Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:30, 28 Қыркүйек 2023

«Ұйқыдағы арулар». Сайлаудан кейін партиялардың бетінен кім сүйеді?

Сайлау
Фото: из открытых источников

Қазақстанның партиялары қайырымдылық қорына ұқсайды

Қазір біздің саяси сахнамыз тыншып тұрған кез. Биыл көктемде мәжіліс және мәслихат сайлауын өткізіп, елдегі партиялардың жұмысына жан бітіп, тіршілік белгілері бір байқалған. Енді олар да саяси науқан аяқталғалы бері келесі сайлауға дейін демалғысы келді ме, әйтеуір белсенділіктері төмен. Арагідік бар екенін білдіріп, өздерінше үн қатып қоятындары бар.

Бірақ біздегі партиялардың президент сайлауында немесе мәжіліс пен мәслихат сайлауында «күрескер» болып шыға келетіні жасырын емес. Алдағы 2024 жылы ең алғаш аудан әкімдерін сайлаудың пилоттық жобасын қолға аламыз. Міне, сол кезде «ұзақ мерзімді» демалысқа кеткен саяси партиялардың мүшелерін тани бастауымыз әбден мүмкін.

Қазақстандағы партиялар туралы сөз еткенде француз ақыны Шарль Перроның «Ұйқыдағы ару» ертегісі еріксіз еске түседі. Ертегі желісі бойынша онда бір елді билеген патшаның қанша жыл күткен қызы өмірге келе салысымен сиқырдың салдарынан ұзақ жыл ұйқыға кетеді. Ақырында араға жылдар салып, қыз бойжеткенде ханзадасы келіп, бетінен сүйгенде барып ұйқыдан оянады.

Біздің де «саяси партиялар оянуы керек, белсенділігін арттыратын катализатор қызмет атқаруы қажет» деп жүргенімізге біраз жыл болды. Тәуелсіздік алғалы 30 жылдан асты. Содан бері партиялардың белсенділігі, қоғамдағы мәселелердің қызуын дөп басып шешуі, үлкен саяси күшке айналуы керектігі хақында жиі айтамыз. Бірақ партиялар сайлау таяғанда ғана ұзақ ұйқыларынан оянып, ойда-қырда жүрген серкелерін іздеп, құрылтай өткізіп, бастарын қоса бастайды. Елді жиып, уәделерін беріп, «ертегі өмір орнатамыз» деп, болашаққа зор жоспар құратындары да баршылық. Партиялардың бұл әрекетін қоғам болып қанша мәрте сынадық, айттық, жаздық. Өкінішке қарай, ешқандай өзгеріс жоқ. Әдеттегі қалыптасқан сценарий бойынша олар сайлаудан кейін билікке өкпесін айтып, ТВ-ларға сұхбат береді де сонымен тарс бүркеніп жатып алады.

Қазір біздің қоғамда билікке ұмтылған партиялардан гөрі кейбір қоғамдық ұйымдардың белсенділігі жоғары. Олардың бірі – «Халыққа баспана берейік» деп үндесе, енді бірі – «Антигептил» деп ұрандатады, келесі бірі – «Аман-саулық» деп денсаулықтың жайын қозғайды. Аштық жариялап, наразылыққа шығып, әйтеуір халықтың үнін билікке жеткізгісі келетін ұйымдар да бар. Ал партиялар сайлау өткен соң халыққа берген уәдесін де ұмытады. Мәжіліске өткендері де депутат болғанына мастана ма, әйтеуір дымдарын шығармайды. Шындығы сол – біздегі партияларды ояту үшін елде міндетті түрде сайлау болуы керек. Сол кезде барып, елдегі саяси күштерге жан біте бастайды. Ал мұнымен біз белсенді қоғам құра алмайтынымыз тағы анық. Сонда қайтпек керек? Елдегі партиялар қашан ел үшін белсеніп жұмыс істейді?

Қазақстанның партиялары қайырымдылық қорына ұқсайды

Бүгінде Қазақстанның саясат сахнасында жүрген партияларды үш топқа бөліп қарастыруға болады.Бірінші топқа – саяси додада қара үзіп бірінші келетін «Аманат». Екінші топқа – «Ақ жол», «Ауыл» және «Қазақстанның халықтық коммунистік» партиясы сынды билікке лояльді партияларды жатқызар едік.Үшінші топта – сайлау сайын жеңіліп, өзін қорғансыз санайтын Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы. Алысқа бармай-ақ, соңғы он жылдағы саяси ахуалды ой елегінен өткізсек, елде билік партиясымен табанды түрде күресе алатын ресми оппозиялық партияның жоқ екенін байқаймыз. Соңғы тіркелген «Республика» да алғашында саясатқа бизнес өкілдері келді деп, емексітіп баққанмен, сайлаудан бері олар да көп көрінбей кетті.

30 жыл демей-ақ қоялық, соңғы 20 жылда талай партия құрылып, талайы «дүние салды». Бірқатары бірігіп-қосылды. Қайсыбірі идеялық тоқырауға тап болса, келесісі кадрлық резервтің жұтаңдығынан, қаржылық қиындықтардың салдарынан бәсекеге төтеп бере алмай, біржола жоғалып кетті.

Саясатта «өлі партияны тірілтуден» гөрі жаңа партия жасақтау, жаңа идеяны қолға алу деген үрдіс бар. Осыны негізге алып, жаңа партия жасақтағандар да болды. Алайда қарап отырсақ, сол партиялардың жұмысы әлі пассивті жүрістен шыға алмай келеді.

Мысалы, біздегі партиялар не істейді? Сайлау барысында қайырымдылық шараларымен де айналысып кетеді. Сайлаудан кейін түрлі конференциялар, жиындар ұйымдастырып, тіпті айтыс өткізіп жатады. Саясат сахнасында айтыспаса да, ақындарды бір-бірімен айтыстыруға «Аманат» өте шебер. «Аманаттың» ұйымдастырумен елде талай-талай айтыс болды.Аталмыш партия аты ауыспай тұрып «Нұр Отан» болған тұсында да, одан кейін «Аманат» болған кезінде де айтыс өткізуді әсте ұмытпады. Жыл сайын «Аманаттың» демеушілігімен Тәуелсіздікті жырлаған айтыстар өтіп тұрады. Содан да болар, түрлі ұйымдар мен өнердің айналысында жүрген қауым елдегі партиялардан өздеріне демеуші болуды өтінетін жайттар көп кездеседі. Бұдан бөлек сайлауда берген уәделеріне қарап қарапайым көпшілік партиялардан өздеріне қайырымдылық жасауды да сұрап жүреді. Осыған қарап Қазақстанның партияларын саяси күш деп емес, қандай да бір қайырымдылық қор ретінде қарастыруға да болады.

Ал дамыған елдерде қалай? Осы сауалға жауап іздемек болып, қазір Эстонияда білімін жетілдіріп жатқан саясаттану ғылымының докторы Әсем Қасымхановаға хабарластық. Оның пікіріне сүйенсек, Эстонияда саяси партиялардың қайырымдылықпен айналысуына, қандай да бір мерекелік шаралар өткізуіне тыйым салынған.

«Мұнда келгеніме екі жылдан асты. Эстонияда консервативтік Халық партиясы деген бар. Ол партия қоғамда болып жатқан мәселелерді қалт жібермейді. Мысалы, ұнның бағасы қымбаттап, халық наразылық білдірсе, бұл партия мүшелері бірден сол жерден табылады. Елдің мұң-мұқтажын тыңдайды. Халықпен бірге көшеге шығады. Біздегі партияларға жекелеген адамдар барып, «үйімнің құжатын заңдастырып бер, көпбалалы анамын, аш отырмын, ас-суым жоқ» деген проблемалар айтады. Мұнда ондай жоқ. Партиялардың үкіметтің бөлген қаражатын қайырымдылыққа, концерттерге, жиындарға жұмсауына рұқсат берілмейді. Мемлекет қаражат бөле ме, олар бірден өз жоспарын ұсынады. «Жолды жөндетеміз» немесе «мектептерді күрделі жөндеуден өткіземіз» деген сияқты инфрақұрылымды жандандыруға рұқсат беріледі. Тұрмысы төмен отбасыларға партияның атынан болар-болмас азық-түлік тарату, адамдардың жеке басына қатысты мәселелерді шешу бұл жақта жоқ. Мұндағы партиялар ауқымды қоғамдық түйіндерді шешуге бейім. Бүкіл бір ауылды жолмен қамту, сумен қамту немесе отандық өндіріске көмектесу деген тәрізді дүниелермен айналысады. Бұларда белгілі бір мектептерге қайырымдылық жасап, компьютер апарып беру – сауатсыз қадам саналады. «Ол компьютерлер уақыт өте келе тозады, мектептерді онсыз да мемлекет қажетті жабдықтармен қамтиды» деп есептейтін Эстониядағы партиялар, керісінше, сол мектептегі ұстаздардың білімін арттыруға, оларды шетелде оқытуға дейін ықпал етеді», – дейді Ә.Қасымханова.

