Үздік ректор: Күрішбаев Түймебаевты басып озды
Польша республикасындағы WallStreetBets академиясы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің басқарма төрағасы – ректоры, ҚР ҰҒА президенті Ақылбек Күрішбаевты «2024 жылдың үздік ректоры» атағымен марапаттады.
Бұл хабар алдымен университеттің ресми интернет-ресурсында, артынша басқа сайттар мен әлеуметтік желідегі парақшаларда жарияланды. Онда «сүйінші» хабармен қоса марапат мүсіншесі мен жақтауға салынған сертификаттың суреті бар. Оларды WSB академиясының проректоры Рафал Рембилас табыстап, атақ А.Күрішбаевқа ғылым мен жоғары білімді дамытудағы үздік жетістіктері үшін берілгенін айтты...
Кездесуде Рембилас үздік ректорға екі елдің ғылыми қауымдастықтары арасындағы байланысты нығайтуға қосқан зор үлесі үшін де алғыс білдірді. Ал Күрішбаев поляктармен орнатылған ынтымақтастықтың маңызды тұстарына тоқталып, жоғары білім және ғылым саласында бірлесе атқарылған жұмыстарға риза екенін жеткізген. Соңында қос тарап өзара қарым-қатынасты тереңдету туралы меморандумға қол қойды. Меморандум министрдің де, халықтың да құлағы үйренген күнделікті жұмысқа айналғалы қашан. Бұл хабар ешкімді елеңдете қоймады. Ал «үздік ректор» деген атақ бірден назар аудартады. Польшалық университет мұндай аты жер жарған атақты неге сүйеніп берді, бұрын-соңды осы марапатты кімдер алды, Күрішбаев мырза қандай ісімен, нендей нәтижесімен оза шапты? Осы сынды сұрақтар көпшілікті қызықтырып қойғаны рас.
Әлеуметтік желілерде WSB академиясы Польшадағы ЖОО-лардың ішінде 34 орында тұрғаны айтылды. Әрине, бұл керемет көрсеткіш емес. Ал «Perspektywy 2023» рейтингі бойынша WSB академиясы Польшадағы нөмірі үшінші жекеменшік(!) университет көрінеді. Онда 7 түрлі докторлық, екі деңгейлі магистрлік білім беру бағдарламасы бар, Executive MBA және Master of Business Administration-мен біріккен оқыту ұйымдастырылған. Бірақ кез келген университетте айтуға келетін мұндай «бағдарлама, инновация, серіктестік» баршылық. Демек, академияның өзі мен деңгейі бізге олар берген атақтың салмағын дәл көрсетіп бере алмай тұр. Сондықтан бұл марапатты бұрын алған лауреаттарға үңіліп көрдік. Ең қызығы WSB-ның сайтында өткен жылдары кімнің «үздік ректор» атанғаны жарияланбаған. Тіпті мұндай атақтың, сайыстың бары туралы да мәлімет жоқ. Ал марапат мүсіншесінде «Еdukator 2024», яғни «Педагог 2024» деп жазылыпты. «Еdukator 2023-ті» Польшадағы қауіпсіздік туралы ғылым қоғамдастығының ғалымдары Анджея Глена мен Бернард Вишневский алған. Басқа лауреаттар болды ма, жоқ па, ол жағы белгісіз. Біз ҚазҰАЗУ-дың баспасөз қызметіне хабарластық.
«Мүсіншеде «Педагог 2024» деп тұрғаны рас. Ал «үздік ректор» атағы сертификатта жазылған. Бұл өзіндік талаптары бар байқау. Соңғы уақытта университетіміз жақсы нәтижелер көрсетіп келеді, халықаралық QS рейтингі бойынша Орта Азия бойынша 6-орында тұрмыз. Өз кезегінде бұл – үлкен жетістік. Осының бәрі ескерілген», – деп жауап берді университет өкілі.
Иә, аталған рейтингте Орта Азия бойынша қазақстандық университеттер алдыңғы орында тұр: ҚазҰУ, ЕҰУ, Сәтбаев университеті, ҚазҰПУ және А.Күрішбаев басқарып отырған ҚазҰАЗУ. Осы тұста елдің ішінде-ақ қаншама университеттен кенже тұрған «аграрканың» ректоры қалайша үздік ректор атанды деп тағы бір ойланасың. Мәселен, Qazaquni.kz ұлттық порталы ұйымдастырған рейтинг бойынша өткен жылдың үздік ректоры – атышулы Ж.Түймебаев. Әлеуметтік желілерде жүргізілген сауалнама мен дауыс берудің нәтижесі осындай-мыс. Ол осы қызметке келе салып, 2021 жылы да үздік атанған, марапатты мәжіліс депутаты Қазыбек Иса табыстап, құттықтағаны да есімізде.
