Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:50, 27 Мамыр 2024

Вандализммен қай ел қалай күреседі?

Вандализм
Фото: atk.mosreg.ru

Ел ішінде тарихи ескерткіштерге атын жазып кететін, қоғамдық орындарды бүлдіріп, біреудің мүлкін қиратып кететіндердің саны азаймай тұр.

Қайбір жылы Көбейтұз ерекше қалыпқа түсіп, жан-жақтан адамдар ағылған кезде біреулер көлдің ортасына дейін көлігімен кіріп кеткен еді. Тұзын қаптап әкеткендер де табылды. Сол секілді Маңғыстау облысында тарихи шатқалды бүлдірген адамның әрекеті қоғамда қызу талқыланғаны әлі есімізде.

Жұмбақтас секілді еліміздегі көрікті жерлерге бара қалсаңыз, шимай-шатпақ жазулардан көз сүрінеді. Қарапайым тұрғын үйлерде лифтілерді бүлдіріп, жол белгілері мен тақтайшаларды сындырып, аялдамаларды қиратып, қоқыс жәшіктерін төңкеріп кететіндер қаншама. Статистикаға сүйенсек, былтыр елімізде 5 мыңнан астам вандализм әрекеті тіркеліпті.

Тәртіпсіздікке тұсау салынады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда вандализмді қоғамның кеселі ретінде атады. Қоғамдық мүліктен бастап мыңжылдық мәдени мұраларға дейін бүлдіру әдетке айналғанына алаңдаушылық білдірді.

«Бурабайдағы Жұмбақтасты, Баянауылдағы Кемпіртасты қараңыздар. Ең жауһар жерлеріміздің сұлулығы шимайдың астында қалып жатыр. Үйдегі лифтіні, ауладағы ойын алаңын, көшедегі аялдаманы қиратудың қандай қисыны бар?! Мұның бәрі – барып тұрған тәртіпсіздік, мәдениетсіздік. Өркениетті елдің әрбір азаматы қоғам мүлкін өз мүлкіндей қорғауы керек» деген еді Тоқаев.

Сол секілді Мемлекет басшысы қалалық сенбілік кезінде де вандализммен батыл түрде күресу қажет екеніне назар аударды. Заң мен тәртіп үстемдігі бәріне қатысты екенін алға тартып, қатаң жазаланатынын жеткізді.

Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда айтқан сөзі жерде қалған жоқ. Осы аптада Мәжіліс вандализм үшін жазаны қатайтатын заң жобасын қабылдап, оны Сенаттың қарауына жіберді. Енді құжат қолданысқа енгізілгеннен бастап Қылмыстық кодекстегі «Вандализм» бабындағы жаза мерзімі ұлғаяды. Соған сәйкес 100 АЕК-тен 200 АЕК-ке дейін айыппұл салынады немесе сол мөлшерде түзету жұмыстарына жегіледі. Не 160 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту, не 50 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылған.

Бұдан бөлек, Қылмыстық кодекстің 434-бабындағы жекелеген бөліктерінде «Ұсақ бұзақылық» ғимараттарды, өзге де құрылысжайларды, тұрғын үй-жайларды, көпшілік пайдаланатын орындарды, көліктегі және өзге де қоғамдық орындардағы мүліктерді қорлағаны үшін де жаза мөлшері ұлғайды. Соған сәйкес, 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады, немесе 5 тәуліктен 20 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынады. Мұндай кесел әрекетін бір жыл ішінде қайталаған адамды 20 күннен бастап 30 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алу көзделген.

Сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 203-бабы «Ерекше құндылығы бар заттарды қасақана жою, әкету немесе бүлдіру» алдын ала сөз байласқан адамдар тобы, бірнеше рет жасаған адамдар тобы арнайы нормаларымен толықтырылды. «Ортақ пайдаланылатын орындарды ластау» бабы бойынша бұзушылықтар үшін жаза екі есеге ұлғайтылды. Саябақтарды, скверлерді ластағаны, оның ішінде белгіленбеген жерлерге коммуналдық қалдықтарды тастағаны үшін 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл көлемінде тағайындалады. Ал бір жыл ішінде тағы қайталаса, онда 20 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі қаражатын мемлекетке өтеуге тиіс.

 

Сингапур қалай қауіпсіз елге айналды?

Сонау 1965 жылы Сингапур тәуелсіздігін алған кезде елде түрлі қылмыс өршіп, жемқорлық жегі құрттай таралған еді. Оңтүстік-Шығыс Азияда орналасқана шаһар-мемлекет жарты ғасырдың ішінде әлемнің дамыған елдері қатарына қосылды. Оның үстіне, қылмыстың тамырына балта шапты деп айтуға толық негіз бар. Мәселен, бүгінде Сингапур әлемдегі ең қауіпсіз мекендер тізімінде көш бастап тұр. Қала төрткүл дүниеде ауыр қылмыс өте сирек жасалатын санаулы елдің қатарында. Сол секілді вандализм әрекеттері де сирек байқалады. Мұның себебі неде?

Мәселенің бәрі 1966 жылы қабылданған «Вандализм акті» заңына тікелей қатысты. Аталған құжатта қоғамдық мүлікті бүлдіргендерге, графитти салып, ойына келгенді жасайтын бұзақыларға 2 мың доллар көлемінде айыппұл белгілейді. Немесе үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырады. Кей жағдайда кінәліге дүре соғу жазасы тағайындалатыны тағы бар.

Заң парламент қабырғасында талқыланып жатқанда сол кездегі премьер-министр Ли Куан Ю құжатқа қолдау білдірген. Сингапур саясаткерінің пайымдауынша, айыппұл бұзақыны тоқтата алмайды. Тек түрмеге түсуден қорқып, дүре соғылуынан сескенген кезде қылмыстың саны азяды.

