«Үйімді 31 млн-ға саттым». Профессор Кәкен Қамзинді алаяқтар қалай алдады?

Алматыда белгілі профессор Кәкен Қамзин қартайған шағында баспанасынан айырылғалы отыр.
Оны белгісіз алаяқтар алдап, үйін сатқызып жіберген. Аталған іс бойынша, Jas Alash тілшісі профессордың өзіне хабарласып, оқиғаның қалай болғанын білді.
Алдымен өздерін «Энергосбыт» қызметкерлері ретінде таныстырған адамдар Қамзиннің жеке деректерін – мекен-жайы мен ЖСН-ін біліп алған. Артынша басқа біреулер Ұлттық қауіпсіздік комитетінің атын жамылып хабарласып, үйін тартып алғалы жатқан күмәнді топтар барын айтып, шұғыл түрде пәтерін сату қажеттігін алға тартқан.
«Өткенде үйде демалып жатқан. «Энергосбыттанмын» деп бір әйел қоңырау шалды. «Сіздердің электр есептегіштеріңізді ауыстырамыз, мәліметтеріңізді айтып жіберсеңіз» деді. Ойымда ештеңе жоқ, айттым. Оның ішінде ЖСН нөмірім де кетті. Содан кейін іле-шала Андрей Кирилов есімді азамат хабарласты. Ол «Ойбай, аға, ЖСН нөміріңізді айтып қойыпсыз, олар алаяқтар. Мен қаржылық бақылау агенттігінің қызметкерімін» деді. Содан кейін ҰҚК комитетіненмін деп Малкиев есімді азамат хабарласты. Ол да «сізге хабарласқан адамдар алаяқтар, біз оның бәрін зерттеп жатырмыз, базаны өзгертеміз, үйіңізді сатыңыз. Сосын оның ақшасын Ұлттық банкке салып қоямыз, ешқайда кетпейді. Сонда тұрады. Ақшаны курьер арқылы алып кетеміз» деді», - дейді профессор.
Кәкен Қамзин өзіне ізбе-із хабарласқан құзырлы органдардың сөзіне сенген. Сосын ҰҚК қызметкерлері «пәтерді нарықтық бағадан төмен бағаға қойыңыз, жылдам сатылсын» дегесін дәл солай пәтерін арзан бағаға сатқан.
«Үш бөлмелі пәтерім 31 млн теңге сатылды. Ақшасын ҰҚК қызметкерлері айтқандай келген Данияр есімді курьерге беріп жібердім. 813 нөмірлі ақ «Шевралье» маркалы көлігі болды. Олар «ақша келді» деп чек те жіберді. Мен чектің өтірік екенін де білмедім, себебі чек Ұлттық банктың кәдімгі чегі болатын. 4 шілде де ғана мұның бәрі жалған, алаяқтардың ісі екенін білдім. Себебі хабарласқандар бірден жоқ боп кетті. Тіпті өзіме «біз алаяқтармыз» деп жазып та жіберді», - дейді К. Қамзин.
Енді пәтерді алғандар «үйді тез арада босат» деп жатқан көрінеді. Алайда профессор «үйді босатпаймын!» деп бекініп отыр. Сотқа жүгінбекші. Пәтердің жаңа иелері «ТЖМ қызметкерлерін алып келеміз, шықпасаң, есікті бұзып кіреміз» деп айтқан. Оған дейін де полициямен бір рет келіп ескертіп кеткен. Қазіргі күнде профессордың үйін шәкірттері кезекпен күзетіп жатыр.
Аталған факт бойынша Алматы қаласы Әуезов аудандық полиция басқармасы Қылмыстық кодекстің тиісті бабымен тергеу амалдарын бастаған.