Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:22, 07 Мамыр 2025

Ватиканда жаңа Рим папасын сайлау үшін конклав басталды

1
Фото: из открытых источников

2025 жылғы 7 мамыр күні Ватиканда жаңа Рим папасын сайлау рәсімі – Конклав басталды. Дәстүрге сай, бұл шараға дейін Әулие Петр соборында салтанатты месса өткізілді. Одан кейін кардиналдар Сикстин капелласына жиналып, дауыс беруге кірісті.

Католик шіркеуінің тарихындағы 267-ші понтификті таңдау үшін бұл жолы рекордтық саны – 133 кардинал қатысып жатыр. Олар 70 елден келген. Айта кету керек, Рим папасын сайлау құқығына тек 80 жастан кіші кардиналдар ие. Алайда кеңес беру үдерісіне жасы үлкен дінбасылар да қатыса алады.

Әдетте, конклав үш күннен аспайды. Мәселен, 2013 жылғы Папа Францискті сайлау процесі екі-ақ күнге созылған еді.

Жаңа понтифик болуға басты үміткер ретінде Италиядан шыққан кардинал Пьетро Паролин қарастырылып отыр. Ол Папа Франциск тұсында Ватиканның Мемлекеттік хатшысы қызметін атқарған. Сонымен қатар, үміткерлер қатарында Ганадан келген Питер Терксон, Гвинеялық Роберт Сара, Болонья архиепископы Маттео Дзуппи және Иерусалимнің латын патриархы Пьербаттиста Пиццабалла бар.

7 мамыр күні тек бір ғана дауыс беру жоспарланған. Одан кейінгі күндері кардиналдар күніне төрт ретке дейін дауыс бере алады.

Жаңа Папаның сайланғаны Сикстин капелласынан шыққан ақ түтінмен және шіркеу қоңырауының үнімен хабарланады. Бұл түтін бюллетеньдердің калий хлоратын, лактоза және хлороформ шайыры қоспасында жағылуы арқылы пайда болады. Ал қара түтін — сайлаудың нәтиже бермегенін білдіреді, оған арнайы шайыр қосылады.

Айта кетейік, Папа Франциск 2013 жылдан бастап Католик шіркеуін басқарған болатын. Ол 2025 жылдың 21 сәуірінде 88 жасында дүниеден озды.

Тегтер: