«Ұйықтап кетсем бір күні оянбай қалам». Атыраулықтар қорқып жатып, қорқып тұрады

Атыраулықтар облыс әкімі Серік Шәпкеновтің отставкасын талап етіп жатыр.
Атырау облысындағы «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватында алапат өрт болды. Өрт 13 маусымда басталып, құрғақшылық пен қалың өскен қамыстың салдарынан тез тарады. Жалын мың гектарға жуық аумақты шарпыған. Тілсіз жау тек он күннен кейін, 24 маусымда толық сөндірілді. Өрт күндері Атырау қаласы қалың түтін астында қалды.
Өрттің салдары өңір экологиясына ауыр тиді. Күйіп кеткен аумақ – негізінен қамыс-қоға мен батпақты жер – резерват экожүйесіне үлкен зиян келтірді. Ауадағы күкіртті сутектің (H₂S) мөлшері қалыптан 11 есе асып кеткен. Атыраулықтар әлеуметтік желіде жергілікті биліктен шұғыл шара қабылдауды талап етіп, «бұл жай түтін емес, экологиялық апат» деп дабыл қақты.
Атыраудағы экологиялық апатқа жергілікті биліктің әрекетсіздігі де себеп болды деп, мәселеге құқық қорғаушылар мен адвокаттар да араласа бастады. Әлеуметтік желіде адвокат Нұрлан Жолболов қалада күн сайын аспанды торлайтын күкіртсутегі, аммиак пен бензол сияқты улы газдарға соңғы уақытта қамыс өртінің түтіні қосылып, жағдайды одан әрі ушықтырғанын айтты. Адвокаттың айтуынша, бұл «улы коктейль» қаланың үстінен кетпей, мыңдаған отбасы тыныс ала алмай, терезе ашудан қорқып отыр. Осындай қиын жағдайда облыс әкімі Серік Шәпкеновтің үнсіз отыруын атыраулықтар жауапсыздық деп бағалайды. «Егер бұл мәселені шешуге шамасы келмесе, орнын босатуы тиіс» деген талаптар да ашық айтыла бастады. Өңірдегі экологиялық дағдарыс енді тек экология емес, саяси жауапкершілік мәселесіне айнала бастағандай.
Атырау халқы бір түнде оянбай қалуы мүмкін
Атырау облысында экологияға зиянын тигізіп отырған өнеркәсіп ошақтары жетерлік. Мұнда бірінші санаттағы жүзден аса мекеме жұмыс істейді – олардың қатарында Атырау мұнай өңдеу зауыты, Солтүстік Каспий жобасының «Болашақ» зауыты (NCOC), «Ембімұнайгаз», Каспий құбыр консорциумы (КҚК), Атырау мұнай құбыры басқармасы бастаған бірнеше өндіріс ошақтары бар. Бұларға қоса, қаланың шығыс бетінде «Тухлая балка» аталып кеткен (халық арасындағы атауы – «Сасық сай») булану алаңы және солтүстік-батысында «Квадрат» булану алаңы орналасқан. Дәл осы ашық булану алаңдарынан шығатын қалдық иісі бүкіл қалаға таралады. Экологтардың арнайы өлшеу құрылғыларымен тексергенінде, «Квадрат» булану алаңы маңында күкіртсутегінің шекті рұқсат концентрациясынан (ШРК) 200 есеге дейін асып кеткені дәлелденген.
Атырау ауасында ең көп тіркелетін зиянды заттың бірі – күкіртсутегі (H₂S). Оның иісі «шіріген жұмыртқа» иісіндей сезіледі. Бұл газ биологиялық қалдықтар шірігенде түзілетіні белгілі. Атырау өңіріндегі мұнайдың құрамында да күкірт мөлшері жоғары. Жыл сайын, әсіресе жаз айлары басталғанда Атырауда сасық иістің өршуі тұрақты құбылысқа айналған. Себебі күн жылынғанда ашық булану алаңдарында анаэробты микроорганизмдер көбейіп, шірінді процестер қарқын алып, ауаға улы газ көп бөлінеді. Оның үстіне, таңғы уақыттарда температуралық инверсия құбылысы пайда болып, жерге жақын суық қабат жылы ластанған ауаны жоғары жібермей ұстап қалады. Нәтижесінде, сасық ауа қаланың үстін жапса, желсіз тымық ауа райы бұл құбылысты одан әрі күшейтеді. Сондықтан белгілі ғалым, академик Муфтах Диаров бұдан біраз бұрын «Атырау халқы бір түнде оянбай қалуы мүмкін» деп дабыл қаққан. Бұл – өңірдегі ахуалдың шегіне жеткенін меңзеген бейнелі ескерту.

