Ұялы байланыс операторлары халықты тонауда

Қазақстан Республикасының цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің назарына!
Бұл қазақ бәріне жем болды. Еш себепсіз айналамызда көтеріліп жатқан тауар, қызмет бағасына, ауыздықталмас қымбатшылыққа енді ұялы байланыс қызметі де қосылды. Қыркүйек айы басталғалы бері бұрынғы үйренген ұялы телефонның тарифына қосыла алмай, айтарлықтай, өсіп кеткен тарифінің бағасына амалсыз қосымша ақша төлеуге мәжбүр болған халық наразылық танытуда. Атап өтер жайт, қазір мектеп табалдырығын енді аттаған баладан бастап, қарияға дейін телефон ұстайды. Яғни ұялы байланыс операторларының тұтынушылары жыл өткен сайын артып барады.
Мәселен, қазір ұялы байланыс абоненттерінің саны халықтан 10 миллионға артық екен. Елімізде халық саны 19 миллион болса, 28 миллиондай ұялы байланыс операторларының қолданушылары тіркелген. Яғни бір адамда 3-4 телефон, сим-картадан бар. Сондықтан сұраныс бар саланы иемденіп отырған ұялы байланыс операторларының бұл қылығы «бәрібір бізден кете алмайсың», деген тұтынушылардың шарасыздығын пайдалану ма, әлде қымбаттатудан біз қалып қоймайық деген жанталасу ма?!
Былтыр осы уақытта билайндағы 12 ГБ, өзге операторларға 200 минут, 0 сек және 200 sms беретін «бәрі L» тарифіне 2880 теңге төлесем, биыл қыркүйек айынан бастап, дәл сол тарифке 4200 теңге төлеуге мәжбүр болып отырмын. Өзім мен жолдасыма 4200 теңгеден, мектепте оқитын екі қызыма 3600 теңгелік тарифтен төлесем және арасында үйден жұмыс істейтіндіктен, оқушыларға да ғаламтор қажет болғандықтан, үйдегі алтелдің ғаламтор қызметі үшін 6000 төлейтінімді есептегенде – ай сайын байланыс қызметі үшін ғана «ішпей жемей», отбасымнан 21 600 теңге шығын шығады екен. Тапқаның тамағыңнан ауыспайтын заманда қалтаға аз салмақ емес.
«Басқа арзанырақ тариф бар ма екен» деп, билайнның операторларына қоңырау шалдым. «Қыркүйек айынан бастап, барлық тариф көтерілді. Ең арзаны 2590 теңгелік. 6 ГБ, өзге операторларға 50 минут береді», деді. Жұмысым негізінен, ақпарат алу, хабарласудан тұратындықтан, маған оның жетпесі анық. Амалсыз оқушы қыздарымды арзанына көшірмек болып, оқушыларға арналған тарифін сұрадым. «Білім» деген тариф бар 990 теңгелік. 1 ГБ қана беріледі. Ал қоңырауларға минутына 18 теңгеден алынады», деді. Тіпті, билайн операторының ішінде өзара тегін емес екен. Бір күнге жетер жетпес 1 ГБ ты 990 теңгеге сатып аласың. Қоңырау соғуының өзі тегін емес. Күніне 990 теңгеге тариф сатып алып отыратын оқушыларымыз бай ма сонда?!
Менің наразылығымды сезіп, «бәлкім, жеңілдік шығып қалар нөмірін айтыңызшы қыздарыңыздың», деді. Айттым, тексере келе «Елу пайыз жеңілдікпен 2500 теңгелік тариф бар. 18 ГБ, 210 минуттық, әлеуметтік желілерге тегін. Бірақ бұл жеңілдік бір айға ғана. Одан кейінгі айға тарифтің өз бағасы 4990 теңге. Бірақ бұрынғы 3600 теңгелік тарифке қайтып орала алмайсыз», деді. Алайда үш ай жазғы демалыста ақша үнемдемек болып, «көз алдымда жүрген бала ғой» деп тарифтерін қоспай қойғандықтан, ол жеңілдікке үйдегі екі оқушының абоненттері ілінбейді екен. Қайтадан амалсыз менің нөміріме жеңілдік бар ма деп сұрадым. Жеңілдік бар екен. Яғни қазір елу пайыз жеңілдікпен қосыла аламын. Бірақ кейін 4200 теңгелік тарифыма қайта орала алмайды екенмін. Бір айға ғана елу пайыз жеңілдікпен қостырған 4990 теңгелік тарифпен қалады екенмін. Яғни жеңілдікпен алдап, қымбат тарифке кіргізіп алған соң, бұрынғыға зар болып, қымбат тарифке «жіпсіз байланады» екенсің.
Сонда бұлар байланыс операторлары ма, әлде алаяқтар ма?! «Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп, құлағынан айырылыптының» керімен арзан тариф іздеймін деп жүріп, өз тарифіме зар болып қалармын деп, бетім қайтып қалды. Баланың қауіпсіздігі үшін мектептен шыққан соң, үйге жеткенше, үйден мектепке барғанша, үнемі байланыста отырмасаң, тағы болмайды. Амал жоқ, қымбаттаған тарифтеріммен қалдым. Алайда ай сайын байланыс пен ғаламтор қызметі үшін 21600 теңгенің оңай тимесі анық...
