Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:00, 04 Маусым 2025

Ұялы байланыс халыққа қымбат, Мәдиевке арзан

Мәдиев
Фото: bluescreen.kz

Қазір қазақстандықтардың көпшілігі елдегі байланыс операторларына наразы. Бұған дейін жұрт байланыс қызметінің шамадан тыс қымбаттап кеткенін, қызмет түрінің бағасы артқанмен, сапасы тіпті сын көтермейтінін, байланыс операторлары үкімет уәде еткен 5G желісі түгілі, 4G желісімен халықты толық қамтамасыз ете алмай отырғанын айтатын. Енді бұл қызмет түрін ұсынушылар халықтың қалтасын қағатын жаңаша тәсілдер ойлап тауып жатыр.

Байқағанымыздай, былтыр араб инвесторлары Қазақстанның байланыс нарығына кіріп Теле2 мен Altel-ді сатып алып, «жаңалық енгіземіз, технологиялық қуатты арттырамыз» дегенімен, асқан жаңашылдықтың лебін сезіне қоймадық. Керісінше, осы байланыс операторларына елдің өкпесі қара қазандай. Бұл екі оператордың қалтаны қақшуға құныққаны соншалық, тіпті тұтынушылармен келіспестен тарифтерді өздері қоса салатын болыпты.

Сәрсенбектің есебі

Мәселен, өткен аптада әлеуметтік желіні белсенді пайдаланушы Сәрсенбек Қызайбекұлы өзінің парақшасында Altel байланыс операторының өзінен рұқсат сұрамастан күнделікті интернет пакетке қосып қойғанын, ол қызмет үшін бір күнге 620 теңге алғанын, одан кейін еш себепсіз абонентін минусқа кіргізіп қойғанын, артынша бұғаттап тастағанын жазды. Осыдан кейін байланыс операторының қызметіне шағымданып хабарласқан ол операторлардан «Сіз, 4 ГБ қарыз алғансыз» деген жауап алған. Алайда операторлар қарызды қашан, қай уақытта алғанын түсіндіріп бере алмаған. Ал «бір күндік интернет пакетке 620 теңге алу тым қымбат және бұл әділетсіз» екенін айтқан Сәрсенбекке операторлар – бір күндік интернет пакеттің құны 340 теңге екенін, қалған қаражатты қайтарып алу үшін ЖСН нөмір жіберіп, бірнеше күн тосу керектігін айтқан. Altel-дің бұл қылығына таңғалған желі пайдаланушысы бұл компаниядан қарызға ГБ алмағанын, үйінде интернет тарататын WiFi бар екен, одан бөлек мобильді байланыс желісінде қосымша 46 ГБ болғанын айтады. Осының бәрін жіпке тізе келіп Сәрсенбек Қызайбекұлы «үндемесең бұлар адамды жей береді. Сондықтан есептеп отыру керек екен» дейді.

Енді ол бір күндік интернет пакет үшін артық төлеген соманы қайтарып алуға және қарызға ГБ алмағанын дәлелдеп шығуға бекініп отыр.

Теле2 жолақысын жейді

Аталмыш байланыс операторларының қызметіне көңілі толмайтын тағы бір кейіпкеріміз алматылық Мөлдір Дәуренбекова кейінгі кезде Tele2 байланыс операторы тіпті ұялы телефонға жолақысы үшін салған ақшаны жеп қояды дейді. Қалада курьерлік жұмыс істейтін ол жолақысын үнемі Теле2 арқылы 9909-ға смс жіберіп төлейді.

«Алматыда жолақысы 120 теңге. Ұялы телефоныма банк қосымшасы арқылы 120 теңге салып, 9909 жіберсем, еш уақытта төлем алынбайды. Қаражат жеткіліксіз деп шығады. Сосын қайта 100 теңге саламын. Сол кезде барып бір бағытқа жетуге 120 теңге салынады. Енді қалған 100 теңге телефонымда тұруы керек қой. Жоқ, үнемі 80 теңге қалады. Сонда 20 теңге қайда кетеді. Оны қанша мәрте Теле2 операторларынан сұрадым, жауап бере алмайды. Демек бұл арада үндемей отырып қызмет ақысына комиссия ретінде 20 теңге алынып отыр деген сөз. Әрбір 120 теңгеден 20 теңге алынатын болса есептей беріңіз, қанша ақша комиссия есебінде алынады. Мұны Tele2 айтпайды. Мен күніне бірнеше жерге барамын. Шамалап күнделікті 1 000 теңге салсам оның 200 теңгесі комиссияға алынады. Осылайша Tele2 жолақысын жейтінін байқадым», – дейді кейіпкеріміз.

Мөлдір Дәуренбекова да Tele2 байланыс желісінің де өзінен сұрамастан бір күндік интернет пакетті қоса беретінін, оны алып алған соң барып қана хабарлама жолдайтынын айтты.

