Үйсіз қалған тұрғындар енді не істейді?
Жетісу облысы Ескелді ауданы Абай, Ешкіөлмес, Қарабұлақ ауылдарындағы қатты нөсер мен тауда жиналған су салдарынан бірқатар тұрғын үй мен ғимарат зардап шеккен болатын.
Аудандық әкімдік тарапынан сараптама мен сметалық есептер жасалып, қорытындысы шықты. Соған сәйкес зардап шеккендерге көмек мақсатында облыстық бюджеттен 403,5 миллион теңге көлемінде қаражат бөлініп, 22 тұрғын үй сатып алуға 216,8 миллион теңге, 83 үйге ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 186,7 миллион теңге қарастырылып отыр.
Ескелді аудандық әкімдігі жобалық-сараптамалық және сметалық ұйыммен бірлесіп су басу салдарынан келтірілген залалды бағалау жұмыстары жүргізген соң, ауданның ауылдық елдімекендерінде 105 үй, соның ішінде Абай ауылында 11, Ешкіөлмес ауылында 28, Қарабұлақ ауылында 66 үй зардап шеккені анықталған болатын. Зардап шеккен үйлердің 22-сі бұзылады, 83-і ағымдағы және күрделі жөндеуден өтеді.
– Бүгінгі күні аудан әкімдігі 7 үй сатып алды, үйлері бүлінген тұрғындар осы сатып алынған үйлерге қоныстанып жатыр, қалған 15 үйді сатып алу рәсімдері жүргізілу үстінде. Сондай-ақ қалпына келтіру қажет деп тапқан 83 үйдің иесіне төлем жасалып жатыр. 21 қыркүйектегі мәліметке сәйкес, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін 76 үйдің иелеріне 173,1 миллион теңге төленді. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасып жатыр, – дейді Ескелді ауданы әкімдігінің аппараты.
Жаңа үйлеріне қоныстанып жатқан тұрғындармен де тілдестік. 61 жастағы зейнеткер Майра Мұсабаланова Қарабұлақтың орталығынан 1 бөлмелі пәтер алған.
– Сел жүрген кезде су үйімнің ішіне дейін кіріп кетті. Қарабұлақтың шеткі жағында, жекеменшік кішкентай ғана үйім бар еді. 2 жыл бұрын қоныстанған болатынмын. Су үйдің іргетасын, еденін, қабырғаларын зақымдады. Бірақ жиһаздарға ештеңе болмады. Электрониканы тоқтан ажыраттым да үйді құлыптап алып отырдым. Кейіннен комиссия келіп, үйімді апатты жағдайда деп таныды. Сосын арыз жазу керек деген соң көппен бірге жазып бердім. Арыз жазған соң бір аптадан кейін әкімдіктен хабарласып, кілтіңізді алып кетіңіз деді. Бұлай жедел болады деп күтпедім. Сөйтіп, Қарабұлақтың орталығынан 1 бөлмелі пәтер берді. 4-қабатта орналасқан. Іші өте жайлы. Көшіп алдым. Енді бір айда құжаттар рәсімделіп бітеді деп отырмыз, – деді Майра Мұсабаланова.
Ал көпбалалы ана Әнел Естімзанова 3 бөлмелі үй алған.
– Жақында ғана алған үйіміз еді. Су басып, үйіміз жарамсыз деп танылды. Оның үстіне жиһаздар мен электронды техникалар да жарамсыз болып қалды. Тоңазытқыш пен кір жуғыш мәшинеміз күйіп кетті. 5 баламен пәтер жалдап тұрып жатқан едік. Жазған арыздан бір нәтиже болар деп күтпедік те. Бірақ 3 бөлмелі пәтер алдық. Қуаныштымыз, – дейді ол.
Б. Мейірбек
Жетісу облысы