Дайрабаевтар дым білмейді

Қазақстанда партия жасақтау үшін ол партияның 10 адамнан тұратын бастамашыл тобы және республика бойынша 50 мыңнан кем болмайтын мүшесі болуы керек. Партияның әр аймақтарында филиалдар ашылып, әрбірінің құрамында кемі 800-1000 адамнан болуы қажет. Ал тіркеліп, парламент қатарынан аз да болса мандатқа ие болған партияны үкімет қаржыландыра бастайды. Бұл ретте еліміздің қаржы министрлігі биыл сайлаудан кейін парламент қатарына өткен партиялардың әрқайсысына жыл сайын 8 млрд теңге бөлініп отыратынын мәлімдеген. Бұдан бөлек партияның қолына демеушілерден және мүшелік жарна арқылы қаражат түседі. Ал енді есептеп көрсек:

Заң бойынша тіркеуге отырушы партияның құрамында 50 мың адам болуы керек дедік. Орта есеппен алғанда, әр партияда 90 мың адамнан бар делік. Енді осы арада әр партияда мүшелік жарна деген болады. Партия қатарына өткен қазақстандықтар үшін ең төменгі жарна 500 теңге. Сонда 90 мың мүшесі бар партияның мүшелік жарнадан бір жылда жинайтын қаржысы 45 млн теңге. Мүшелік жарнаны төлеу ерікті түрде жүзеге асырылатындықтан партиялық жарнаның 50 пайыздайы жиналды делік. Егер сол елу пайыз жарна жиналса жылына 22-23 млн теңге шығады екен. Әрине, бұл парламентке енбеген партиялар үшін аса көп қаражат емес. Мұндай жарна шындап келгенде қымбат маркалы бір көлік алуға ғана жетеді немесе біздің тендерде көрсететін бағасымен бес шақырым жол салуға болады. Саясаттанушы-ғалым Әсем Қасымханова:

«Ол партиялардың республикамыздың әр аймақтарында филиалдары болады. Филиалдарда партия басшысы, орынбасарлары, хатшы, бірнеше заңгер мен есепші, ең ақыры еден жуушы бар. Аймақ бойынша жалпы есепте бір партияның барлық кеңселерінде жалпы саны 80-100-ге жуық адам тұрақты жұмыс жасайды. Барлық қызметкерлердің орташа жалақысын 80 мың теңге деп алайық. Сонда оларға ай сайын төленетін жалақының жалпы есебі 1 миллион теңге көлемінде болады. Жылына 12 миллион теңге. Яғни мүшелік жарнадан жиналған 22 миллион теңгенің 12 миллионы жалақы есебінде төленді. Ар жағында 10 млн теңге қалды. Оның біршамасы бөлімшелер орналасқан кеңселерді жалға алуға төленеді. Міне, осыдан барып партиялар қаражатсыз қалғаннан кейін белсенділіктері төмендейтін болар, – дейді.

Хош, бұл парламентке енбей қалған партиялардың ахуалы делік. Парламентке енгендердің мүшелік жарнасынан бөлек жылына 8 млрд теңге алатынын ескерсек, «бұл қаражат оларға қандай істерді тындыруға сеп болады?» деген сауалды өздеріне қойып көрдік.