Атыраудағы экологиялық мәселелер қашан шешіледі?
Атырау экономикасының негізі – мұнай мен газ өндірісі болғанымен, оның қоршаған ортаға тигізер зияны орасан. Теңіз, Қашаған секілді ірі кен орындарында күкіртті газдың ауаға тарауы, қалдықтардың жерге төгілуі сынды мәселелер жиі көтеріледі. 2022 жылы Қашаған кен орнында ауаға газ таралып, өндіріс біраз уақыт тоқтаған. Мұндай оқиғалар атмосфераға зиянды заттар бөліп, теңіз экожүйесіне қауіп төндіреді. Каспий теңізінде соңғы жылдары итбалықтар мен бекіре тұқымдас балықтардың қырылуы да тіркелді. Былтыр Каспийде қырылған итбалықтар саны 2 мыңға жуықтады. Мамандар мұны теңіз суының ластануы мен жылынуы салдары деп болжайды. Жалпы, облыста жылына 200 мың тоннадан астам зиянды шығарындылар атмосфераға тарайды деген бейресми деректер бар.
Жайық өзені мен оған құятын су көздерінде балық қырылу оқиғалары бірнеше рет тіркелді. Ең ірісі – 2018 жылғы желтоқсан айындағы апат. Сол кезде 108 тоннаға жуық балық өлгені ресми есептелді. Бастапқыда жергілікті билік «су сынамаларынан адам өмірі мен өзен фаунасына қауіпті зат табылмады, Жайық суы тұрғындар үшін қауіпсіз» деп мәлімдеді. Алайда тәуелсіз сарапшылар мен кейінгі тергеу бұл оптимистік болжамды жоққа шығарды. Ішкі істер министрлігінің тергеу тобы Жайықтағы балық қырылуына Атырау су арнасының хлор аралас қалдық сулары себеп болғанын анықтады. Өзен суындағы хлорид мөлшері рұқсат деңгейінен екі есеге жуық асып кеткен.
Ресми деректерге сүйенсек, 2024 жылы облыстық Экология департаменті экологиялық заңнаманың орындалуын бақылау үшін 27 тексеру жүргізіп, 149 әкімшілік іс қозғаған, нәтижесінде 32 млрд теңге айыппұл салынған. Алайда экологтар мен қоғам белсенділері әкімдік жариялаған бұл шаралардың тиімділігіне күмәнмен қарайды. Мәселен, 2018 жылғы балық қырылу апаты кезінде жергілікті билік дер кезінде төтенше жағдай жарияламай, «жағдай бақылауда, су қауіпсіз» деумен шектелді. Тек кейіннен орталық органдар араласқанда нақты ластану себептері анықталып, кінәлілер іздестіріле бастады. Атырау шенеуніктері «еш алаңдауға негіз жоқ» деп отырғанда Жайықтың түбінде жүздеген тонна өлі балық үйіліп жатқан болатын.

Шәпкенов жағдай ушыққанда ғана қозғалады
Шәпкенов 2022 жылы облыс әкімі қызметіне кіріскеннен бері экология проблемаларын назарда ұстайтынын айтып келеді. Ол 2023 жылы өткен өңіраралық экологиялық форумда «Атырау экологиясын жақсартуға бағытталған мәселелер өз шешімін табарына сенім білдіремін» деп, министрлік өкілдері және экологтармен ашық диалог жүргізгенін мәлімдеген. Дегенмен сарапшылар Шәпкеновтің басқарушылық стилін «жағдай ушыққанда ғана қозғалады» деп бағалайды. Мысалы, ауыз су мәселесінде ол халықты алдын ала дайындап, үш жылда тапшылық өсетінін хабарлаумен шектелгені айтылды. Сол сияқты, қаланың ауа сапасына қатысты тұрғындар шағымдары жиілесе де, нақты ластаушы кәсіпорындарға қатысты қатаң шаралар (өндірісті уақытша тоқтату не халыққа дереу ескерту) байқалмайды.
Әзірге әкімдік экология заңнамасын бұзушыларды жазалау, жасыл аймақтарды кеңейту, мониторингті күшейту сияқты жұмыстар атқарғанын баяндағанмен, түйткілдің түп-тамыры жылдар бойы қордаланған жүйелі мәселелер шешімін толық таппай отыр. Мысалы, «Тазалық» жобасы аясында мұнай зауытында технологиялық жаңғырту жүргізіліп, күкіртті қалдықтар шығарындысы 12 есе азайды деп хабарланды. Алайда қала тұрғындары әлі де жағымсыз иіс сезілетінін айтады. Демек, айыппұлдар мен есептерде көрсетілген сандар да қағаз жүзінен аспай тұр.
Атырау облысының бүгінгі экологиялық ахуалын кешегі өрт тіпті ушықтырып жіберді. Қағаз жүзіндегі есептер, айыппұлдар мен форумдар халықтың тынысын ашып, экология мәселесін шешуге қауқарсыз болып шықты. Өңір әкімінің қазіргі ұстанымы – мәселені уақытша шешіп, себептеріне үңілмеу, жауапкершіліктен қашуға ұқсайды. Бұл мәселеге байланысты «Жас Алаш» Атырау облысы әкіміне, Денсаулық сақтау министрлігі мен Экология және табиғи ресурстар министрлігіне ресми сауал жолдады.
Тұрсынбек БАШАР