Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:10

Ватиканда жаңа Рим Папасы Лев XIV-тің инаугурациясы өтті

Лев XIV
Фото: aa.com

 Ватиканда жаңа сайланған Рим Папасы Лев XIV-тің ресми сайлау рәсімі өтті. Инаугурацияға әлемнің түкпір-түкпірінен келген делегациялармен бірге 150 мыңға жуық адам жиналды.

Папалық билік символдары табысталды

Рәсім басталар алдында Лев XIV  Әулие Петр алаңын айналып өтіп, жиналған жұртпен амандасты. Кейін ол Әулие Петр базиликасындағы қасиетті қабір жанында месса – католик шіркеуіндегі қасиетті діни жоралғыны орындады.

Лев XIV
Фото: David Ramos / Getty Images

Инаугурация барысында жаңа Папаға дәстүрлі папалық билік нышандары: «балықшының жүзігі» және жүннен тоқылған, үстіне крест бейнелері тігілген паллий лентасы табысталды.

Папа әлемді бейбітшілікке үндеді

Рим Папасы өз сөзінде әлемді бейбітшілік пен бірлікке шақырып, қазіргі жаһандық экономикалық жүйенің табиғи ресурстарды сарқып, кедейлерді шеттететін әділетсіздігін сынға алды.

«Біз барлығымыз үшін ортақ Жер бетінде өмір сүріп отырмыз. Бұл планета – ашкөздіктің емес, әділеттің үйі болуы керек», – деді Лев XIV.

 Әлем көшбасшылары мен діни өкілдер қатысты

Инаугурацияға 150-ден астам мемлекет пен діни ұйым өкілдері қатысты. Олардың қатарында:

  • Украина президенті Владимир Зеленский,

  • АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс және мемлекеттік хатшы Марко Рубио,

  • Италия премьер-министрі Джорджа Мелони,

  • Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен,

  • Испания королі Филипп VI,

  • Бельгия королі Филипп және басқа да елдердің жетекшілері бар.

Рәсімнен кейін Лев XIV Украина президенті Владимир Зеленскиймен жеке кездесу өткізеді деп жоспарланған. Ертеңгі күні ол АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнспен кездеседі.

Зеленский мен Вэнс инаугурация аясында қол алысып, амандасты. Бұл – олардың ақпан айында Ақ үйде өткен даулы кездесуінен кейінгі алғашқы жүздесуі.

Жаңа Папа – Роберт Прево

Лев XIV есімін таңдаған жаңа Папа – америкалық кардинал Роберт Прево. Ол 2025 жылғы 8 мамырда Рим Папасы болып сайланған еді. Бұған дейінгі Папа – Франциск 21 сәуір күні 88 жасында қайтыс болды.