Ал 2022 жылдың соңында қызметіне кіріскен Күрішбаев 2024 жылдың үздік ректоры... Бұл туралы ғалымдар, басқа да қоғам белсенділерді әртүрлі пікір айтып, жазба да жариялап жатты. Алайда ізінше өшіріп тастап отырды... Олардың бірнешеуіне хабарласып, сұрақ қойдық. Өз аты-жөнін көрсетпеуді сұраған мамандар ғылымға және осындай атақтарға қатысты толғаныстарын іркілмей, ақтарып салды. Сол пікірлерден түйгеніміз, жай ғана беріле салған салмағы жоқ атақты «жерден жеті қоян тапқандай» қуанып, жариялау қателік болған. Әрі істің мән-жайын, атақтың, оны берген университеттің деңгейімен бір танысып шықпай тұрып жарыса жариялаған БАҚ-тың да әрекеті ғалымдарды таңғалдырыпты.
«Әр академия, ассоциация, әр шетелдік университет өз атынан неше түрлі атақ бере алады. Оның шынайы кәсіби баға немесе «көңіл» екеніне қарамастан сондай нәрселерге құмармыз. Көбіне сайыстарға қатысу үшін арнайы жарна белгіленеді. Бюджеті бар ректорлар төлем жасап, тіркеліп жатады. Ал профессионализмге талап жоқ. Мәселен, ректор болу үшін де ғылыми атақ керек. Олар сол үшін ғалым секілді көрінгісі келеді. Логикаға салсақ, басшылық қызметке келген соң уақыттың тығыздығынан ректордың ғылыми жұмыстары азайып кетуі керек. Ал бізде, керісінше, анаған-мынаған атын қосып, университет мамандарының еңбегіне есімі бірге тіркеледі де, авторлығында бірнеше монографияда тұрады. Бірақ ғылыми орта кімнің ғалым, кімнің ғалым емес екенін ажырата алады. Негізінен, ғылыми дәреже деген – квалификацияны формалды, ресми түрде бекіту. Ал бізде мансап үшін, басқа үшін әупірімдеп жүріп атақ алу өрістеп барады. Бірақ ең мықты деген ғалымдарды алып қарасақ, көбінің медалі жоқ. Өйткені оның бәрін директорлар, ректорлар алып жатыр. Оған да үйрендік. Елімізде кәсіби, мықты мамандар бағаланбайды», – дейді ғалымдардың бірі.
Тағы бір маман мұндай моральдық көтермелеуге бейімдік, оған деген ұмтылыс дамушы елдерге тән құбылыс дейді. Расымен де, әлемде үздік университеттер рейтингі болғанымен, үздік ректорлар дегенді сирек естиміз. Ал ашық дереккөздердегі мәліметтерге қарап отырып, Нигерияның жыл сайын үздік ректорды марапаттауға құмар екенін байқауға болады. Әзербайжанда да мұндай үрдіс баршылық. Көрші Ресейде де профессорлық жиналыс арқылы лауреаттарды жыл сайын анықтап отырады. Неміс университеттерінің ассоциациясы да қалыс қалмайды екен. Ал польшалық университет ысқырығы жер жарып, «жылдың үздік ректорын» Қазақстанға әкеліп беріп отыр. Бір кездері ауыл шаруашылық министрі, сенат депутаты болған, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, ҚР ҰҒА президенті Күрішбаев болса бұл атағын ыңғайсыз болмасын деп қабыл алыпты.
«Бұл марапатты Польшадан Варшава академиясының проректоры арнайы алып келгесін, ыңғайсыз болар деп қабыл алдым. Менің түсінгенім мұны Польша академиясының сенаты маған КазАТУ-да, КазНАУИ-да менің және мен басқарып отырған ұжымдардың халықаралық жетістіктері үшін берген. Бұл асып бара жатқан, үздік ректорды анықтайтын марапат емес деп ойлаймын. Ал бұқаралық ақпарат құралдарының неге жарыса жариялағанын түсінбедім. Алғашында университеттің баспасөз қызметіне ескерту жасап, хабарды алғызып тастадым. Алайда олар менімен келіспей беріпті. Ұжымнның маған деген көңілі болар», – дейді А. Күрішбаев.
Біз одан аталған марапатты алу үшін қандай критерийлер болғанын және қандай да бір жарна төлеген, төлемегенін сұрадық. Ректор ешқандай төлем жасамағанын айтты. Ректордың өзі жай ғана сыйлық ретінде бағалайды, ал баспасөз қызметі бұл өзіндік талаптары бар БАЙҚАУ дейді. Бәрі ректордың көңілі үшін болар...
Баян Мұратбекқызы