«Өкінішке қарай, біздің қоғам қолпаштау мен жазалауды ғана түсінеді. Біз екінші жолды таңдап отырмыз. Қылмыскерге айыппұл тұсау болмайды... Алайда өзіне дүре соғылатынын білген жағдайда екі ойланып барып әрекет жасайтыны сөзсіз», депті Ли Куан Ю заң жобасын талқылап жатқан кезде.

Сингапур басшылығы бұл мәселеге бей-жай қарамайтынын іс жүзінде талай мәрте көрсетті. Тіпті, қоғамдық орындарды бүлдірген шетелдіктерді де аяп қалған жоқ. Мысалы, ел билігі 1994 жылы 18 жастағы америкалық Майкл Фей есімді азаматты көшедегі автокөліктерге бояу шашып, қиратқаны үшін екі айға бас бостандығынан айырып, алты дүре соғу жазасын тағайындады.

Бұл іс мұхиттың арғы бетіне дейін жетіп, АҚШ қоғамында үлкен пікірталас туғызды. Тіпті, іске Ақ Үйдің сол кездегі басшысы Билл Клинтон араласып, сингапурлық әріптесінен Майкл Фейге рақымшылық етуді өтінген. Онг Тен Чеонг оның сөзін жерге тастаған жоқ, алайда дүре санын алтаудан төртеуге дейін ғана қысқартуға келісті.

Айта берсеңіз, мұндай мысалдар жетерлік. Осындай қатаң жазаның нәтижесінде Сингапур әлемдегі ең қауіпсіз елдің қатарына кіріп отыр. Қазіргі таңда шаһарда ауыр қылмыс өте сирек жасалады. Вандализм, біреудің мүлкін қасақана бүлдіру секілді бұзақылықтар сап тыйылған.

Ағылшындар тәртіп бұзғанға қырын қарайды

Англияда да қоғам мүлкін бүлдірген вандалдардың басынан сипамайды. Мысалы, осындай әрекеттің салдарынан келген шығын 5000 фунт стерлингке дейін болса, онда 2500 фунт айыппұл төлетеді. Немесе бір айға бас бостандығынан айырады. Ал егер шығынның көлемі 5000 фунттан асып кетсе, шығынның өтемін төлеуге мәжбүрлейді немесе алты айға түрмеге қамайды. Тарихи жәдігерлерді қорлағандарды 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруы мүмкін.

Мұхиттың арғы бетінде де вандализмге берілетін жаза өте қатаң. АҚШ-тың әр штатында дербес заңдары болатыны түсінікті ғой. Бірақ қай-қайсысын алып қарасаңыз да, салынатын айыппұл көлемі қомақты. Тіпті, бірнеше жылға түрмеге қамауы ықтимал. Мәселен, Калифорнияда шығын көлемі 400 доллардан асып кетсе, онда 5 мың доллар айыппұл арқалатып жібереді. Егер он мың доллардан асса, заң бұзған адам 50 мың доллар төлеуге мәжбүр болады. Немесе соған сәйкес мерзімге түрмеге қамалады. Кей жағдайда айыппұл да салынады, темір торға да отырғызылады. Қысқасы, америкалықтар қанша жерден еркін халықпыз деп мақтанғанымен, заң жүзінде вандализмге қатаң тосқауыл қойған.

Норвегияда да жаза жеңіл емес. Скандинав түбегіндегі елде вандализмді екіге бөліп қарастырған. Әрекетті ұсақ вандализмге жатқызу үшін одан келген шығын мөлшері, бұзақының мақсаты секілді ерекшеліктер қарастырылады. Бұл бап бойынша қомақты айыппұл салынады немесе 1 жылға дейін абақтыға отырғызуы мүмкін. Ал қоғамға қауіп төндірген жағдайда, мысалы вандализм әрекеті салдарынан адам өлімі болған жағдайда 21 жылға дейін бас бостандығынан айырады.

Желөкпелерді жапондар да жақтырмайды

Қоғамдық орындардағы мүліктерді қирату, граффити салу, тарихи жәдігерлерді ластау секілді әрекеттерге Жапонияда да қатаң жаза белгіленген. Егер желөкпенің әрекеті ұсақ бұзушылық ретінде танылса, оған 20 мың иен айыппұл салынады екен. Алда-жалда ғимараттың қирауына, адам өліміне әкеліп соқса, онда 5 жылға дейін темір торға қамайды. Ауыр бұзақылық ретінде танылған істе 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру және 300 мың иен айыппұл тағайындалады. Тарихи жәдігерлер, мәдени мұралар бүлінген жағдайда 5 жыл түрмеге отырғызады немесе миллион иена айыппұл төлеуге міндеттейді.

Оңтүстік Кореяда да вандалдар тайраңдап жүре алмайды. Әсіресе, елде граффити салатындарға берілетін жаза ауыр. Ғимаратқа не нысанға келтірген зияны үшін 7 миллион вон айыппұл және 3 жыл бас бостандығынан айыру тағайындалады. Бұған қоса, бөтен біреудің жеке аумағына кіргені үшін де 5 миллион вон төлеткізеді.

Қысқасы, төрткүл дүниеде қоғамдық дүниені бүлдірмесе тыныш жүре алмайтын желөкпелерге жаза әжептеуір ауыр. Яғни, Парламентіміз вандализмнің жолын кесу үшін айыппұлды ауырлатып жатса, бұл бастаманы ауадан алып жатқан жоқ. Әлемдік практикадағы қалыпты дүниені көріп, заңға өзгеріс енгізіп отыр.

Айша ЖАСҰЛАНҚЫЗЫ

Тегтер: