Вакцина. Олар – жетістіктің құрбаны
Соңғы уақытта балалар арасында қызылша көбейіп кетті. Мұндай ақпарат пен әртүрлі статистикалар жиі айтылып жатса да қоғам тарапынан қорқыныш байқалмайды. Бәлкім, сарсаңға салған коронавирус пен әлемді жайлаған пандемиядан соң «12 мың адам қызылша жұқтырыпты» деген шыбын шаққан құрлы болмай қалған да шығар. Бірақ эпидемиологиялық ахуалдың бұлай күрт нашарлауы себептерге үңіліп, олармен жұмыс істеуді, қалыптасқан жағдайды шұғыл реттеуді қажет етеді. Әйтпесе, жұқпалы аурулардың әлемді қалай өзгерте алатынын ковид дәлелдеп берді.
Қазақстанда қызылшаның ушығуы сәуір-мамыр айларында басталды. Осы жылдың басынан бері республика бойынша 12 671 жағдай тіркелген, оның ішінде 10 мыңнан астамы 14 жасқа дейінгі балалар. Карантинге жабылған мекемелер де жоқ емес. Аурудың бұлай «табан асты» көбеюіне не себеп деп таңдануға болар еді. Бірақ бұл болжауға болатын жағдай. Себебі пандемия кезінде жоспарлы вакциналардың көбі өтіп кетті. Және екінші фактор – вакцинадан бас тартатын ата-аналардың қатары артты. Мұны мамандар да растап отыр. Осылайша, қызылшаның көбеюіне де вакцина алмау әсер еткен. Мәселен, биыл аталған ауруды жұқтырған балалардың 70 пайызы екпе алмағаны анықталды. Ішінара медициналық қарсы көрсетілімдері бар балалар мен егу жасына жетпегендер де кездеседі.
Енді аурудың таралуын тоқтатып, жағдайды тұрақтандыру үшін «Қызылшаға қарсы санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шаралар жүргізу туралы» шұғыл қаулы қабылданды. Айдың басында бекітілген құжат бойынша 6 қарашадан бастап 6-11 айлық балаларға қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы, желтоқсаннан бастап 2-4 жастағы балаларға қызылшаның егу мәртебесіне қарамастан, қосымша жаппай иммундауды жүргізу басталады. Демек, вакцинациялаудың жаңа науқаны келіп қалды. Негізі, ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес қызылшаға қарсы вакцинация баланың 12-15 айлығында және 6 жаста жүргізіледі. Ал енді осындай ағымдағы екпенің салынған, салынбағанын есепке алмастан, жаппай вакцинациялау енгізіліп отыр. Бұл қажетті медициналық шара екені түсінікті. Бірақ осыған дейін екпеден бас тартқандардың бұл жолы да келісе қоюы екіталай. Сонда вакцина алғандар қайталап алады, алмағандар тағы да алмайды. Аталған мәселе жөнінде эпидемиолог мамандардан сұрастырып көрдік. Алайда заң бойынша екпе алу әркімнің өз еркі болғандықтан, мәжбүрлеу мүмкін емес дейді олар. Демек, жалғыз амалы – халықтың вакцинация туралы сауатын арттыру. Бұл туралы Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы филиалының директоры Айнагүл Қуатбаева айтып берді.
«Вакцинация – қолымызда бар ең тиімді медициналық іс-шара, қауіптің алдын алатын озық инструмент. Әлбетте, әрбір мемлекет халқының санын көбейтуге, қоғамдық денсаулықты нығайтуға тырысады. Осы орайда елді вакцинациямен қамтамасыз ету арқылы алдағы жағдайды тұрақтандырып, аурулардың таралмауын қамтамасыз етуге болады. Бәрімізге белгілі, вирустық, паразиттік аурулардың әкелетін қасіреті көп. Сол себептен сақтық шаралары кезек күттірмейді. Дегенмен бізде міндетті екпе деген жоқ. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 85-бабына сәйкес ҚР аумағында тұрақты болатын жеке тұлғалар инфекциялық және паразиттік ауруларға қарсы міндетті профилактикалық екпелерді алуы керек. Ал кодекстің 77-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы азаматтары екпеге келісім беруге немесе одан бас тартуға құқылы.
Елде қалыптасқан ахуалға сай арнайы егу кестесі жасалады. Сол тізім бойынша азаматтар алуы тиіс жұқпаға қарсы 11 вакцина бар. Бұл тізімді иммунизацияға қатысты сұрақтарды қарайтын арнайы комиссия әзірлейді. Олар қалыптасқан жағдай мен қажеттіліктерді зерттеп, сараптап, тиісті ұсыныстарды енгізеді. Мәселен, 2005, 2015, 2019 жылдары бұрқетпе болғанда осындай ұсыныстар негізінде жаппай иммунизация жұмыстары жүргізілген. Яғни егу кестесі статикалық типте, қатқан қағида түрінде жасалмайды, қажеттілікке қарай әр кезде әрқалай өзгеріп отырады.
Оларға тоқталар болсақ, бұрындары, 2003 жылға дейін біздің перзентханаларда бала дүниеге келген алғашқы күндері 3 доза вакцина жасалатын. Олар: В гепатиті, полиомиелит, туберкулез. Ал қазір полиомиелиттің алғашқы дозасы салынбайды. Өйткені елде ондай эпидемиологиялық қауіп жоқ. Қазіргі таңда тек Пәкістан мен Ауғанстанда полиомиелиттің екі түрлі вирустық типі сақталған. Халық күнде Пәкістан мен Ауғанстанға барып жатқан жоқ. Сондықтан бұл жұқпа біздің циркуляциямыздан шығып кетті. Осылайша, кейбір екпелерді алып тастап, қажеттілерін қосып отырамыз. Ал В гепатиті парентералды, яғни қан арқылы, инструменттер арқылы жұғатын ауру болғандықтан, оған қарсы екпе нәресте дүниеге келген соң 12-24 сағат ішінде жедел салынады. Одан соң, бірінші күннен төртінші күнге дейін туберкулезге егіледі. Себебі қоршаған ортада туберкулез таяқшалары мол. Ал бала «стерильді» болып туады, яғни иммунитеті болмайды. Бірақ оны елеп-ескеретін ешкім жоқ. Дүниеге сәби келген соң үйден қонақ үзілмейді, шілдеханасы, бесікке салуы, қырқынан шығару, тағысын тағы. Есте сақтаған жөн, баланың айналасына адамдар көбейген сайын қауіп-қатер жоғарылайды. Сондықтан бала перзентханадан шықпай тұрып туберкулезге қарсы екпе егіледі. Айта кететін бір жаңалық, туберкулездің 6 жаста салынуы керек ревакцинациясын биылдан бастап алып тастадық. Себебі бірінші дозаның өзі нәтиже береді. Әрі бұл аурудың спецификалық емі бар болғандықтан, мұндай қадамнан қатты қорықпасақ та болады.
Одан соң, екі айлық кезеңде гексавакцинаның кезегі келеді. Оның құрамына көкжөтел, дифтерия, сіреспе, В гепатиті, полиомиелит, ХИБ инфекциясына қарсы екпе біріктірілген. Мұндай комбинацияланған вакциналар 2003 жылға дейін өте аз болды. Ал бүгінгі таңда медицина мен технологиялық мүмкіндіктер дамып, бір дозамен бірнеше аурудан сақтауға жол ашылып отыр. Салыстырсақ, жекелеген вакциналарға қарағанда гексавакцинаның құны қымбаттау, бірақ тиімділігі жоғары. Бір жағынан халық емдік мекемеге қайта-қайта сабылмайды, кезек күтпейді, кішкентай баланы әрі-бері тасу азаяды. Әрине, кейбір ата-аналар «балама ауыр болып кетеді» деп назын айтып жатады. Алайда бұл адам ағзасына есептеп жасалған доза. Ғалымдардың зерттеуінше, организм бір сәтте 78 мың антиген түсетін болса, оған 78 мың түрлі иммунитет түзуге қауқарлы. Демек, адамның резервтік мүмкіншілігі жоғары. Сол себептен алаңдайтын дәнеңе де жоқ. Келесі, екі айлық кезеңде тағы пневмокок вакцинасы бар. Одан кейін бала бір ай демалады да, үш айлығында пентавалентті вакцина, 12-15 айда қызылшаға қарсы екпе алады.