Инфрақұрылым және инфляция

«Жас Алаш» осы және басқа да мәселелерді сұрап, аталмыш байланыс операторларына хабарласып көрді. Ондағы мамандар тұтынушыларға ыңғайсыздық тудырмау үшін телефонында қаражаты бар болса бір күндік тарифті тұтынушыдан сұрамай қосып беретіндерін растады.

«Егер сіздің тарифіңіз алынатын күні қорыңызда қаражат болмаса, дегенмен 340-400 теңгедей абоненттік төлем жатса, тұтынушыдан сұрамастан бір күндік тарифті қосып қоямыз. Артынша бір күндік тариф қосылғанын смс арқылы ескертеміз. Ал енді жолақысына комиссия алу жағын білмеймін. Ол жағынан хабарымыз жоқ», – дейді оператор Гүлдана Қасымбек.

Артынша ресми жолдаған сауалымызға биылғы жылы байланыс операторы өз тарифтерінің бағасын бірнеше рет көтергенін, бұл өзгерістер компанияның инфрақұрылымды дамыту және қызмет сапасын арттыру мақсатында жасалғанын айтыпты. Байланыс операторлары тарифтердің қымбаттауын бірнеше факторлармен түсіндіреді: бірінші, инфрақұрылымдық шығындардың өсуі. Оған: желіні жаңарту, жөндеу және оған қызмет көрсету шығындарының артуы кіреді. Екінші, жабдықтардың қымбаттауы: бір базалық стансаны сатып алу және орнату үшін шамамен 100 мың доллар жұмсалады. Үшінші, инфляция және валюта бағамының ауытқуы: доллар бағамының тұрақсыздығы мен инфляцияның өсуі компанияның шығындарын арттырды. Төртінші, жаңа технологияларды енгізу: компания 2024 жылы Қазақстанның жеті қаласында ескірген 3G байланыс технологиясын 4G және 5G-ге ауыстырып, қайта өңдеу жұмыстарын жүргіздік дейді.

Міне, байланыс операторларының тарифтердің қымбаттауына қатысты жаттап алғандай баяндай жөнелетін жауабы – осы.

Қазаншының өз еркі...

Осы саланы зерттеп жүрген ІТ-ағартушы Елдос Еркебайдың пікіріне сүйенсек, қазір Қазақстандағы ұялы байланыс абоненттерінің саны халықтан әлдеқайда артық. Елімізде 20 млн халық бар болса, оның біразы телефон ұстауға жарамсыз кішкентай балалар дегеннің өзінде елде тіркелген 28 млн-дай абонент бар. Яғни кейбір адам­дар 3-4 телефон, сим-картадан пайдаланады.

«Сондықтан осы саланы иемденіп алған ұялы байланыс операторларының бұл қылығы «бәрібір бізден кете алмайсың» деген ниетпен тұтынушылардың шарасыздығын пайдалану. Мысалы, сәуір айында мобильді телефоныма Tele2 байланыс оператынан тариф бағасы­ның қымбаттайтыны жөнінде хабарлама келді. Бұған дейін құны 5 390 теңге болған тариф 21 сәуірден бастап 6 390 теңгеге қымбаттады. Ұялы байланыс операторы бағаның қымбаттауын техникалық қызмет көрсету құнының өсуімен түсіндірді.

Бұл негізі «қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса» деген сөзге қатты ұқсайды. Біздегі «Байланыс туралы» заңның өзі байланыс операторларына осындай мүмкіндік беріп отыр. Осы заңның 20-бабында «Байланыс операторлары байланыс қызметтеріне арналған шығындарды негізге ала отырып тарифтерді дербес белгілейді» деп жазылған.
Міне, үкімет осындай заң шығарып, оларға еркіндік беріп қойған. Олар заңның еркіндігін пайдаланып, бір күндік тарифті де өз беттерінше қоса береді. Сондықтан тәртіпке салу үшін алдымен заңға өзгеріс енгізу керек. Бұл заңға, керісінше, «байланыс операторлары бағаны көтеру себептерін алдымен үкіметтің алдында талдап, дәлелдеп, содан кейін заңнамалық рұқсатпен ғана көтеру керек» деген түзету енгізу қажет деп санаймын.