Титықтаған халықтың түбіне тариф жететін секілді...
Бүгінде телефон өміріміздің ажырамас бір бөлігіне айналды. Сондықтан осыны түсініп отырған байланыс операторлары да халыққа лайықты қызмет көрсетудің орнына ойларына келгенін істеп бағуда. Тұтынушының көптігіне қарамастан, еліміздегі байланыс операторлары қымбат тарифымен ғана емес, арасында ұялы байланыс бірліктерін, интернет тарифтерін «жеп қойып» та халықты қанап отыр. Алыстан мысал іздеудің қажеті жоқ, бірнеше жыл бұрын бір айға деп алған тарифымның үш күн ішінде жоқ болып кеткенін көріп, тарифымды даулап, операторға хабарласқанымда, «нөміріңіз бойынша техникалық ақау орын алған. Сондықтан мегабайтыңыз тез кетіп қалған. Осы нөмір бойынша шағым қабылданды. Тарифіңіздің жоғалып кеткен мегабайтын телефоныңызға бірлік ретінде қайтарып береміз», деп құтылған еді. Сонда мен сұрау салмасам, олар техникалық қателікпен кеткен ұялы телефонымның мегабайтын қайтармайды да. Ал қайда шағымданарын білмеген, тіпті, мегабайтының аяқасты жоғалып кеткенін сезбеген қанша адамның тариф арқылы тоналып жатқаны белгісіз!
Шыны керек, ХХІ ғасыр ақпарат заманы, оның үстіне, пандемиялық жағдайға орай, онлайн жұмыстың қадірі артып тұрған кезеңде қызметтерін аспандатып, одан қалды тарифтері арқылы тұтынушылардың мегабайттарын жоқ қылып, түрлі жолмен тұтынушыларын тонап отырған байланыс операторларына тойым болмай тұр. Әйтпесе, жыл санап артып жатқан тұтынушыларымен-ақ талай пайда көріп отырғаны анық. Мәселен, 2020 жылдың қаңтар-тамызында еліміздің телекоммуникациялық компанияларының байланыс қызметінен алған кірістері жыл ішінде 8,3 пайызға артып, 574,2 млрд теңгені құраған. Ал 2019 жылы бұл көрсеткіш 519,9 млрд теңге болған екен. Өкінішке қарай, кейінгі жылдардың мәліметін таппадық. Тұтынушылардың артуына орай, кейінгі жылдары табыстың, тіпті, еселеніп өскені анық. Ендеше, неге тарифтерін қымбаттата береді?! Ел ішіндегі қиын ахуалды ескеріп, халыққа қолайлы жағдай жасау орнына кірістерін көбейтіп, тарифтерін көтеріп қалуды ойлаған байланыс операторларына не дерсің. Карантиндік жағдайға орай, онлайн оқудың тап осы байланыс операторларының кесірінен, ойдағыдай болмағаны да рас. Халықтың арқасында, қанша табысқа кенеліп жатса да, байланыс операторлары халыққа жағдай жасауды ойламаған да еді.
Айтпақшы, карантин кезінде екі жыл бұрын жаңа оқу жылының онлайн білім форматына көшуіне орай, еліміздің Білім және ғылым министрлігі ұялы байланыс операторларымен бірлесе «Білім» атты жаңа тарифтік жоспар шығарып отырғанын айтып, сүйіншілеген болатын-ды. Ал, шын мәнінде, тиімсіз тариф оқу сапасын кері кетіріп, интернеті тез таусылып қала бергендіктен, оқушылардың басым бөлігі министрлік сүйіншілеген тарифті пайдаланбаған да болатын. Осы орайда, байланыс операторларының «Білім» тарифі балалардың білім алуына арналған, бірақ қолдануына арналмаған көз алдау екенін ұғуға болады. Актив операторында да «Білім» тарифі тура билайндағыдай екен. 990 теңге – 1 ГБ! Басқа қызметі қарастырылмаған. О баста, тамыз айында сүйіншілегендей, мұғалім мен оқушы арасындағы лимитсіз қоңырау шалу секілді артықшылықтар байланыс операторларының ешқайсысында қарастырылмаған. Сонда байланыс операторлары 1 ГБ арқылы кімді алдап отыр?
Билайн мен Актив, Теле2 мен халық соттасуға дайын отыр
Жалпы, еліміздегі ұялы байланыс операторларының интернет қызметі жылдамдығының тым әлсіздігі, ғаламторға емін-еркін кіру мүмкіндігі жоқтығы — бөлек тақырып. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәліметінше, бұл тұрғыда операторларға түсетін арыз-шағым бұрынғыдан 10 есе жиілеген көрінеді. Сондықтан ұялы байланыс операторларына сапасыз ғаламторы үшін салынатын айыппұл биылдан бастап, он есеге жоғарылады. Жағдай қайталанса, айыппұл да ұлғая бермек. Әйтсе де одан айылын жиып, ғаламторын жақсартып жатқан байланыс операторларын көре алмай тұрмыз.