Кейбір вакциналар екі дозамен салынатынын айта кеткен жөн. Әр ай сайын сала береміз бе дейтін ата-аналар да көп. Ол дұрыс емес. Себебі екпенің бірінші немесе екінші дозасынан кейін түзілетін концентрация әртүрлі. Соған байланысты оның деңгейін қажетті уақытта, қажетті деңгейде ұстап тұру керек. Жалпы алғанда бала екі жасқа дейін үш дүркін егіледі, бұл вакцинациялық комплекс деп аталады. Төрт жаста салынатын ревакцинациялар бар. Артынша, балалар мектепке барғанда жаңа ортада бір-бірінен әртүрлі қоздырғыштарды жұқтырып, ауырып жатады. Сондықтан алты жаста қызамық, қызылша, паратит, дифтерия, сіреспе, көкжөтелге қарсы екпе қайтадан жасалады. Сонымен болды. Тек дифтерия мен сіреспеге қарсы 16 жастан бастап әр 10 жыл сайын егу қажеттілігі қалады. Негізгі егу кестесі осындай. Аталған кестеден тыс жоспарда сібір жарасы, туляремия, тұмау, В, А гепатитіне қарсы вакциналар бар. Алдағы уақытта коронавирусты да осы тізімге енгізу жоспарлануда. Бұл екпелер белгілі бір кәсіптік, аймақтық топтарға, ықтималдылық жоғары тәуекел топтарына жүргізіледі.
Жоғарыда айтып өткенімдей, бұл кесте мен жоспарлар елдегі қалыптасқан жағдайға қарап жасалады. Ал салынатын вакциналардың барлығы шетелден келеді. Оны кімнен, қалай алатынымыз тендер арқылы анықталады. Қауіпсіздік шараларына тоқталсақ, тапсырыс берер алдында міндетті фарм бақылау жүргізіледі. Алдымен, вакцинаны тіркемес бұрын толық мәлімет қамтылған досьені алып зерттейміз. ДДСҰ-ның сертификаты бар ма, арнайы регистрге тіркелген бе, ол да назарда. Одан бөлек біз өндіруші ел өзі тұтынбайтын вакцинаны сатып алмаймыз. Қосымша сұрақтар туындаса тікелей ДДСҰ-ға хат жолдап, сарапшы-маман сұратып, зерделейміз. Яғни қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бар жағдай жасалған.
Бірақ осының бәріне қарамастан вакцинадан бас тартатындар жылдан-жылға көбейіп жатыр. Осыдан 20-25 жыл бұрын мұндай тенденция жоқ еді. Екпе салдырмайтындар бірен-саран ғана болатын. Өйткені олар жұқпаның таралуын, аурудан шермиіп, азып-тозған балаларды, өлім-жітімнің көптігін көрген заман өкілдері еді. Кейіннен вакцинаның келуі, ауру мен қазаның азаюы оларға қуаныш әкелді. Ал қазіргі жаңа буын жұқпаны тек коронавирус кезінде сезінді. Басқа вирустар мен аурулардың зардабын көрмеген соң, қауіп бар деп ойламайды да. Сәйкесінше, қазір бәрі тыныш заман ғой, вакцина керек емес деген жаңсақ пікір қалыптастырып алған. Демек, біз өз жетістігіміздің құрбаны болып отырмыз. Алайда емдеу қашан да алдын алудан қымбат және қиын. Сондықтан әрдайым аурудың алдын алуға акцент қоюға тиіспіз».
Баян Мұратбекқызы