Кезінде былтырғы сайлауда президенттікке де түскен «Ауыл» партиясының мүшесі Жигули Дайрабаевқа хабарластық. Дайрабаев өздеріне мемлекеттен берілетін қаражаттың сомасы қанша екенін, ол қаражаттың қайда жұмсалатынын нақты партия төрағасы Әли Бектаев білетінін айтты. Депутаттың пікірінше, партияның жұмысы белсенді. Сайлау бағдарламасында көрсетілген уәделерді орындауда партия шаршамай жұмыс істеп жатқан көрінеді. Жоспар бар, мақсат айқын. Мәжілісте де талай-талай мәселелерді көтеріп жүр.

Дайрабаев осылай дегенімен, біз бұл партияның белсенділігін аса байқамаймыз. Рас, ауыл партиясы мәжілісте арагідік астық өндірісі жайлы, диқандардың ахуалы, егістік науқанын дұрыс ұйымдастыру туралы жалпылама мәселелерді қозғамайды емес, қозғайды. Бірақ нақты ауылдағы ағайынның жағдайын шыжғырып айтып, шырылдап отыратын партия мүшелерін көргеніміз шамалы. Өзі Қазақстанда жеті партия тіркеуден өткен. Оның алтауы мәжіліске өтті. Ондағы «Ауылдың» үні анда-санда бір шықса, «Республика», «Ақ жол», Қазақстан демократиялық партиясы, ЖСДП-ның даусын тіпті естімейміз. Әлде бұлар «Аманаттың» атынан мәжіліске түскен ақындар мен журналистердің, экс-министрлердің көлеңкесінде қалып қойды ма, әйтеуір аманаттықтардың елдің алдына шығып атойлауды әбден меңгеріп алған бірді-екілі депутаты шыр-пыр болады да жатады. Ал қалғандары тіпті бөлінген қаражаттың қайда жұмсалып жатқанына да аса мән бермей, мүлгіп отырады да қояды. Сонымен келесі сайлау басталғанша олардан белсенділік көрмей зар боламыз.

Желі шыққан доп

Сөйтіп, біздегі партиялар парламентке өтіп, мемлекеттің қаржысына қол жеткізгеннен кейін босаңсып кетеді. Ұшқыр ойлап, шапшаң қимылдауға тиіс саяси партия мүшелері неліктен шабан?! Саясаттанушы Әзімбай Ғали біздегі партиялардың сайлаудан кейінгі сиқын желі шыққан допқа теңеді.

«Қазір біздің билеуші партияның өзі өздерінің олигархтарының, буржуазияның мүддесін қозғайды. Оған таңғалмаймыз. «Бай байға, сай сайға құяды» демекші, партияның билігі көбіне олигархтарда болады. Бұл белгілі жайт. Егер халық белсенді болса, онда елдің кейбір талаптары орындалуы да мүмкін. Қоғамда бір мәселелер қызу талқыланып, халықтың белсенділігі артып жатқанын көргеннен кейін ол партиялар да парламентте халықтың ұстанымын көтеруге мәжбүр болады. Мұндайда билікке де халықаралық ұйымдар мен дамыған елдер алдында абырой керек. Соны ойлағаннан кейін барып парламентте елдің жайы көтеріліп жатуы әбден мүмкін. Жоғарыда айтқанымдай, партиялар бірінші олигархтардың мүдделеріне жұмыс істейді. Қазіргі партиялардың сайлаудан кейін желі шығып кететіні осыдан», – дейді Ә.Ғали.

Жалпы, партиялардың ашық бәсекелестікте ғана аты шығады, сүйкімі артады. Партиялар «Жаңа Қазақстанға сай жұмыс істейміз, жаңа форматқа өтеміз» дегелі де біраз болды. Қазір бұл сөздердің өзі көнеріп бара ма, қалай?! Әзірше жаңарған партия, жаңаша серпін көре алмай отырмыз. Абзалында, партиясы қуыршақ, депутаты қорқақ ел болу кімге абырой әперсін?!.

Қарлығаш Зарыққанқызы