Бірнеше күннен бері әлеуметтік желіде қымбаттаған тарифтерге орай, халықтың наразылығы да күшейіп тұр. Соның дәлелі Данабек Жақсылықов «Мегабайттар шақ келмеген соң, қосымша нөмір алып, activ байланыс операторының шексіз интернеті бар 7990 теңгелік тарифін қостырған болатынмын. Бүгін сағат 23:00 мен 02:00 аралығында тарифке ақша алынатыны жөнінде смс келді. Сағат 00:35-те 7990 теңге салған едім. Бірақ ол ақшаны алуға асықпады. Сөйтсем, түнгі 00:00-де тариф біткен соң, салынған ақшадан күнделікті 200 теңгелік ақылы пакет автоматты түрде қосылады да, ақшаңды қақшып алады екен. Сол себепті тарифке ақша жетпегендіктен, қайта қосыла алмадым. Тарифке деп салған ақшам желге ұшыпты. Күнделікті пакет дегенді қайдан шығарған, жалпы? Айына төлейтін 7990 теңге аз ба еді? Қашан тоясыңдар, тойымсыз операторлар? Негізгі нөмірімде «Комфорт L+» тарифі тұрған еді. Ол айына 2790 теңге болатын. 7 шілдеден бастап, біздің келісімімсіз 3490 теңгеге көтерді. Тариф біткен соң, бұрын болмаған күнделікті ақылы тәуліктік топтама дегенді тағы қосқан. Айтпақшы, 7990 теңгелік шексіз интернетіміз 22 қыркүйектен бастап, шектеулі 200 ГБ-тық тарифке айналады екен. Сол шектен ассаң, жылдамдықты түсіреді. Бүйткен шексіз интернеті бар болсын», деп жазба қалдырған.
Яғни халықты тонау жағынан байланыс операторлары бірінен-бірі өтіп тұр. Теле2 нөмірінің иесі Кенжебаева Жарқынгүл де «Сонда бұларды қадағалайтын ешкім жоқ па? Кез келген уақытта өздері қалағанынша, тарифтың бағасын көтере бере ме? Кеше менің де тарифім бітіп, ақша салсам, тарифым қосылмайды. Сөйтсем, 1890 теңгенің тарифі 2600 теңгеге көтеріліп кетіпті. Масқара ғой бұл деген. Тұтынушыларымен санаспай ма сонда. Онсыз да айналамыздағы қымбатшылықтан ес жия алмай жүргенде», дейді. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартыпты», деген осы шығар!
Мақаланы дайындау барасында Шымкент қаласы белсенділерінің еліміздің байланыс операторларына қарсылық танытып, тіпті, халықтың құқығын заң жүзінде қорғау үшін сотқа жүгініп жатқанын да естіп, іздеп тауып пікірін алдық.
Рүстем Есімханұлы, Шымкент қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі:
– Қалаған уақытында тариф бағасын көтеріп тастап отырған Актив, Билайн, Теле2 ұялы байланыс компанияларына осы айдың басында хат жаздық. Онда олардың халықтың ұялы байланыс саласындағы қызметтерді қай заңға сәйкес көтеретіні туралы, белгілі бір тариф үшін қолданушының ай сайынғы абоненттік төлемін ұялы байланыс операторлары қандай жағдайда және қандай жолмен реттелетінін сұрап отырмыз. Олардың ісінде бәрібір тұтынушы құқығын бұзу бар. Мәселен, бүгінгі күні олардың тариф бағасын біржақты өзгертетінін анықтап отырмыз. Олар ол үшін қандай заңға сүйеніп отыр? Бұл тұрғыда заңда «жария келісімшарт» қаралғанын біліп отырмыз. Яғни алдын ала бір хабарлама жібереді, соның негізінде келер айда бағаны көтере салады. Бірақ нақты қай заңға сүйенетінін біле алмай отырмыз. Демек, белгілі бір заңға сүйенсе, онда министрлік сол заң аясында жұмыс істеуге, халықтың келісімінсіз тарифті көтере беруді қамтамасыз етіп беріп отыр. «Жария келісім» деген әрекеттің өзі монополистерге арналған. Онда олар монополиялық заңмен жұмыс істеуі керек еді. Бәсекеге қабілетті ортада «жария келісіммен жұмыс жасалмайды. Тіпті, ондай кезде бағаны нарықтың өзі белгілеп береді. Дегенмен осынша халықтың, тұтынушылардың құқығын бұзу дерегі бары анық. Сондықтан алдағы уақытта еліміздегі байланыс операторларын сотқа беруді көздеп отырмыз».
ТҮЙІН
Халықтың көнбістігі мен көнгіштігін өздерінің бас пайдасына тиімді пайдаланып отырған мешкейлердің кесірінен, халықтың күнкөрісі төмендеп барады. Ал олардың халық мүддесінен бас пайдаларын жоғары қою үшін мемлекет олардың сол қызметін заңдастырып беруінің зардабын күнде сезініп отырмыз. Сонда халық қашанға дейін қаналады?!