Үйлену оңай ма, үйлі болу оңай ма?
Биыл Жетісу өңірі бойынша жыл соңына дейін 4117 отбасы қолжетімді баспанаға ие болады. Оның ішінде 200-і көпбалалы, 300-і әлеуметтік осал отбасы тобынан.
Атап айтқанда, жалгерлік – 678, жеңілдетілген несиелік – 1802, «Жетісу жастары» бағдарламасымен – 50, «Жерұйық» бағдарламасымен – 66, апатты тұрғын үй иелері үшін – 95, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жалгерлік тұрғын үй сатып алу – 866, демеушілер есебінен – 560 баспана берілмек. Жалпы, облыстағы мемлекеттік бағдарламалар аясында салынып жатқан тұрғын үйлер хақында, жастарға қолдау жайында, облыстың баспана нарығы жөнінде осы саланың маманы, Тұрғын үй құрылыс саласының менеджері Жазира Ескелдіқызымен әңгімелестік.
– Жазира ханым, қай өңірлерде болсын, тұрғын үй мәселесі өте өзекті. Жетісу өңіріндегі баспана нарығы жайында не айтасыз?!
– Қалалық әкімдіктің мәліметтеріне сүйенсек, биыл бюджет қаражатына Талдықорғанда 56,8 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Олардың 108 пәтерлік 4 үйі жалгерлік, 590 пәтерлік 17 үйі несиелік болып саналады. Негізінен, Жетісу өңірінде жастарға тиімді, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға ыңғайлы бағдарламалар бар. Мысалы, «Жетісу жастары» бағдарламасы жастарға үлкен қолдау дер едім. Болашақта осы іспетті жобалардың санын арттыру қажет деп есептеймін. Деректерге сүйенсек, өткен жылы тұрғын үйді пайдалануға беру бағытында Талдықорған рекордтық көрсеткішке жетіпті. Соның арқасында кезекте тұрғандардың шамамен 12-13 пайызы баспанаға ие болған. Ал облыс бойынша 2022-2023 жылдары мемлекеттің қолдауымен және демеушілердің көмегімен 2100-ден астам отбасына баспана берілген. Бұл оң көрсеткіш. Сондай-ақ өңірде демеушілердің көмегімен жастарды, осал топ санатындағы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі жолға қойылған. Бұл өзге өңірлерге сабақ болатын дүние. Ел азаматтарын, кәсіпкерлерді жұмылдыру арқылы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға болады. Болашақта «Жетісу жастары» бағдарламасына қатысты мемлекеттен бөлек, осындай демеушілік жұмыстар атқарылса жақсы болар еді. Себебі бұл бағдарламаның жылдық пайызы – 5 пайыз. Сонымен қатар сатып алынатын тұрғын үйдің түріне байланысты бастапқы жарна ерекшеленеді: құрылыс салушыдан үй сатып алғанда – 0 пайыз, ал қайталама нарықта үй немесе пәтер сатып алған кезде бастапқы жарна – 10 пайызды құрайды. Несие 19 жылға беріледі. Бірақ бағдарламаға қатысатын жастардың саны әлі көп емес. Биылғы жылы бұл бағдарлама бойынша 50 отбасына ғана пәтер берілмек. Меніңше, әрі қарай да бұл бағдарламаның ауқымын кеңейтіп, өңірдегі жастарды, жас отбасыларды баспанамен қамтудың тетіктерін дамыту қажет.
– Сіз «Жетісу жастарының» жылдық пайызы аз дейсіз. Бірақ ірі мегаполис емес, Талдықорған қаласынан 19 жылға 5 пайызбен ипотекалық несие алу қаншалықты тиімді?
– Талдықорған қаласының әкімдігі бірінші транш түріндегі бұл қолжетімді несиеге 400 миллион теңге бөлді. Өтініш берушілердің тізімі әкімдікте тіркеледі. «Отбасы» банкі арқылы төлем қабілеттілігін тексеріп, несие береді. Алғашқы сегіз жылда ай сайынғы төлем 76 600 – 87 600 теңгені құрайды. «Жетісу жастарының» шарттары: өтініш берген кезде қатысушының жасы 35 жасқа дейін; Талдықорған қаласында кемінде 1 жыл тұрақты тіркеу; соңғы бес жылда тұрғын үйге меншік құқығының болмауы;
Талдықорған қаласында таңдаған салада кемінде 1 жыл ресми жұмыс өтілі;
«жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың» мәртебесін растау. Ең жоғары балл жинаған әлеуетті қарыз алушылар жеңілдетілген несие алу құқығына ие болады. Бұл балл әртүрлі факторларды ескере отырып анықталады. Мысалы, олардың неке ұзақтығы, балаларының саны, еңбек өтілі мен жұмыс орны, кәсібі, жеке кәсіпкер ретіндегі тәжірибесі, жеке кәсіпкер ретіндегі жұмыс өтілі. Жастар бұл бағдарламаның өздеріне тиімді екенін айтып жатыр. Сондықтан мұндай бағдарламаларды жүзеге асыру керек.
Бастапқы жарна – бастапқы тұрғын үй үшін 0 пайыз, қайта сату нарығы –кепілдік қамтамасыз ету жеткілікті болған жағдайда 10 пайыз екенін ескерсек, бұл жастарға берілетін мүмкіндік.
– Болашақта тағы қандай бағдарламалар іске қосылуы керек деп ойлайсыз?!
– Халыққа қолжетімді арзан баспаналар нарығы, жалдамалы пәтерлер нарығын жетілдіру керек. Талдықорған қаласы бойынша «Жасыл ипотека», «Наурыз», «Отау» бағдарламалары кеңінен жүзеге аса бастаса, бұл нарықтың ауқымы кеңейеді. Бастысы – елді арзан баспанамен қамтуға мүмкіндіктер ашылар еді.
Қ.САЙЛАУ
Жетісу облысы