Варшавада дрон ісі бойынша екі беларусь азаматы қамауға алынды

Польша астанасы Варшавада үкімет ғимараттары мен Белведер президент сарайының үстінен ұшқан дронға қатысты екі Беларусь азаматы ұсталды. Бұл туралы Польша премьер-министрі Дональд Туск хабарлады.
Премьер-министрдің сөзінше, мемлекеттік қауіпсіздік қызметі дронды дер кезінде жойған. Оқиға Варшавадағы Паркова көшесінде, үкімет ғимараттары мен президент сарайының маңында тіркелген.
Қазіргі уақытта полиция оқиғаның себептерін тексеріп жатыр.
Польша ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Каролина Галецкая Interia порталына берген сұхбатында екі адамның ұсталғанын және дронға қатысты тергеу басталғанын растады.
Айта кетейік, кейінгі уақытта Ресей дрондарының Польша шекарасын бұзып өткені туралы мәліметтер таралып жатыр. Беларусь президенті Александр Лукашенко Польша мен Литва әуе кеңістігіне кірген дрондарға елінің қатысы жоқ екенін мәлімдеді.
Польшадағы жағдай
10 қыркүйекте Польша билігі ел аумағында 20-ға жуық дрондардың кіргенін хабарлады. Премьер-министр Дональд Туск олардың «ресейлік» болғанын мәлімдеді. Ал Беларусь қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Павел Муравейконың айтуынша, Минск алдын ала ескерту жасағандықтан, Польша жедел әрекет етіп, әуе күштерін көтерген.
Ресей Қорғаныс министрлігі болса, Польша аумағындағы нысандарға дрондармен соққы беру жоспарда болмағанын айтты.
15 қыркүйек кешінде Варшавадағы үкімет ғимараттарының үстінен тағы бір дрон ұшып өтті. Польша билігі оны жойғанын, ешқандай оқ атылмағанын хабарлады.
.