Байланыс операторларының қызметі қымбаттағанымен сапа артты деп айта алмаймыз. Тариф қызметі сын көтермейді. Өткен жылдары білесіз, сапа жақсармауына байланысты олар миллиондап айыппұл арқалады. Әйтсе де айыбын сезініп, айылын жиған олар жоқ. Керісінше, байланыс иелері сол арқалаған айыппұлдарын тарифті қымбаттату арқылы екі еселеп шығарып алды. Олар биыл да тариф құнын төмендетпейміз деп бірауыздан мәлімдеді. Нарықтағы үш оператор да қызмет құнын өзара ымыраласып, ақылдасып көтеріп отыр. Өйткені бәрі бірдей көтерген соң сізде таңдау құқы болмайды.
Байланыс операторларының тарифтері әу баста 2 500 теңгемен басталып еді, қазір 15 000 мыңға жетті. Мен Қытайға жиі барамын. Салыстырсақ, ұялы нарық бағасы Қытайда бізге қарағанда әлдеқайда арзан»,
– дейді сарапшы.

Маманның айтуынша, Қазақстандағы байланыс операторлары компанияның жалпы шығыстарын, қажетті мүліктерді сатып алу, техникалық, әкімшілік шығындар, маркетинг, пиар сияқты коммерциялық шығындар, сондай-ақ қызметкерлердің жалақысы мен басшылықтың сыйақылары мен бюджетке алым-салықтарды да тарифті өсіру арқылы шығарып алғысы келеді.

«Бұдан бөлек, тұтынушылардың интернетте көп отыруы нәтижесінде интернет-трафиктің артуы және желіге түсетін жүктемелер де шығынды ұлғайтады. Мұның барлығын әкеліп, халықтың қалтасынан алу ақылға сыймайды», – дейді ІТ-ағартушы.

Қымбатшылық шақыратын заң

Ал заңгер Ержан Есімхановтың пайымдауынша, үкіметтің телекоммуникация және байланыс саласына қатысты әзірлейтін заңдары, керісінше, интернет пен байланыс қызметін қымбаттатып жіберуі мүмкін. Мәселен, үкімет жуырда ғана осы салаға байланысты жаңа заң жобасын «Ашық НҚА» порталына талқылауға шығарды. Бұл құжатқа сәйкес, енді елде телекоммуникация қызметтерінің сапасын арттыру және телекоммуникация желілеріндегі азаматтардың құқықтарын қорғау қоры құрылады. Аталмыш қор өз қызметін үкімет бекіткен тәртіпте жүзеге асырады. Заңгер мұндай қорлардың пайдасынан гөрі зияны көп болуы мүмкін екенін айтады. Оның пайымдауынша, елімізде бизнестен ақша алып, оны жұмсау мақсатында құрылған кез келген қордың соңы немен аяқталатыны айдан анық.

«Үкімет айқындаған телекоммуникация қызметтерінің сапасын арттыру және телекоммуникация желілеріндегі азаматтардың құқын қорғау қорына қалааралық және халықаралық телефон байланысы, сондай-ақ ұялы байланыс төлемақы төлейді. Қор жылына байланыс операторларының табысының 3 пайызын жинайды деп болжануда. Мен осы 3 пайыз нақты ақшаның қанша болатыны туралы түсіну үшін әртүрлі байланыс операторларында істейтін әріптестермен сөйлестім. Есептер әртүрлі, бірақ орташа есеппен бір оператордан жылына 10 млрд теңге ақша жиналады екен. Жалпы алғанда 50-60 млрд теңгені құрап, 100–120 млн долларға жетеді. Бұл – үлкен ақша. Ал ондай соманы, әрине, операторлар өз қалтасынан төлемейді. Ондай шығын тағы да сол қазақстандардың қаражаты есебінен өтелуі мүмкін. Әрбір оператор қосымша 10 млрд теңге төлейтін болса, бұл шығындар тұтынушыларға, яғни біздің мойнымызға жүктеледі. Демек, аталмыш заң қабылданатын болса ұялы байланыс қызметі тағы қымбаттайды деген сөз. Мұндайда операторларды да кінәлай алмаймыз. Өйткені бұл таза үкіметтің бастамасы», – дейді Ержан Есімханов.

Жалпы, салалық мамандар осы саланы бақылауға тиіс цифрлық даму министрлігі байланыс операторларына талап қоя алмайды. Ал бұл бейқамдықтың артында халықтың қалтасына түсетін батпандай салмақ барын цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев сезбейтін де сыңайлы. Жақында ғана бұл министр байланыс тарифтерінің бағасының өсуі орынды екенін, сол арқылы компаниялар желілерді жаңартуға инвестиция тартатынын айтты. Сондай-ақ Мәдиев бізде байланыс тарифтері қымбаттағанымен, бір ГБ интернет-трафиктің бағасын да азырқанып жүр. Министрдің аузынан гигабайт арзан деген сөзді естіген жұрт тағы да шошып отыр. Себебі осыдан екі жыл бұрын осы саланы басқарған экс-министр Бағдат Мусин де Қазақстанда ұялы байланыс тарифтері өте арзан деп мәлімдеме жасап, артынша тарифтердің бағасы екі есеге қымбаттап сала берген.

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

Тегтер: