына қосымша құн қосып, автокөлік бағасының шарықтауына әкелді. Бүгінгі таңда жаңа автокөлік бағасы тіптен қолжетімсіз. Соның кесірінен халыққа ескі көлікке отыруға тура келді. Осының бәрін көре тұра, яғни қолжетімсіз қымбат көлік және жолымызда күннен-күнге көбейіп келе жатқан ескі көліктер санын көре тұра, біз кәдеге қайта жарату алымының (утилсбордың) өз мақсатына жетпегенін көріп тұрмыз. Оның еліміздің экологиясына ешқандай пайдасы жоқ. Осы пайымдарды негізге алып, кәдеге қайта жарату алымын алып тастауды сұраймыз», – дейді петиция ұйымдастырушылары.
Алайда бұл бірінші рет көтеріліп отырған мәселе емес. Былтыр бірқатар бизнес-қауымдастық, парламент депутаттары «утилизациялық алым – бюджеттен тыс қорға төленетін қосымша салық, оның шығындары қоғам бақылауынан тыс жүргізіледі, ал ставкалары тым жоғары» екенін айтып, Экологиялық кодексті өзгертуге қатысты бастама көтерген болатын. Экс-депутат Нұржан Әлтаев кәдеге жарату алымы монополизациялауға әкеп соғып отырғанына назар аударып: «Утилизациялық алым жаңа Экологиялық кодекске экологияны жақсартып, машина-трактор мен автомобиль паркін жаңартуды көздемей енгізіліп жатыр. Бұл парктің ескіруіне жағдай жасап, монополизацияға негіз болып, бағалардың күрт өсуіне әкеп соғады. Утилизациялық алым бақылаусыз, қоғам мен билік органдарына есеп бермей жүргізіледі», – деген еді кезінде.
Дәл осындай мәселе көрші Ресей елінде де көтеріліп келеді. Бұл тұрғыда: «Кәдеге жарату алымы – бұл жергілікті өндірістің пайдасына шешіліп отырған жасырын салық. Алымның өсуі өткен жылы Ресей Федерациясына әкелінетін шетелдік автомобильдердің бағасын қымбаттатып жібереді. Бұл шараның шын мәнінде экологияға ешқандай қатысы жоқ, тек жергілікті автоөндірушілерді қолдауға бағытталған», – дейді ресейлік автосарапшы Александр Холодов.
Алайда былтыр бұл мәселе сол жабулы қазан күйінде қала берді. Наразы топтың мұндай шағымына көнбеген индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «утилизациялық алым жойылса көлік қымбаттайды» деп шыққан. Сондағы ресми мәлімдемесі мынау болды: «Кәдеге жарату алымының мақсаты – экологиялық. Кәдеге жарату алымын енгізу елімізде көп жинақталған моральдық және техникалық ескірген жабдықтарды өңдеуді ұйымдастыруға бағытталған. Бұл танылған халықаралық тәжірибе. Кәдеге жарату алымы Еуроодақтың барлық елдерінде, АҚШ-та, әлемнің көптеген басқа елдерінде, ЕАЭО аумағында қолданылады. Автокөлік құралдары мен олардың компоненттерін кәдеге жарату үшін инфрақұрылым құру бойынша жұмыс жүргізілді. Толық циклді көлікті қайта өңдеу зауыты іске қосылды. Қалдықтарды жинау және қайта өңдеу секторын ынталандыру жүргізіліп жатыр. Қазақстанда қалдықтарды қайта өңдеу саласының дамуы байқалады. Кәдеге жарату алымы енгізілген сәттен бастап 2016 жылы пайдаланудан шыққан 156 764 автомобиль кәдеге жаратуға тапсырылды».
Ендеше ендігі бар үміт петицияда...