Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:59, 02 Наурыз 2023

Үздік өнертапқыш балалар анықталды

None
None

Қазіргі ғасыр – техника ғасыры болғандықтан, заман ағымына орай техникаларды құрастырып, робототехника жасайтын балалардың саны да жыл санап көбейіп келеді.

Робототехникамен айналысатын балалардың өнерінің шыңдалуына мұғалімдер тарапынан да, тиісті министрлік тарапынан да елімізде айтарлықтай жағдай да жасалынуда. Атап айтсақ, биыл дүниежүзі бойынша Америка Құрама штатының Хьюстан қаласында Массачусетс жоғары оқу орнында робототехника бойынша үлкен халықаралық чемпионат өтеді. Осыған орай, биыл елімізде Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі мен «Ustem robotics» қорының қолдауымен еліміздің әр өңірінен және көршілес елдер Қырғызстан, Өзбекстаннан 1200 оқушы халықаралық чемпионатқа қатысу үшін сынға түскен болатын. Жарыс үш жас санатына орай, яғни 6-10 жас First lego league Explore, 10-16 жас First lego League Challenge, 12-18 жас аралығында First tech Challenge санаты бойынша өткізіліп, олардың арасынан 50 бала оза шығып, үлкен сайысқа жолдама алды. Бұл біз үшін үлкен жетістік болып отыр. Тек бұл ғана емес, бұдан бөлек, 9 команда Марокко, Австралия, Индия, АҚШ мемлекеттерінде биыл өтетін дүниежүзілік чемпионаттарға жолдама алып отыр.

Үш күнге созылған фестиваль қорытындысы бойынша жас First lego League Challenge санаты бойынша Алматыдағы РИФМ-нің AENTA тобы жеңімпаз атанса, Орал қаласының оқушылар сарайының HighTech командасы Гран при иеленіп, Америкада өтетін чемпионатқа жолдама алды. Сондай-ақ Шымкент қалалық Назарбаев зияткерлік мектебінің Clutch командасы І орын алып, жолдамаға ие болды. Бұдан бөлек, т.б өзге де өңірлерінен мектеп оқушылары қатысып, жақсы нәтижелерімен халықаралық чемпионатқа жолдама алып отыр.

Байқау туралы Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин «Астанада оқушылар арасында өткен робототехника бойынша Central Asia first Championship халықаралық чемпионаты өткізілді. Бәсекеде Қазақстанның және көрші елдерден келген қатысушы оқушылар өздерінің инновациялық жобаларын ұсынды. Кез келген жетістік шағын қадамдардан басталатыны анық. Сондықтан да бүгінгі жоба шағын масштабта өтсе де көпшіліктің көңілінен шықты. Жас таланттардың жобалары мені қатты қуантты. Сондай-ақ биылғы жылғы чемпионат энергия тақырыбына арналғандықтан, қатысушылар өз әзірлемелерін айрықша ықыластарымен таныстыра білді. Әрі бұл балалардың барлығы да жаңа технологияларды дамытып, елдің дамуына үлестерін қосатын болашақ ІТ мамандар мен инженерлер, ғалымдар. Техникалық білімді алуға ұмтылған жастар Қазақстанның өркендеуіне ықпал етеді деп ойлаймын. Себебі, біздің экономикамызда техникалық мамандар өте жеткіліксіз. Сол себептен, инженерлік көзқарас барлық жерде болуы керек.  Әрі оның арқасында келешекте инновациялық өнімдер пайда болады деп сенемін»,  дейді.

Жалпы болашақ жаңа буынды ІТ мен инженерия саласына бағыттау мемлекетке тың серпіліс әкелетіндігі сөзсіз. Әрі техника заманының дамуына орай, экономика мен инновацияға ерекше көңіл бөлу қазіргі таңда өте қажет. Жарыстан оза шапқан үздік робототехника чемпионатынан да жақсы жетістікпен оралуы үшін сәттілік тілейміз!

Тегтер: