Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:09, 30 Мамыр 2023

Ұзартылған оқу жылы. Оқулықсыз оқушылар ертегі оқып жүр

None
None

Еліміздің білім саласында өзгерістердің көп болатыны соншалық кейде ұстаздар мен мектеп директорларының өзі шатасып, оқушылар да әрі-сәрі күй кешеді.

Өйткені саладағы шенділердің түрлі өзгеріс жасаудан, білім сапасын арттыруға «қолы тимейтін» болды.

Сондай бір өзгеріс дәл қазір болып жатыр. Өткен аптаның басында оқушылардан оқулықтарын жинап алған талай мектеп, апта соңында қайтадан кері таратып беруге мәжбүр болды. Өйткені жылдағы әдетпен еліміздің мектептері мамыр айының жиырмаларына оқушылардан оқулықтарын жинап алды. Жинап алмай қайтеді, мектеп бағдарламасына сай парақталып отыратын оқулық беттері толықтай оқытылып таусылған. Ал министрлік оқу жылын ұзартып тастады. Мұндай жағдайда балалар он күн бойына қалай оқиды? Алдын ала ойластырылмаған осы бір түйткіл бір аптадан бері оқушыны да, ұстаздарды да әуре-сарсаңға салып отыр.

Еліміздің бас мұғалімі Ғани Бейсембаев бұл мәселеге қатысты «Министрліктің тарапынан нақты стандарт бекітілген. Әр мектеп білім беру стандартын бұлжытпай орындауы тиіс. Мектеп басшылығы жақсы түсінетін белгілі бір ережелер, заңнамалық қағидалар да бар. Алдымен стандарттың қаншалықты бұзылғанын анықтауымыз керек», – деді.

Министр айтқан «нақты стандарт» қаншалықты жүзеге асып жатқанын көру үшін бірнеше мектепке бас сұғып көрдік. Алматы қаласының іргесіндегі №2 мектептің бастауыш сыныбы оқулықтарын 22 мамыр күні тапсырып тастаған. Ал жоғары сыныптар 24 мамыр тапсырыпты. Министрдің оқулықтарды мерзімінен бұрын жинаған мектеп директорларына 15 АЕК-тен 30 АЕК-ке дейін, яғни 51 750 теңгеден 103 500-теңгеге дейін айыппұл төлейтіні айтылған соң, 26 мамыр күні кейбір оқулықтар сыныптарға қайтадан таратыла бастаған. Сонда бұл шалалық қайдан кетіп жатыр? Оқу жылы алдын ала қашан бітетіні белгілі болған соң, мектептерге оқулықты жинап алмау қажет екені туралы ескерту айтылмаған ба? Әлде журналистер министрден сұрау салмаса, он күн бойына мектептер оқулықсыз отырар ма еді?! Ал ішіндегі мектеп бағдарламасы бітіп қалған оқулықтардан жалпы оқушыға немесе ұстаздарға пайда бар ма?! Бұл мәселе оқу жылының басында немесе оқу процесі кезінде неге ескеріліп, оқу бағдарламасы оқу жылына сай ұзартылмаған?!

Жалпы оқу бағдарламасын ұзарту арқылы министрлік білім сапасын арттыруды емес, ұстаздар сағатын түгелдеп, жалақысын көбейтуді ғана ойлаған секілді. Оған Оқу ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың үкімет ғимараты жанында айтқан мына сөзі дәлел:

«Бұл мәселе бойынша, бірінші кезекте, мамандар шешім қабылдауы керек. Өйткені біз бірден 25 мамырды қайтара алмаймыз. Бұл – нақты мемлекеттік стандарттың бағдарламасы. Оны бірден қалпына келтірсек, ол басқа да өзгерістерге әкеледі. Мәселен, 6 күндік оқу жоспарына және оқу сағаттарының қысқаруына алып келуі мүмкін. Сондықтан бұл мәселе жай ғана қайтара салатын дүние емес. Бастысы, дұрыс сараптамадан өтуі керек».

Алты күндіктен бұрын ұстаздардың сағатының қысқаратынын уайымдаған министр оқу процесін де сол жүйеге неге лайықтамаған?! Біздегі аты бар, нәтижесі жоқ өзгерістер осылай асығыс, шала жасалып жатады.

25 мамырдан кейін балалар қалай сабақ оқып жатқанын білу үшін Алматы қаласындағы бірнеше мектепке де бас сұқтық. Мұхтар Әуезов атындағы №128 жалпы орта білім беретін мектепте әдеттегі оқу күніндегідей қайнаған тіршілік жоқ. 25 мамыр сабақтың аяқталғанына үйреніп қалған оқушылардың түрлерінен білім алуға зауқы жоқ екенін жазбай тануға болады. Білім ордасының басшылығы оқушылардан кітаптарын жинап алмағанын жеткізді. Десе де мектептің алдында кездескен ата-аналар «балаларымыз оқулықты әлдеқашан тапсырып тастады, сабақ болмай жатыр» деді. Оқушылардан да сыр тартып көргенімізде кітаптарын тапсырып, тоқсандық бақылауларға дайындалып жатқанын жеткізді. 

Одан соң №93 мектепке де арнайы бардық. Алайда мектеп басшылығы директордың жиналысқа кеткенін айтып, есіктен ары қарай кіруімізге рұқсат етпеді. «Балалар оқып жатыр, барлығы бірқалыпты», деп қысқа қайырды. Бірақ кіргізбеуінің өзі көңілдегі күдікті еселей түсті. Қаланың тағы бірнеше мектебін аралап шықтық. Есік алдында кездескен бастауыш сынып оқушылары оқулықтарын тапсырып қойғанын, ал қазір үйден алып барған ертегі ктаптарына талдау жасап жатқанын айтса, енді бір мектептің оқушылары бос отырғанын жеткізді. Ал мектеп алдынан қарсы алған күзетшілер есіктен ары өткізбей қойды.

Әлеуметтік желіде де оқулықтардың алдын ала жинап алынғанын, ал оқушылар бос отырғанын айтып наразылық танытып жатқан ата-ана көп. Солардың бірі Мөлдір Кенжебай: «Оқу жылын созғанын қайтейік, балаларымыздың кітаптарын он күн алдын жинап алды. Құр салпақтап барып келу кімге керек? Уақыт өлтіру ғой… Сол созғанына қарай жақсылап сабақ оқып, соңына дейін білім беріп, оқулықтарды ең соңында жинап алса басқа әңгіме еді», десе, журналист Гүлмира Әбіқай: «Соңғы қоңырауды 7 күнге ұзартқаннан кім не ұтты? Экс-министр Аймағамбетов: «1,5 млн оқушы мен 150 мың мұғалім сенбі күні дем алады» дейді. Қазіргі министр Бейсембаев: «Оқулықтарды 31-мамырға жеткізбей жинап алған мұғалімдерді заңды жазалаймыз» деп жағадан алуда. Қызымнан сұрасам, «бүгін сабаққа барған жоқпын, ТЖБ мен БЖБ тапсырып тастадық», дейді. Маңғыстау мен Түркістандық оқырманым: «Мықты болса министр өзі барсын сабаққа маусымға дейін, далада +35 градус деп жазыпты», дейді.

25 мамыр өзіндік тарихи аты бар, соңғы қоңырау сөзімен үндес күн болатын. Осыны өшіруден кім не ұтты расында. Оқушылардың ештеңе ұтпағанын көріп отырмыз. Сонда сағаты жүрген ұстаздар ма ұтқан?! Айтпақшы, министр: «Әлемдік тәжірибеге назар аударсақ, ОЭСР елдерінде оқу жылы 40 аптаны құрайды. Осыған орай әлем оқушылары жазғы каникулда 77 күн ғана демалса, еліміздің оқушылары үшін 13 апта немесе 90 күн демалыс белгіленген», – деп те ақталып көрді. Бірақ оқу жылының ұзартылуына сай оқу процесін жоспарлай алмаған министрдің бұл сөзі көкейге онша қонбайды.

Тегтер: