Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:20

Вашингтондағы кездесу: Украинадағы соғыс бойынша қандай келісімдер болды

Зеленский мен Трамп және ЕО басшылары
Фото: Anna Moneymaker / Getty Images

Еуропа лидерлері Украина мәселесіне қатысты Вашингтонда өткен Дональд Трамппен кездесудің нәтижесіне көңілді. АҚШ президенті саммит қорытындысы ретінде Путин мен Зеленский арасындағы келіссөздерді ұйымдастыру басталғанын мәлімдеді.

Трамптың сөзі

АҚШ президенті Дональд Трамп 18 тамыз, дүйсенбі күні Вашингтонда өткен саммитті «өте жемісті» деп бағалап, оның нәтижесінде Владимир Зеленский мен Владимир Путиннің келіссөзіне дайындық басталатынын айтты.

Еуропа басшылары мен Украина президенті де АҚШ-тың Киевке қауіпсіздік кепілдіктерін беруге дайын екеніне қанағаттанған.

Трамптың айтуынша, кепілдіктерді Еуропа елдері ұсынады, ал АҚШ оларды ұйымдастырып отырады. Ол өзінің Truth Social желісінде вице-президент Джеймс Ди Вэнс, мемлекеттік хатшы Марко Рубио және арнайы өкіл Стивен Уиткофф Путин мен Зеленскийдің кездесуін дайындайтынын хабарлады. Одан кейін Ресей және Украина басшыларымен бірге үшжақты келіссөз өтеді.

Мерцтің пікірі

Германия канцлері Фридрих Мерц саммиттің нәтижесі «күткеннен де жоғары» болғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Путин мен Зеленскийдің кездесуі алдағы екі апта ішінде өтуі керек.

Мерц саммиттің төрт негізгі нәтижесін атады:

  • АҚШ қауіпсіздік кепілдіктерін беруге дайын;

  • Бұл кепілдіктер Еуропамен бірлесіп ұйымдастырылады;

  • Украина мәселесінде трансатлантикалық ынтымақтастық күшейді;

  • Әзірге территориядан бас тарту мәселесі талқыланбады.

Канцлер Украина Донбастан бас тартса, бұл АҚШ-тың Флоридадан бас тартуымен тең болатынын атап өтті.

«Мұндай шешімді егемен мемлекет өз бетінше қабылдауы керек», – деді ол.

19 тамызда Украинаға қолдау білдіретін 30 елдің қатысуымен бейнеконференцияс өтеді. Сол күні ЕО Кеңесінің кезектен тыс отырысында Вашингтон саммитінің қорытындылары талқыланады.

100 млрд долларға қару-жарақ сатып алу және 50 млрд долларға дрон өндірісін дамыту

Ғinancial Times пен Reuters деректеріне сүйенсек, Украина АҚШ-пен 100 миллиард долларға қару-жарақ сатып алу туралы келіссөздерді бастауға дайын екенін мәлімдеді. Бұған қоса, 50 миллиард долларға дрон өндірісін дамыту жобасы ұсынылды. Бұл бастамалар еуропалық мемлекеттердің қаржылай қолдауымен жүзеге асуы мүмкін.

Мұндай ұсыныстың басты мақсаты – Украинаға ұзақ мерзімді әскери-саяси кепілдік беру және АҚШ-тың қорғаныс өнеркәсібін іске қосу. Сарапшылардың пікірінше, мұндай ауқымды жобалар тек соғысты аяқтау үшін ғана емес, болашақта Ресейдің жаңа агрессиясына жол бермеу үшін де қажет.

Зеленскийдің мәлімдемесі

Владимир Зеленский АҚШ-тың Украинаға қауіпсіздік кепілдіктерін беруге дайын екендігі туралы Трамптың сөзін «маңызды қадам» деп атады. Оның айтуынша, кепілдіктер он күн ішінде жасалуы тиіс. Киев бұл кепілдікке қаржылай көмек пен АҚШ-тан қару-жарақ сатып алу мүмкіндігін енгізуді қалайды.

Зеленский сондай-ақ Владимир Путинмен жеке кездесуге дайын екенін айтып, келіссөз жүргізу үшін атысты тоқтату талабын қоймайтынын мәлімдеді.

Сонымен қатар ол Ресеймен тұтқындар алмасуды ұйымдастыруға көмектесуге әзір екенін жеткізді. Бұл алмасуға әскери тұтқындардан бөлек бейбіт тұрғындар, журналистер мен саяси тұтқындар да кіреді.

«Территория мәселесіне» қатысты Зеленский бұл тақырыпты Путин және Трамппен өтетін үшжақты кездесуде талқылайтынын айтты.