Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:31, 26 Наурыз 2026

Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес жүйелі іске асырылуы керек

қылмыс
Фото: ашық дереккөз

Ұлттық қауіпсіздік комитеті биыл, 4 ақпанда, Алматы, Шымкент қалаларында, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстарында, сондай-ақ Абай және Жетісу облыстарында арнайы операция өткізіп, нәтижесінде 20 адамның ұсталғанын, олардың 10-ы уақытша ұстау изоляторына қамалғанын хабарлады.

 Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, Бас прокуратураның үйлестіруімен орындалған арнайы операция барысында күдіктілерден атыс қаруы, оқ-дәрілер, есірткі заттары, ірі көлемдегі ақша қаражаттары, сондай-ақ өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленген.

Қазақстан заңнамасында ұйымдасқан қылмыс ұлттық қауіпсіздікке төнетін қауіптердің бірі ретінде қарастырылады. «Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздігі туралы» заңда қылмыстың, соның ішінде оның ұйымдасқан нысандарының өсуі мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндіретін факторлардың бірі ретінде көрсетілген. 2012 жылғы 6 қаңтардағы №527-IV «Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздігі туралы» заңында ұйымдасқан қылмыс мемлекет үшін төнетін негізгі қауіптердің бірі ретінде аталған. Бұл заң құқық қорғау органдарының ұйымдасқан қылмыспен күрес жүргізу міндетін заңдық тұрғыда бекітіп, қоғамдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудің стратегиялық маңыздылығын айқындайды. Сонымен қатар 2021 жылғы 15 қазанғы №674 «Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі құқықтық саясат тұжырымдамасы» құжатында қылмысқа қарсы іс-қимылдың тиімді әдістерін жетілдіру қажеттігі атап көрсетілген, бұл құқық қорғау жүйесінің дамуына бағытталған маңызды шара.

Қазақстанда ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бірнеше бағытта жүргізіледі. Бірінші, құқық қорғау органдарының жедел-іздестіру жұмыстары мен арнайы операциялар, екінші, қылмыстық заңнама жетілдіріліп, ұйымдасқан топтардың қызметін анықтау және олардың мүлкін тәркілеу тетіктері, үшіншіден, халықаралық ынтымақтастық арқылы трансұлттық қылмыстық желілермен күрес жолдары қарастырылған.

Дегенмен қылмыстың түпкі себептерін толық жою үшін жекелеген қылмыстық топтарды әшкерелеп қана қоймай, қылмыстарға қарсы әрекеттердің ақпараттық-талдау жүйесін дамыту, қаржы ағындарын бақылау мен құқық қорғау органдары арасындағы үйлесімді жұмыс істей білуі маңызды. Себебі ұйымдасқан қылмыс қазіргі таңда тек қылмыстық әрекеттер жиынтығы емес, күрделі әлеуметтік-экономикалық құбылысқа айналған. Ұйымдасқан қылмыстың басты ерекшеліктерінің бірі – оның жоғары деңгейде ұйымдастырылуы және ұзақ уақыт бойы жасырын әрекет ете алуы. Мұндай топтар көбіне бірнеше бағытта жұмыс істейді: қару-жарақ пен есірткі саудасы, бопсалау, адам саудасы, көлеңкелі қаржы айналымы және заңсыз кәсіпкерлік. Кей жағдайларда олар заңды бизнес құрылымдарына еніп, өз қызметін заңдастырып көрсетуге тырысады.

Тағы бір маңызды мәселе – сыбайлас жемқорлық факторы. Ұйымдасқан қылмыстық топтар мемлекеттік жүйедегі әлсіз тұстарды пайдаланып, өз әрекеттерін жасырын жүргізуге мүмкіндік алады. Бұл жағдай қоғамда құқық қорғау жүйесіне деген сенімнің төмендеуіне әкелуі мүмкін.

Ұйымдасқан қылмыспен күрес тиімділігін арттыру үшін Жедел-іздестіру басқармасы, Тергеу басқармасы, Ақпараттық-талдау басқармасы, Өзіндік қауіпсіздік басқармасы, Арнайы техника бөлімі және қосалқы бөлімшелер сияқты арнайы ұйымдастырушылық құрылымдар жұмыс істейді. Ал аймақтық бөлімшелер орталыққа тікелей бағынуы тиіс. Қазақстанда бұл тұрғыда экономика саласында банк жүйесі мен сыртқы экономикалық қызметті қорғауға; мемлекеттік және өзге де құрылымдардағы парақорлар мен сыбайлас жемқорларды анықтауға; сондай-ақ қылмыстық орта мен есірткі бизнесінің топтарын әшкерелеуге басымдық береді. Сол арқылы құқық қорғау органдары қылмыстың әртүрлі түрлеріне кешенді түрде қарсы тұра алады.

Қосқанат Бауыржан

Тегтер: